Алматының Жетісу ауданындағы М. Беспақов көшесінде жол мен инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары аяқталды, - деп хабарлайды alnews.
Жұмыс 2026 жылы маусымда Алматы әкімінің жеке қабылдауында қала тұрғындары көтерген мәселе бойынша жүргізілді.
Төрт жыл бойы сапалы жол төсемінің болмауы және су бұру жүйесіндегі мәселелер ондаған отбасыға қолайсыздық туғызған. Кездесу соңында қала басшысы жауапты қызметтерге инженерлік желілерді қалпына келтіріп, жолды ретке келтіруді тапсырды.
Жобаны іске асыруға мердігер ұйым – «ЭлектроРемонт» ЖШС-мен арадағы сот дауы кедергі келтірді. Сот шешімімен аталған ұйым мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушысы деп танылды. Демеушілік қаражат тартудың арқасында жұмыстарды жеделдетуге мүмкіндік туды.
Көшеде 345 метр магистральдық су бұру желісі қайта төселіп, қосымша үш кәріз құдығы орнатылды, 30-ға жуық тұрғын үйге абоненттік желі тартылды.
Инженерлік жұмыс аяқталғаннан кейін жолға орташа жөндеу жүргізіліп, асфальт төсемі толық қалпына келтірілді.
«Қаншама жыл күттік, ақыры сапалы жолға қол жеткіздік. Бұрын кәріз де, асфальт та болмаған. Қазір көшемізге қарасаң, көңілің қуанады. Өтінішімізді ескеріп, барлық жұмысты атқарып бергеніне өте қуаныштымыз», – деп жергілікті тұрғындар әсерін бөлісті.
Бүгінде жоспарланған жұмыстың барлығы аяқталды.