Columbus -3℃
  • 529.7
  • 551
  • 5.15

Ядролық жарыс: АҚШ ядролық арсеналын кеңейтуі мүмкін

Ядролық жарыс: АҚШ ядролық арсеналын кеңейтуі мүмкін Фото: european writers tour

Көптеген сарапшылардың болжағанындай, қазір әлем Қырғиқабақ соғысынан кейін ядролық соғыс қаупіне ең жақын тұр. Себебі, ядролық қаруды қысқарту бойынша ірі ядролық державалар арасындағы келісім бұзылды. Әрі ядролық қаруға ие державалар әлемдегі қақтығыс нүктелеріне араласып жатыр. Әсіресе Украинадағы соғыстан кейін әлем елдері ядролық соғыс қаупі туралы қайта ойлана бастағандай. 

Жақында Америка Құрама Штаттары өзінің ядролық арсеналын кеңейтуі мүмкін екенін мәлімдеді. Байден үкіметінің бұл қадамына Ресей мен Қытайдың ядролық стратегиясы себеп болғаны айтылуда. Вашингтон тарабы Бейжің мен Мәскеу өздерінің ядролық стратегияларын өзгертпеген жағдайда, оларға қарсы жауап ретінде өз ядролық мүмкіндіктерін арттыруға мәжбүр болатынын алға тартады. 

Қысқасын айтқанда АҚШ ядролық арсеналын модернизациялаудан кеңейтуге қарай дайындалып жатыр. Бұл туралы маусым айының бас шенінде АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің аға директоры Прани Варди мәлімдеген болатын.

Қазір Ресей мен АҚШ әлемдегі ең ірі ядролық арсеналға ие елдер саналады. 2026 жылы екі ел арасында уақытша ұзартылып келе жатқан "Ядролық қаруды бақылау туралы" келісімнің уақыты толады. Тараптарда қазіргі шиеленіс жағдайында бұл келісімді ұзарта ала ма, жоқ па деген салмақты сауал тұр. 

Прани Вардидің мәлімдемесінен кейін америкалық жоғары лауазымдылар елдің ядролық қуатын арттыруды шын мәнінде талқылай бастағаны мәлім болды. Осыған дейін Вашингтон Қытайдың ядролық арсеналын жылдам кеңейту әрекеттеріне алаңдаушылық білдірген еді. 

15 жыл бұрын, Барак Обама тұсында АҚШ ядролық қарусыз әлем бойынша өз бастамаларын көтеріп шыққан. Онда Құрама Штаттар өзінің ядролық арсеналдарын тек жаңартып, көлемін кеңейтпей сақтап тұратын болған. Бірақ, ол кезде АҚШ-тың стратегиялық бәсекелестері Ресей мен Қытайдың жағдайы мүлде басқа болатын. Мәскеу қымбатқа түсетін ядролық жарысқа құлықсыздық танытқан, ал Қытай болса 1964 жылғы алғашқы ядролық сынақтан бергі "ең төменгі ядролық тежеу" саясатын ұстанып тұрған.

Бақсақ, жағдай қазір мүлде басқа күйде. Егер Пентагонның алаңдаушылығы расқа айналса, онда енді 10 жыл шамасында Қытай өзінің ядролық қаруларын территориясынан тыс аумақтарға орналастыра бастауы мүмкін. Бұл дегеніміз Үнді және Тынық мұхит аймағы ядролық соғыс қаупіндегі аймаққа айналуы мүмкін дегенді көрсетеді. Ал Ресей соңғы жылдары ядролық қаруларды Жер орбитасының сыртына орналастыруға тырысып жатыр деген болжамдар бар. 

Ядролық соғыс қаупі, ядролық бәсекеден басталары анық. Өзінің стратегиялық қарсыластарынан ұтылып қалмас үшін державалар ядролық қарулардың қызу бәсекесіне кіріп кетсе, онда Қырғиқабақ соғыс жылдарындағыдай әлем ядролық соғыстің қатерінде өмір сүруі әбден мүмкін. 

 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!