Тарихи деректерге ден қойсақ, Корольдікте 1957 жылы әйелдерге көлік жүргізуге тыйым салынған. Мұндай шектеу қоғамда іштей болса да қарсылық тудырып отырды. Оның үстіне сыртқа, қалаға шығып, шаруаларымен айналысуы немесе балаларымен қыдырыстауы үшін көлік жүргізушісін жалдап, қосымша шығын шығаруларына тура келді.
- Бұрыңғыларын айтпағанда бергі 1990 жылдары әйелдерге көлік жүргізуге құқық беруді талап етушілер қозғалысы пайда болды. Олар түрлі наразылық акцияларын өткізді. Билік мұндай әрекетті қош көрмей қозғалыстың белсенділерін қамауға алып, сот үкімімен жазаға тартты. Сонда да мәселе жазылмаған жара, бітпеген дау секілді күн тәртібінде қала берді.
- Мұны королдік басшылығы сезбеді емес, сезді. Сондықтан болар, 2013 жылы сәл жеңілдік жасалынып әйелдер мен қыздарға қамқоршысының не күйеуінің бақылауымен мото және велокөліктерге мініп жүрулеріне рұқсат етілді.
- 2018 жылы әйелдердің көлік жүргізулеріне құқық беретін заңның мәтіні жарияланды. Тосын заңды талайлар мақұлдап, әсіресе әйелдер жағы қуана қабылдады.
Бір айта кететіні, халықаралық саяси сарапшылар мен талдаушы мамандар Сауд Арабиясындағы кейінгі кездегі мұндай бетбұрысты, радикалды реформалар мен өзгрістерді тақ мұрагері, премьер-министрдің орынбасары, қорғаныс министрі Мұхаммед ибн Салманның есімімен байланыстырады.
Естен шыға қоймаған шығар. 2016 жылдың сәуір айында іскер де белсенді, жаңашыл Мұхаммед ибн Салманның бастамасымен корольдіктің Министрлер кабинетінде елдің таяу жылдардағы экономикалық бағыт-бағдарын белгілеген: «Saudi Arabia’s Vision 2030» («Сауд Арабиясының келешегі 2030») бағдарламасын қабылданып, онда моральдық-әлеуметтік тақырыптағы, оның ішінде әйелдердің құқығына қатысты бірқатар мәселелер қамтылған болатын.
Дәлірек айтқанда, 2018 жылдан бастап әйелдерге жеңіл автокөліктер жүргізуге, қыздардың спорт түрлерімен айналысуына рұқсат етілді, концерттік залдар мен театр, кинотеатрлар жұмыс істей бастады делінген.
Мұның бәрін ханзада ислам дінін жаңа арнаға бұру емес, керісінше оны баяғы табиғи болмысына қайтару деп түсіндірген. Тіпті, сонау Мұхаммед пайғамбар ғалейксаламның тұсында музыкалық театрлар жұмыс істегенін, ерлер мен әйелдер емін-еркін араласып, басқа діндегілерге, христиандар мен еврейлерге құрметпен қарағанын, шектеу мен тыйым салулардың беріде 1979 жылдан басталғанын еске салған.
Әлдебіреулер әйелдерге көлік жүргізу құқығын беру жайын 2016 жылдың желтоқсанында ханзада әл-Валид ибн Талал әл-Сауд көтеріп, «рұқсат бермеу, тыйым салу өркениетке бет алған адамзат қоғамында адам құқығын сақтау ісіне қайшы болып келеді» деп еді»,- деседі. Ол сондай-ақ, «әйелдердің өздері көлік жүргізбей, жүргізушіні жалдауы отбасына қосымша шығын келтіретінен» айтқан дейді.
Орайы келіп тұрғанда айта кеткен жөн. Шындығында Саудияда әйелдердің құқығын ер адамдармен салыстырғанда анағұрлым шектеулі. Әрбір ересек әйелдің жанында қамқоршы ретінде туысы немесе күйеуі болуы керек. Жолға, саяхатқа шығу, кәсіпкерлікпен айналысу, университетте не колледжде оқу жөніндегі шешімді сол қабылдауы тиіс. Сондықтан да көпшілік орындарда заң тыйым салмаса да кейбір ұсақ-түйек мәселелер жөнінен билік өкілдері, полицейлер міндетті түрде әйелдің жанында жүрген ер адамның мақұлдауын сұрайды.
Керек десеңіз, әйел адам қамқоршысының немесе күйеуінің рұқсатынсыз дәрігерге көрініп, қарала алмайды. Сотта бір ер адамның куәлігі екі әйелдің куәлігіне жүреді. Шариғатқа сәйкес ер адамға көп әйел алуға рұқсат етілген. Әйелімен ажырасқысы келсе, сотқа жүгініп жатпайды. «Талақ» деп айтса жеткілікті. Керісінше әйелдің айырылысуы үшін күйеуінің ризалығы қажет. Әйтпесе күйеуінің күн көрсетпейтінін, не денсауллығына зиян келтіргенін сотта дәлелдеуі қажет. Сондықтан саудиялық әйелдердің өз бетінше ажырасуы қиын.
