Columbus -3℃
  • 529.3
  • 551
  • 5.13

Модидің үшінші өкілетті кезеңі: Үнді-қытай қарым-қатынасының болашағы қалай болмақ?

Модидің үшінші өкілетті кезеңі: Үнді-қытай қарым-қатынасының болашағы қалай болмақ? Фото: Money Control

Жақында Үндістандағы жалпы сайлауда Нарендра Моди үшінші мерзімге жеңіске жетті. Алайда оның Бхаратия Джаната партиясы (BJP) парламенттегі басымдылығынан айырылып қалды. Бұл Модидің жаңа кезеңге сайланғанымен саяси мәртебесінің әлсірегенін түсіндіреді. Бұған дейін Моди ішкі саяси-экономикалық бастамалары арқылы Қытайды қуып жетуге күш салып келгені белгілі. Саяси мәртебесінің әлсіреуі оның қарқынды экономикалық, әлеуметтік және саяси бастамаларының жүзеге асуына кері әсер етуі мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Осы тұста Үндістан мен Қытай қарым-қатынасы алдағы уақытта қандай күйде болуы мүмкін деген сұрақты қарастыруға тура келеді. 

Ішкі саяси-экономикалық даму тұрғысынан: 

Модидің орнында қалуымен Жаңа Делидің Қытайға қаратқан саясаты өзгеріссіз қалары белгілі болды. Яғни, Азиядағы екі алып елдің қарым-қатынасы жақсара қоймайтынын алғашқы адымда болжауға болады. 

Моди үкіметінің негізгі көзқарастарының бірі - Үндістанды Қытаймен бәсекелесе алатын қуатты экономикаға айналдыру. Оның ішкі саяси басламаларында шетелдік инвестицияларды тарту, инфрақұрылымды жаңарту және қолайлы бизнес орта құру қатарлылар тұр.

Алайда, оның партиясы парламенттегі көпшілік дауысқа ие бола алмады. Демек, Моди өз одақтастарымен коалиция құруына тура келеді. Бұл Моди бастамаларындағы берілген уәделерді орындауына кедергі келтіруі мүмкін. Әсіресе сыртқы саясат, Қытаймен қарым-қатынастар бойынша мақсаттарына жете алмауы мүмкін деген болжамға бастайды. 

Жаңа үкіметтің сыртқы саясаттағы ұстанымдары дәл бұрынғыдай болмайтынын үндістандық саясаттанушылар да айтып жатыр. 

2014 жылдан бері Моди Үндістанды Қытаймен қатар жаһандық көшбасшылардың қатарына жеткізу үшін батыл сыртқы саясат пен пәрменді экономикалық саясатты ұстанып келді.  Дегенмен, сайлаудың нәтижелері Моди үкіметі үшін еңбек заңын реформалау сияқты негізгі мәселелерде қиындыққа тап болатынын көрсетті. Ал турасында бұл қадам икемді әрі серпінді еңбек нарығын құру үшін өте маңызды. Кәсіподақтар мен саяси бәсекелестердің қарсылығы Үндістанның Қытаймен бәсекелестігіне нұқсан келтіруі бек мүмкін. 

Үнді-қытай қарым-қатынасы тұрғысынан: 

Моди тұсында Үндістан мен Қытай қатынасы нашар күйде тұрды. Дегенмен, қайшылықтардың көбін қос тарап та бақылауда ұстап келді. Модидің билікте қалуымен екі ел байланысы әлі де осы күйін сақтап тұратынын көреміз. Бұны бір жағынан тұрақты түрде нашарлау деп түсінуге болады. 

 Моди Тайваньның жаңадан сайланған президентін әлеуметтік желі арқылы құттықтап, екіжақты байланысты дамытуға үміткер екенін білдіргені бар. Бұның өзі де алдағы уақыттағы Жаңа Дели мен Бейжің арасының салқын болатынынан дерек береді. 

Тарата айтсақ, бұл әрекет Үндістанның әлі де өзінің сенімді әрі қатал сыртқы саясатын ұстанатынын көрсетеді. Сонымен бірге, Қытайдың шекара мәселесінде қысымына көнбейтіні туралы сигнал жолдау деуге келеді. Былайша айтқанда Жаңа Дели Тайваньмен қарым-қатынас туралы сөз ете отырып Оңтүстік Шығыс Азиядағы өзінің ықпал ету аймақтарын Қытайдан батыл қорғайтынын көрсеткісі келгендей. 

Қытай Сыртқы істер министрлігі 5 маусымда Үндістандағы саяси жағдайға байланысты пікір білдірді. Онда Бейжің "жалпы жағдайды ескере отырып әрі болашаққа қарай отырып, екіжақты қарым-қатынастарды салауатты және тұрақты жолда алға жылжытуды" қалайтынын айтқан. 

 

 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!