Almaty 4℃
  • 526.1
  • 556.5
  • 5.15

ШЫҰ САММИТІ: Ұйым мүшелері әлемге жаңа шақыру тастамақ

ШЫҰ САММИТІ: Ұйым мүшелері әлемге жаңа шақыру тастамақ ШЫҰ-ның Астана саммиті. Фото: ШЫҰ ресми сайты

3-4 шілде күндері Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшылары Астанада бас қосады. Бұл ШЫҰ басшылар кеңесінің 24-ші жиналысы. Ұйым соңғы 10 жылдықта қарқынды дамыды және ықпалды жаңа мүшелермен толықты.

Әлемнің жартысынан көп халқын қамтыған және 4 бірдей ядролық держава мүше болып отырған ұйымның әр іс-қимылдары сырт тараптың ұдайы наразында. Сондықтан кезекті саммитте қандай мәселелер ортаға салынып, қандай жаңа бастамалар көтерілмек? Осы және өзге сұрақтар осы аптадағы біршама өзекті тақырып болмақ. 

Астана саммиті Қазақстанның ұйымдағы төрағалығын қорытындылайды. Келесі төрағалықты Қытай қабылдап алады. Әрі бұл рет Беларусь ұйымның ресми мүшесі ретінде қабылданбақ. Бұған дейін Беларусь, Моңғолия және Ауғанстан бақылаушы елдер қатарында болатын. Осымен Қазақстанның төрағалығы кезінде ұйымға екі ел – Иран мен Беларусь мүше болған боады. 

Ұйымға мүшелер санының көбеюі ондағы шағын елдер үшін тиімді. Себебі, Ресей мен Қытай сынды ірі елдер ұйымды өзі қалаған бағытта алып кетпес үшін оларға балама күш ретінде Үндістан, Пәкістан және Иран секілді өз ұпайын түгендеп отыратын елдер керек.

Сонымен беріге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген сұқбатында осы жолғы бас қосу кезінде әлем елдеріне қарата жаңа үндеу жасалатынын жеткізген. Оның негізі ашық диалог құру, әділ сауда қарым-қатынастарын қалыптастыру және қауіпсіздіктің жаңа парадигмасы болатыны айтылған сұқпатта.

Жиыннан әр тарап не күтеді?

Мәскеу тұрғысынан: Мәскеу үшін кез-келген халықаралық алаң Украина мәселесіне қатысты өз көзқарасын үгіттейтін орта саналады. Әрі бұл Батыс жағынан оқшаулана түскен Ресей үшін өзінің әлі де қарым-қатынастың кең кеңістігі бар екенін көрсетуге таптырмас орай. 

Бейжің тұрғысынан: Бейжіңді аймақтағы өзінің экономикалық мүдделері алаңдатады. Державалар арасындағы бәсеке қыза түскендіктен Қытайдың Үнді және Тынық мұхиты аймағындағы қимыл-қозғалыстары тосқауылға ұшырады. Ол енді Орта Азия және Орта Шығыс, Оңтүстік Азиядағы "Бір белдеу, бір жол" жобаларының аяқсыз қалмауын қалайды. Ал террорлық топтардың Ресейдегі әрекеттерінің жиілеуі және Ауғанстан жағдайы осы мүддесіне кері әсер бере ме деп алаңдайды. Сондықтан, өзінің терроризм мен экстремизмге және сыртқы күштерге қарсы іс-қимылдарын ұйым ішінде орнықтыруға тырысады. 

Үндістан мен Пәкістан тұрғысынан: Жаңа-Дели де, Исламабад да ШЫҰ ішінде белсенділігі төмен. Себебі, өзара қайшылығы бар елдердің бір ұйымда келісім тауып кетуі қиын. Дегенмен, орнықтылық, қауіпсіздік және сауда қатынастарының тиімділігі тұрғысынан ШЫҰ алаңын пайдалануды көздейді. 

Иран тұрғысына: Санкциялық қысым және саяси оқшаулаудан зардап шеккен Теһран (Тегеран) ШЫҰ арқылы импорт пен экспорттың мүмкіндігін кеңейтуді қалайды. Оған қоса Батыс елдеріне қарсылығын ұйым ішіндегі ықпалды Ресей және Қытай сынды елдермен үйлестіре түскісі келеді. 

Орта Азия елдері: Аймақ елдері қауіпсіздік пен тұрақтылық тұғысынан ШЫҰ-ға белгілі деңгейде қызығушылық танытады. Бұқған қоса ірі елдермен екіжақты қарым-қатынас кезінде шеше алмайтын кейбір мәселелерді ұйым төңірегінде шешуге күш салады. 

ШЫҰ саммиті 3-4 шілде күндері өтеді, негізгі отырысы 4 шілде күні ҚР президенті Тоқаевтың төрағалымен ашылатын болады. 

 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!