Шымбұлақ тау курортында «Алматы биіктен» атты арт-пленэр өтті, - деп хабарлайды alnews.
Іс-шараны Almaty Tourism Bureau ұйымдастырды. Жоба аясында алматылық сегіз суретші бас қосты. Олардың қатарында Анар Абжанова, Анна Фидирко, Марат Құсайынов, Нағима Ибрашева және шығармашылық қауымдастықтың өзге де өкілдері бар. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері хабарлады.
Күні бойы қатысушылар табиғат аясында сурет салып, Іле Алатауының көркем панорамалары мен тау пейзаждарын шығармаларына арқау етті. Әр суретші қаланың ең танымал туристік орындарының бірін өзіндік көзқарасымен бейнеледі.
Жоба туризм мен шығармашылықты тоғыстырды: тау курорты ашық аспан астындағы шеберханаға айналса, табиғат көріністері жаңа туындылардың негізіне айналды.
Шығармалар шеберханада толық аяқталғаннан кейін, олар Шымбұлақ аумағында өтетін қорытынды көрмеде көпшілік назарына ұсынылады. Келушілер Алматының тау бөктеріндегі көркін заманауи суретшілердің көзімен тамашалай алады.
Жобаның серіктесі – Шымбұлақ тау курорты.