...Сонау 80-ші жылдары Мәскеуде оқып жүргенімде менің ауық-ауық Киров көшесіндегі Национал-книга дейтін кітап дүкеніне барып тұратын әдетім болды. Ондағы ойым кейінгі кезде Қазақстанда қандай жаңа кітаптардың басылып шықты екен, соны көру. Көңілге қонғандарын дереу сатып алу. Сөйтіп, елде болып жатқан рухани жаңалықтарды білгім келеді. Бұл бір жағынан туған елге, жерге қасиетті қазақ топырағына деген сағыныштың әсері де болуы мүмкін. Ол кездегі саясат, идеология бойынша «Мәскеу – еліміздің астанасы, Отанымыздың жүрегі!» деп қаншама санамызға құйып, иландыруға тырысқандарымен, ол орта бәрібір бізді бөтенсіп, өгейсіп тұратын. Табиғаттың ашық түс, қанық бояуларына, жазира, жазық далаға үйреніп қалған біздерді түнерген бұлттай Мәскеудің қатыңқы қабағы, биік-биік сұрқай үйлері жалықтырып та жіберетін. Сондықтан да кейде демалыс күндері қаланың сыртына шығып, алыс көкжиекке көз жүгіртіп, бір ауық кең тыныстап қалғандай болатынбыз
Бір жолы барғанда әлгі дүкеннен Абайдың Қара сөздерінің орысша аудармасын «Слова назиданияны» кезіктірдім. Қателеспесем, кітап «Советский писатель» баспасынан Сәтімжан Санбаевтың аудармасымен шыққан болуы керек. Дереу сатып ала қойдым. Әрине, Қара сөздердің қазақша нұсқасы өзімде бар. Дегенмен, екінің бірінің тісі бата бермейтін кеңмеңгердің халқымыздың өмір сүру кредосына, тұрмыс-тіршілігіне қатысты философиялық пайымдауларын аудармашы орысшаға қалай аударды екен, деген ой келді.
Менің білуімше бұған дейін Абайдың «Қара сөздерін» ақынның туғанына 100 толуына орай 1945 жылы мәскеулік жазушы, әрі әдебиетші Виктор Шкловский ғана аударған. Ол аудармасы 1954 және 1979 жылдары қайта басылған. Оған кейбір әдебиетші ғалымдар және қаламгерлері көңіл толмайтындар пікірлер білдіріп жүрген. Расында да философ ақынның кейбір ой мен сөз иірімдерін басқа тілге аударуға екінің бірінің өресі жете бермейтіні анық. Сөйтіп, сырт көзге онша байқала қоймайтындай етіп, газетпен тыстап, қолтығыма қысып, қолым қалт еткенде оқып жүрдім.
Бір күні әлгі кітапты өзіммен бірге оқитын Анатолий Зеков дейтін белорусь жігітінің байқап қалмасы бар ма? (Бүгінде ол еліне танымал ақын) Содан жата кеп жабыссын. «Абайдың кітабы болса, оқуға тұрады. Бер оқып шығайын?» дейді. Менің оған кітапты бергім жоқ. Басқа шығармалары, өлеңдері болса бір сәрі. Ал, қара сөздерінде Абайдың қазақты бойындағы кемшілігі мен мінін айтып, оңдырмай сынайды. Басқасын айтпағанда мына бір сөздерін еске түсіріп көрейікші.
Мысалы, Жиырма төртінші қара сөзінде былай дейді: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды.
Бір-бірімізді аңдып, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз...
...Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бір-бірімізді аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма?»
Мұны Сәтімжан Санбаев былай аударған: «У казахов свои представления о дружбе и вражде; они по-своему стремятся к богатству, достижению искусства и овладению ремеслами изнаниями, у них отличны от других народов понятия о гордости и силе. Отличаются они и тем, что не спуская глаз, выслеживают друг друга, не смикая, глаз соперничают между собой, обкрадывают самих себя...
