2025 жылы 7 сәуірде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындалған «Алматы қаласының Мемлекеттік архив құжаттарындағы сұрапыл соғыстың жаңғырығы» атты тақырыптық көрме өтті. Онда қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске, Отанды қорғауға және Қазақстанның соғыстан кейінгі дамуына қосқан үлесін көрсететін құжаттар қойылды.
Көрмеде Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің қорқұрушылары Ұлы Отан соғысының ардагерлері: Кеңес Одағының батыры, Сталинград шайқасының қатысушысы, гвардия полковнигі, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Сұрағанов Құдайберген Мағзұмуланың құжаттары; Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері Жила Федор Никитович, «Даңқ» орденінің толық Кавалері – Ибраим Қалдыбаев; Ленинградты қорғауға қатысқан, 3 дәрежелі «Даңқ» орденінің толық Кавалері Алексей Александрович Михайлов; Ұлы Отан соғысының ардагері, Сталинград шайқасының қатысушысы, қазақтың тұңғыш ұлттық мультфильмнің авторы, мәдениет қайраткері Қайдаров Әмен Әбжанұлы; Ұлы Отан соғысының ардагері, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерінің иегері Байсейітов Рымбек Смақұлы; Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған, суретші, альпинист, Қазақстанның биік таулы альпинизмнің негізін қалаушы, еңбек сіңірген спорт шебері Евгений Михайлович Колокольников; Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР халық әртісі, режиссер Кенжетаев Кәукен Кенжетайұлы; Ұлы Отан соғысының ардагері, миколог, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Ғалия Абдулхадиқызы Мұлағұлова; Республикалық радионың дикторы Марюхин Геннадий Петровичтің әкесі Ұлы Отан соғысының қатысушысы Петр Марюхиннің жазған хаттары ұсынылды.
Сондай-ақ көрмеде сталинградтық – алматылықтар: Гаврилова Клавдия Николаевна; Есеркепова Татьяна Агеевна; Румянцева София Аркадьевна; Каткова Антонина Кириловна; Погодина Фатима Беляловна; Маслова Валентина Александровна; Бударнова Екатерина Михайловна; Брагина Зинаида Титовнаның құжаттары, естеліктері, фотосуреттері мен жеке құжаттарының көшірмелері қойылған.
Бұл көрмеде 100-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасының қатысушылары: Ұлы Отан соғысының ардагері, кинорежиссер, актер, сценарист Мәжит Бегалиннің мұрағаттық құжаттары; Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызыл жұлдыз, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, «Москваны қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарының иегері, 100-атқыштар бригадасының дабылшысы Кереев Бекбосынның құжаттары назарға ұсынылды.
Көрмеге фашизмді жеңген Ұлы Жеңісте маңызды рөл атқарған қаһармандық тағдырлар мен маңызды тарихи сәттерді бейнелейтін жеке құжаттар, фотосуреттер, өмірбаяндық деректер, алғыс хаттар, майданнан келген хаттар қойылған.
Бұл көрме Ұлы Отан соғысы ардагерлерін еске алу мен құрметтеудің маңыздылығын атап өтіп, сондай-ақ болашақ ұрпақ үшін тарихи мұраны сақтауға арналған.