Қайтыс болған ер адамның мүлік мұрасы алдымен мұрагер ұлына сонан соң қалған бөлігі әйеліне беріледі. Суннит мұсылмандар қалауына қарай бақилық болған кісінің артында қалған дүние-мүліктің үштен бірін мұрагерге беруге құқылы. Өсиет қалдырылмаған дүние-мүлік мұрагерге жататын ер азаматтар арасында теңдей бөлінеді.
Әйелдер мен қыздардың көпшіліктің арасында емін-еркін жүруіне болмайды. Олар мейрамханаларда арнайы белгіленген орындарда отыра алады. Үстерінде бүкіл денесін жауып тұратын абайя көйлегі мен бастарында хиджаб болуы ләзім. Мұның бәрін діни полиция (мутава) бақылайды. Қыздар ерте жастан тұрмысқа шығатындықтан көпшілігі колледждер мен университеттерге түсіп оқи алмайды. Әйтсе де саудиялық әйелдердің 70 пайызы, ер адамдардың 85 пайызы сауатты.
Сөз жоқ, сауд әйелдерінің көпшілігі өздерінің құқықтарының ер адамдардікінен төмен болмауын қалайды. Соған қарамастан олар өз елдерінің салт-дәстүрлерін шет елдік сарапшылардың сынынан қызғыштай қорғайды. «Қалай дегенмен де Саудияның өзіндік ерекшелігі болуы керек» деп пайымдайды.
Бұрыңғы король Абдалла ибн Абдул-Азиздің (1924-2015) тұсында 2011 жылы сауд әйелдеріне муниципиалдық сайлауда дауыс беру және депутаттыққа түсу құқығын беріледі деп жарияланған. Соның өзінде «қамқоршының не күйеунің келісімі болуы керек» деп атап көрсетілген. Әрі сол жылы Саудияның спортшы қыздарына Олимпиадалық ойындарға қатысуға рұқсат етілді.
Базбір деректерге қарағанда өз мамандық кәсіптері бойынша биік дәреже мен жетістіктерге жеткен саудиялық әйелдер баршылық. Мысалы, АҚШ-тың Калифорния штатындағы медициналық зерттеу орталығын доктор Гада әл-Мутари ханым басқарады. Осы сияқты Эр-Риядтағы король Фейсал госпиталының офтальмология бөлімшесіне доктор Салва әл-Хаза ханым жетекшілік етеді.
2010 жылы Халықаралық гендерлік есепте әйелдердің теңдігі жөнінен Сауд Арабиясы әлемнің 134 елінің арасында 129 орынды иемденген. Құрама Штаттар саяси жағынан корольдіктің одақтасы бола тұра әйелдер құқығы Саудиядағы шешімін таба қоймаған ең өзектің мәселе деп есептейді. Және де сауд әйелдерінің саяси-әлеуметтік құқықтарға қол жеткізуін қалайды.
Болашақ король, ханзада Мұхаммед ибн Салман тек автокөлік жүргізу ғана емес, әйелдерге паранжасыз және хиджапсыз жүру еркін берді. Бұл ретте ол: «Шариғат заңында әйелдердің де ер адамдар сияқты әдемі әрі жарасымды киініп жүруі туралы айтылған. Бірақ та бұл олар қара абайя киіп, бастарын бүркемелеп жүруі тиіс дегенді білдірмейді. Өздеріне қандай киім үйлесімді таңдау өз еріктерінде болуы керек»,- деді.
Ал, Сауд Арабиясы жоғарғы діни ұйымы – улемдер кеңесінің мүшесі шейх Абдулла әл-Мутлак теледидар арқылы сөз сөйлеп: «Ислам елдерінде әйелдердің 90 пайызы абайя киіп, оранып, бүркеніп жүрмейді. Сондықтан біз де әйелдерді солай киініп жүруге міндеттеуге тиіс емеспіз»,- деген пікір білдірді.
«Көлге айдасаң, шөлге қашады» демекші, Саудия қоғамында әйелдерге қандай киім кию еркіндігінің берілуіне қарсылар да табылуда. Сондайлардың бірі Мешари Жамади: «Абайя – киімін кию салт-дәстүрі. Оның дінге ешбір қатысы жоқ»,- десе Кооше дейтін әйел: «Мейлі жүз пәтуа шығарсын, Алланың алдында ант етемін. Мен еш уақытта үстімнен абайяны шешпеймін. Ол үшін өмірім құрбан. Қыздар, ондай пәтуаға құлақ аспаңдар»,- деп қарсыласады.
Ендігі жерде сауд әйелдері күйеулеріне: «сен жүргізген автокөлікті біз де айдап жүрміз. Жалақымыз да бердей!» деп зіркілдемесе болғаны. Бірақ заңдары мен моралі исламдық құқық пен шариғатқа негізделген Сауд Королдігі оған жол бере қоймас.
Әшірбек АМАНГЕЛДІ