Неужели нам суждено вечно быть на ножах друг с другом? Быть посмешищем вглазах всего остального мира? Или, может быть, наступят дни, когда среди казахов, наконец, исчезнут воровство, ложь, сплетни и распрпи, и они возвысятся, вступив на благородный путь постижения искусства и усвоения ремесел других народов, научившись разнообразным т честным способам накопления добра?»
Ал, бұған дейін Оныншы қара сөзінде: «Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпенен айырылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа еш нәрсе бойында қалмайды.
Барында баймын деп мақтанады. Жоғында «маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады. Кедей болған соң тағы да қайыршылыққа түседі»,- деп түйреп өтеді.
Аудармашы бұл жолдарды: «Но я не встречал еще человека, который, разбогатев неправедным путем, нашел бы достойное применение своему состоянию. Бесталанно изобилие, достигнутое подлыми способами, оно оставляет за собой лишь муки , горечь и злобу.
Я знал богачей, хваставших тугой мошной, потом встречал их несостоятельными. Они забыли былого довольства, но и не стыдились с протянутой рукой», деп аударған.
Тіпті, Қырық бірінші қара сөзінде: «Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен, не жерлеп, не сырлап айтқанменен еш нәрсеге көндіру мүмкін емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас қалған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбыңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықсыз нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап тұрады» дейді.
Бұл былай орысшаланған: «А словами казаха не возмешь: советами не выправишь, угрозами не испугаешь, упреками не устыдишь. Не имея возможности познать смысл жизни, он остался невеждой, что противоречит назначению человека. И это невежество, доставшееся ему в наследство от отцов, вместе с материнским молоком вошло ему в кровь и плоть и убило в нем человечность. И не думают теперь степняки, что есть на свете вещи более интересные, чем глупый смех, беспрестаннное шушуканье, споры и грызня. Если и приходит им в голову такая мысль, она долго не задерживается. Задержалась бы, если бы человек на минуту остановился, чтобы выслушать дельный совет. Но если он и остановится, то будет слушать тебя вполуха: глаза бегают по сторонам, а мысли витают на небе.
Бұдан басқа да қазақты сынап, мінейтін жерлері жетерлік.
Біздің сырымызды, мұңымызды, қазақтың табиғаты мен болмыс-бітімін білмейтін, бізбен бұрын етене араласып көрмеген сыралғы емес, сырт адам бұл сөздерді тосыннан оқып көргенде біз туралы не ойлайды?
Міне, осыларды ойлап менің Абайдың Қара сөздерін беларусь досқа бергім келмеді. Маңдайым шып-шып терлеп, үнсіз тұрып қалдым. Ананың ойында ештеңе жоқ. «Екі-үш күнде оқып, тез қайтып беремін»,- дейді. Жақсы сыйлас болған соң, көңілін қимай кітапты амалсыз қолына ұстаттым. Сонан соң екі-үш күн бойым дегбірім қашып, мазасызданып жүрдім. Ішім алай-дүлей. «Апырмай-а, әлгі бізді оңдырмай сынайтын тұстарын оқығанда, қазақ туралы не ойлайды екен?» - деп қоямын.
Айтқанындай-ақ, Анатолий екі күнен кейін кітапты қайтарып берді. Байқаймын өңінде қандайда бір өзгеріс, теріс көзқарас байқалмайды. Керісінше қайтарып тұрып, қолымды қысып:
- Әй, достым, сендердің Абайларың шынында да ұлы, көреген, данышпан адам екен! – деді, ерекше бір тебіреніспен.
- Қалайша? – деппін сасқанымнан.
- Өйткені, сондай көреген, кемеңгер адамдар ғана әркез турашыл, шыншыл, ақиқатшыл болып келеді. Олар халқының, елінің келешегіне алаңдайды. Сондықтан да қандастарының бойындағы бар кемшілікті, қателікті, жамандықты жасырмай айтады. Халқым, елім сондай кемшіліктерден арылса, түзелсе екен деп армандайды. Ал, бойындағы мінін, кем-кетігін, жамандығын жасырған халық алысқа бармайды, тоқырайды. Түбі құриды...
