Columbus 31℃
  • 476.5
  • 515.5
  • 5.41

Саяси реформа жүргізудегі басты талап бір орында тұрмау

Саяси реформа жүргізудегі басты талап бір орында тұрмау Ғаламтордан алынды

Қатардағы қарапайым азаматқа мемлекетте ешнәрсе өзгермеген сияқты көрінеді. Алайда көп салада өзгеріс болып жатыр. Ия, біз қалағандай жылдам емес. Бірақ бір орында тұрған жоқпыз. Әсіресе саяси жүйеде демократияландыруға бет бұрылған. Ендеше, "саясатта қандай өзгеріс болды?", - деген сұраққа жауап беріп көрейік. 

Суперпрезиденттіктен бас тарттық

Шексіз билік берген игіліктен кім бас тартқысы келеді? Мемлекет пайда болғалы бері адам билікке ұмтылады. Саяси амбицияда шек жоқ сияқты көрінеді. Алайда еуропа құрлығында қайта өрлеу дәуірінен бері демократиялық процесс басталып, саяси амбицияны шектейтін механизмдер енгізіле бастады. Джон Локк, Шарл Луи Монтескье сынды ойшылдар билік тармақтарға бөлінуі керек деп есептеді. Заманынан оза шыққан Алексис де Токвиль XIX ғасырдың басында "әлемде ерте ме, кеш пе бәрібір демократия орнайды", - деп болжады. Оның сөзінше қолында билігі барлар мен сол билікті иемденуге ұмтылушылар арасындағы талас демократияға жол ашып береді. Шынында да, көреген сөздер. 

Елімізде де Алексис де Токвильдің сценарийі бойынша саяси өзгерістерге, демократияландыру процесіне жол ашылды. Билікке таластан туындаған "қасіретті қаңтар" оқиғасы демократияландыру процесіне жаңа серпін берді. Мұның басты жетістігі суперпрезиденттік режимнен бас тарту екені сөзсіз.

2022 жылы республикалық референдум өтіп, Конституциялық реформа жүзеге асты. Референдум мынадай өзгеріс әкелді:

           Бірінші, Конституциядағы тұңғыш президент өкілеттіктері алынды. Тұңғыш президентке қатысты қолданылатын шексіз сайлану құқығы алынды. Оның өкілеттіктері Конституция мен конституциялық заңдармен айқындалады деген пункт алынып "Елбасы" статусы жойылды. 

           Екінші бір адам бір рет қана 7 жыл мерзімге президенттікке сайлана алатыны туралы норма енгізілді. Бұл қазір және болашақта суперпрезиденттік режимге ешкім өтпеуі үшін жасалған шектеу. 

           Үшінші, Президент, жергілікті атқарушы орган басшылары, күштік құрылымдарға өз өкілеттіктерін атқару кезінде партия қатарында болуға шектеу қойылды. Кеңес үкіметі кезіндегі партиялық номенкулатураның ықпалды болғаны бәрімізге мәлім. Тәуелсіздік алғаннан кейін де партия өзгергенімен сол ықпал сақталды. Енді қоғамның талабына сай өзгерту қажет болды. Заң өзгергеніне қарамастан 2023 жылы Парламент мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы аманаттықтарға халықтың басым көпшілігінің сенетінін көрсетті. Ия, алдыңғы сайлаулардағыдай жоғары көрсеткіш болмаса да, шынайы жағдайды көрсетті. Демек билеуші партия саяси бәсекеге дайын деген сөз.   

          Төртінші, 1995 жылы жойылған Конституциялық сот қалпына келтірілді. Бұл өте маңызды қадам. Себебі азаматтар өздерінің құқығы бұзылған кезде ең алдымен сотқа жүгінеді. Осылайша сот жүйесінің саясилануына шектеу қойылады. 

Бұдан бөлек, бірмандатты сайлау жүйесі қайтарылды. Азаматтардың талаптары мен тілектерін билікке ашық жеткізу мақсатында бейбіт жиындарды өткізу жеңілдетілді. Қазір экономикалық мақсат алға шыққанымен саяси реформалар жалғаса бермек. Әкімдерді сайлау процесі басталып та кетті. Бұл процесс тоқтамайды. Себебі билікте саяси жігер бар, оның үстіне қоғамның саяси санасы өзгерді. Жаңа буын өсіп келеді. Олар ескі ойын ережелерін қабылдамайды. 

Контр-элитаның қарсылығы

"Саяси реформалар соңғы екі жылда ғана басталды", - деген пікір қалыптасқан қоғамның кейбір бөлігінде. Ия, соңғы жылдары жаңа серпін берілді. Алайды реформа жасауға 2019 жылы бел буған Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл жалаң сөз емес. Нақты фактіге негізделген қорытынды. Ол үшін президенттің 2019 жылғы халыққа жолдауын оқыса көзіміз жетеді. 

Президенттік қызметке енді кіріскен кездегі жолдауда мынадай саяси өзгерістерді ұсынған:

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын өміршең ету. Президенттік өкілеттіктердің біразын Парламентке беріп, Президент Әкімшілігін Үкіметтің жұмысына шектен тыс араласуына шектеу қойылды. 

Партия құрылысы үдерісін жалғастыру. Тұңғыш рет өзін оппозициялық партиямын деп есептейтін ЖСДП Мәжіліске енді. 

Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру. Алдын рұқсат сұрау керек еді, қазір хабарлау жеткілікті. 

Рас, өзгерістерге 2022 жылы жаңа серпін берілді. Ештен кеш жақсы. Реформаның баяу жүруіне контр-элитаның ескі жүйені сақтап қалу әрекеттері әсер етті. Бұл туралы Мемлекет басшысы биыл 3 қаңтарда "Egemen Qazaqstan"-ға берген сұхбатында атап өтті. Онда осы өзгерістерді ықпалды адамдар өздерінің "ерекше мәртебесіне" төнген қауіп ретінде қабылдағанын айтқан Президент. Қарсылықтың кесірінен "қасіретті қаңтар" оқиғасы орын алды.

Қорыта айтқанда, билікке келген қай адам болсын, уақытында өзінен кейін буынға жағдай жасау керектігін ұмытпауы тиіс. 

 

 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!