Израиль Хезболла күштеріне қарсы жаңа соғыс майданын ашуы мүмкін. Бұл туралы бір күн бұрын елдің премьер-министрі Беняминь Нетаньяху мәлімдеді. Ол израильдік телеарнаға жасаған мәлімдемесінде Газадағы соғыс енді бұрынғыдай қарқынды болмайтынын айтқан. Себебі, әскерлерді солтүстікке Ливанмен шекараға қарай жөнелтуді ойластыруда.
"Хамаспен соғыстың қарқынды кезеңі аяқталуда, бұл соғыс аяқталды дегенді білдірмейді. Газада атысты тоқтату келісімі әлі бола қоймайды. Келесі шайқас Ливанда Хамастың одақтасы Хезболла күштеріне қарсы болуы мүмкін" – деген Израиль премьер-министрі.
Нетаньяху қайталай билікке келгеннен кейін ол ашынған оңшыл топтармен коалиция түзгені мәлім. Ол өзінің билік ішіндегі ықпалын сақтап қалу үшін де Газадағы Хамасты түбімен құртамын деген уәдесінен бас тартпасы анық. Ал Хамасты қолдаған Хезболлла күштері Израильдің солтүстік өңірлерін тымбай бомбалап келеді. Екі тарап арасында тікелей қарулы жауаптасулар да болды.
Өткен аптада Израиль күштері Ливан жеріне пәрменді соққыларын жасады. Осыдан кейін Хезболла жетекшісі Изариьлге қарата қатаң мәлімдемесін жасаған.
Ол сөзінде: "Біз соғысудан қорықпаймыз, егер Израиль бізге шабуыл жасайтын болса бұл ешқандай ымырасыз және түпсіз соғыс болады. Біздің бұған әліміз жетеді", – деген.
Израиль алдағы уақытта Газада армияның аз бөлігін қалдырып, негізгі күшті Ливанға бағыттауға дайындалып жатқанын мәлімдеді. Бұл Газадағы соғыстың аймаққа таралуы мүмкін деген былтырдан бергі айтылып келе жатқан қауіпті растағандай болды.