- Сен білесің бе? – деді ол әңгімесін жалғап, - орыстың Петр Чаадаев (1794-1856) деген философ жазушысы болған. Ол Ресейді және орыс қоғамын аяусыз сынағаны үшін Патша өкіметі оны «ақылынан алжасқан» деп шығармаларын басуға тыйым салған. Оның Ресейдің болмысы туралы: тусклое и мрачное существование, лишённое силы и энергии, которое ничто не оживляло, кроме злодеяний, ничто не смягчало, кроме рабства. Ни пленительных воспоминаний, ни грациозных образов в памяти народа, ни мощных поучений в его предании… Мы живём одним настоящим, в самых тесных его пределах, без прошедшего и будущего, среди мёртвого застоя», - деп жазғаны бар. Мұны Чаадаев орыс халқын жек көргендіктен жазбаған. Қайта осындай кемшіліктен арылса деп армандаған.
- Осы сияқты Англияны екі рет 1940-45, 1951-55 жылдары басқарған атақты Уинстон Черчилльді білетін шығарың? Сол Черчилль күн сайын: «жұрт маған қандай сын айтып жатыр?» деп газеттерді қарап отырған. Егерде өзінің атына сын айтылмаса: «Неге бұлай? Бұл үлкен дауылдың алдындағы үнсіздік пен тыныштық емес пе?» деп мазасы кетеді екен. Отандастарының өзін үнемі сынап, кемшілігін айтып отыруы қызметін дұрыс атқаруына, жұмысын жақсартуына көмектеседі, қамшылау болады деп түсінген.
- Өзі осылай ықылас-пейіл танытып тұрған соң мен оған Абай туралы кеңірек әңгімелеп, оның қазақшаға Гете, Шиллер, Байрон, Пушкин мен Лермонтов өлеңдерін аударғанын, Аристотель, Сократ, Спинозаның еңбектерімен таныс болғанын, Абайдың тек ақын ғана емес, ұлы ойшыл-философ, ағартушы және қоғам қайраткері болғанын айтып бердім. Сондықтан да Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясына ұлы ақынның өмірі мен қызметі арқау болған дедім.
- Сөздің реті келіп тұрған соң Семей өңіріне, Шыңғыстауға саяхаттап келген ағылшын журналисті Джон Кенанмен әңгіме үстінде Абайдың одан «индукция мен дедукцияның» мәнін түсіндіріп беруін өтінгенде шетелдік қонақтың «сахара қазағы бұл терминдерді қайдан біледі?» деп, аузын ашып таң қалғанын айттым.
Данышпан ақынды сөз етеміз деп Анатолий екеуміз біраз жерге барып қалыппыз. Бір жақсысы біздің танымымыз бен көңіл сарайымыз біршама кеңейіп қалды.
– Абайдың бір өлеңін оқышы? – деді ол. Мен:
– Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап,- деп заулата жөнелдім. Тілімнің жеткенінше мазмұнын айтып, мағынасын түсіндірдім. Артынан оның
Пусть будет хладен ум твой, словно лёд,
Пусть сердце теплотой к себе влечёт,
Будь сдержан, терпелив на всякий случай.
Иначе над тобой зло верх возьмёт, - деп келетін орысша аудармасын тауып алып, оқып бердім.
– Орысша аудармалары болса Абай өлеңдерін, «Абай жолын» бір оқып шығу керек екен,- деді беларусь дос. – Бәлкім шамам жетсе өз тілімізге беларусьшаға аударып көрермін.
Осы әңгімеден кейін біз Анатолий Зеков екеуміз бұрыңғыдан да жақын әрі сырлас болып кеттік. Бізді жақындастырған Абайдың рухы, Абайдың тағылымы еді.
Әшірбек АМАНГЕЛДІ