Columbus 15℃
  • 520.5
  • 593.5
  • 6.29

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ: АҚПАРАТТЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТАДЫ

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ: АҚПАРАТТЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТАДЫ Alatau-Aqparat

Алматыда «Alatau-Aqparat» медиахолдингі мен Қырғыз ұлттық «Кабар» ақпараттық агенттігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл маңызды құжат қос елдің медиа кеңістігін жақындастырып, ақпараттық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді.

Салтанатты іс-шарада Қырғыз Республикасының Бас консулы Женишбек Асанкулов «Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың жетекшілігімен екіжақты байланыс барлық салада қарқын алып келеді. Бұл меморандум – бауырластықтың кезекті бір жарқын көрінісі. Алматы өңірі – Қырғыз елі үшін стратегиялық әрі рухани маңызы бар аймақ. Біз ақпарат саласындағы байланыстардың артатынына қуанамыз», – деді.

«Кабар» агенттігінің директоры Медербек Шерметалиев те бұл әріптестікті жоғары бағалап, болашақ бірлескен жобалар туралы пікір білдірді.

- Қазақстан Республикасының «Alatau Aqparat» медиахолдингі мен Қырғыз ұлттық «Кабар» агенттігі өзара ынтымақтастық туралы келісім жасады. Меніңше, бұл келісім екі жаққа да жемісті болады. Себебі біз Орталық Азия өңірдегі туысқан халықтармыз және ақпарат таратуда тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуіміз керек. Қазір өзара байланыс орнаттық, енді жұмысымыз нәтижелі болады деп үміттенеміз, – деді Медербек Шерметалиев.

«Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы «Ежелден еншісі бөлінбеген екі елдің БАҚ саласындағы байланысы өте маңызды. Жаһанданған дәуірде ең жақын бауыр әрі көрші елмен әсіресе, ақпарат саласындағы бірлік, түсіністік пен қолдауды арттыру заман талабы. Бір-бірімізден үйренетін әрі бір-бірімізге үйрететін дүниелер көп», – деді.

Меморандумда бірлескен медиа жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу, журналистерге арналған дөңгелек үстелдер, конференциялар мен оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру сынды бағыттар қамтылған.

Қонақтар медиахолдингтің подкаст студиясы мен музейін аралап, ұжымның жұмыс процесімен танысты.

  1937 жылы құрылған «Кабар» – Қырғызстандағы алғашқы әрі басты мемлекеттік ақпарат агенттігі. Бүгінде ол қырғыз, орыс, ағылшын, араб, түрік және қытай тілдерінде ақпарат таратады. Ол әлемнің жетекші ақпарат агенттіктерімен серіктестік орнатып, халықаралық ақпараттық кеңістікте белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Ал 2020 жылы құрылған «Alatau Aqparat» медиахолдингі – Алматы қаласындағы жетекші медиа құрылым. Оның құрамына 1936 жылдан шығып келе жатқан «Вечерний Алматы», 1988 жылдан шығып келе жатқан «Алматы Ақшамы» газеттері мен aqshamnews.kz, vecher.kz және alnews.kz ақпаратық ресурстары кіреді.

 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!