Дархан Сатыбалды «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды

Алматы әкімдігінде қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Онда қаланың санитарлық жағдайы, жалпы қалалық сенбілікке дайындық және экологиялық айлықты өткізу барысы талқыланды, - деп хабарлайды alnews.

Қалалық экология және қоршаған орта басқармасы хабарлағандай, 11 қазан мен 11 қараша аралығында тазалық, абаттандыру және экологиялық мәдениетті арттыру бағытында 19 іс-шараны қамтитын жоспар бекітілді.

Айлық аясында «Жасыл мектеп» және «Жасыл аула» акциялары, көшені, арық желісін, аялдама мен жүргіншілер өткелін санитарлық тазалау, сондай-ақ экомәдениетке арналған интерактивті сабақтар өткізіледі.

11 қазанда Алматының барлық аудандарында жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылады. Оған 5 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланған. Қала бойынша 23 мекенжайда аумақтарды тазалау, ағаш пен бұта отырғызу және мәдени-танымдық іс-шаралар өтеді.

Сенбілік өтетін орындардың қатарында: Боралдай өзені бойындағы сквер (Алатау ауданы), Абылай хан даңғылы (Алмалы ауданы), Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысы (Жетісу ауданы), «Достық» саябағы (Бостандық ауданы), Есентай өзені (Медеу ауданы), «Тастыбұлақ» сквері (Наурызбай ауданы), «Жас қанат» шағынауданы (Түрксіб ауданы) бар.

Бұдан бөлек, қыркүйек айының соңынан бері 100 мың бұта отырғызу жұмысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта 10,5 мыңнан астам өсімдік егіліп, 15 мың отырғызу шұңқыры дайындалды. Жұмыс сегіз ауданның 13 учаскесін қамтиды.

Кеңес барысында жеке секторлармен ынтымақтастықтың жаңа бағыттары таныстырылды. Fabriqa жобасы аясында тоқыма қалдығын жинауға арналған 32 контейнер орнатылып, тәулігіне 1,5 тоннадан астам мата қалдығы шығарылады. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығымен бірлесіп, әйелдерді жұмыспен қамту және қайта өңделген материалдардан өнім жасау бағдарламасы іске асырылып жатыр.

Eco Network экохабының жетекшісі Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, Алматыда қалдықты бөлек жинау инфрақұрылымы дамып келеді. Қазірдің өзінде 560 тоннадан астам материал қайта өңдеуге жіберілген. Қалада 70 фандомат орнатылып, олар арқылы 176 мың пластик бөтелке мен 45 мың алюминий қалбыр жиналған.

Кеңес қорытындысында Дархан Сатыбалды экологиялық айлық шеңберіндегі барлық іс-шаралардың сапалы өтуін қамтамасыз етуді тапсырды. Әсіресе қоғамдық кеңістіктердің, арық желілерінің және аулалардың санитарлық жағдайына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Қала әкімі атап өткендей, «Таза Қазақстан» бағдарламасы – тазалық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған маңызды бастама.

Алдыңғы
В Алматы в комьюнити-центрах проходят диалоговые площадки для молодежи

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу