Дариға Бадықова бұрын-соңды болмаған образда: «Соңырадан» не күтеміз?

Дариға Бадықованы комедиялық рөлдерінен ғана танып жүрген көрермен бұл жолы актрисаны мүлде басқа қырынан көре алады. «Таптым-ау сені» фильміндегі ер мінезді қыз бен «Келінжан» телехикаясындағы Айсараның бейнесіне үйренген жұрт үшін «Соңыра» тосынсый болғалы тұр. Бірден ескерте кетейік: фильмнен кейін көзіңізге жас алуыңыз әбден мүмкін.

Отандық кинода төтенше жағдайлар қызметкерлерінің, соның ішінде өрт сөндірушілердің өмірі мен кәсібіне арналған туындылар көп кездесе бермейді. Ал Дариға Бадықова бұл жолы көрермен назарын күн сайын өмірін қатерге тігіп, өзгені құтқаруға асығатын жандардың тағдырына аударған. Фильм көпшілік біле бермейтін осы мамандықтың тасасында қандай өмір жатқанын көрсетеді.

Біз өрт сөндірушілердің ерлігі туралы жиі естиміз. Бірақ олардың қызметтен тыс тіршілігі, отбасындағы мәселелері мен жан дүниесіндегі сезімдеріне үңіле бермейміз. «Соңыра» фильмінің басты ерекшелігі – кейіпкерлерді тек батыр ретінде емес, өз уайымы, арманы, жақындары мен шешілмеген мәселелері бар қарапайым адамдар ретінде көрсетуінде. Бір қызығы, өзгелердің өмірін арашалап жүрген жандардың өздері де кейде көмек пен қолдауға мұқтаж. Соған қарамастан, олар күн сайын қауіпке бас тігіп, біреудің өмірін сақтап қалу үшін отқа кіреді. Өзгенің баласын құтқаруға ұмтылған адамның өз баласына аман оралатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Фильм осы шындықты көрерменге әсерлі жеткізеді.

Туындыда тек өрт сөндірушілердің тағдыры ғана емес, басшылық қызметтегі адамдардың жауапкершілігі де сөз болады. Біліксіздік, мансапқорлық пен атаққа деген құмарлықтың соңы қандай жағдайға әкелуі мүмкін? Адам өміріне тікелей жауап беретін қызметке кәсіби дайындығы жеткіліксіз адам тағайындалса, оның зардабын кім тартады? Фильм осы сауалдарды көрерменнің ойына салады. Өйткені кез келген салада басшының білімімен қатар адамгершілігі мен парасаты да маңызды. Кейбір қызметтегі қателіктің құны ақшамен өлшенсе, енді бірінде адам өмірімен өлшенеді.

Бұл жолы Дариға Бадықова өрт сөндіру бөлімінің капитанын сомдайды. Оның кейіпкері – қарамағындағы қызметкерлерін түсіне білетін, мәселені айқаймен емес, ақылмен шешетін, қажет кезінде өзгенің қателігі үшін де жауапкершілік алудан қашпайтын салмақты әйел. Актриса бұл рөлі арқылы көрерменге өзі бұрыннан таныс комедиялық образдардан өзгеше қырын танытады. Кейіпкердің болмысы мен фильмдегі жағымсыз образдың қарама-қайшылығы арқылы нағыз басшы мен мансап қуған адамның айырмашылығы айқын көрінеді.

Дархан Сүлейменовтің актерлік шеберлігін де ерекше атап өткен жөн. Ол сомдаған жағымсыз кейіпкер көрерменнің ашуын тудырып, әр әрекетімен ызаландырады. Кейіпкерді көрерменге соншалықты нанымды әрі жеккөрінішті етіп көрсете білу – актердің шеберлігінің белгісі. Жалпы, фильмнің алғашқы минуттарынан-ақ оқиғаға еніп кетесіз. Сюжет қарқынды өрбіп, көрерменді жалықтырмайды.

Дариға Бадықованың шығармашылығындағы тағы бір жақсы үрдіс – жас актерлерге мүмкіндік беріп, жаңа есімдерді танытуы. «Соңыра» фильмінде де бұл дәстүр жалғасын тапқан. Солардың бірі – жас актриса Тамабай Нарқыз. Ол өзіне берілген рөлді сәтті алып шыққан. Әсіресе Қазбек Төленмен бірге сомдаған махаббат желісі ерекше әсер қалдырады. Екі жастың арасындағы нәзік сезім мен шынайы қарым-қатынасты актерлер табиғи жеткізе білген.

«Жақыныңның өмірін жарық қыламын деп, өзіңнің жарығыңды сөндіріп алма». Фильм афишасындағы осы бір сөйлем туындының негізгі ойын толық аңғартады. Кейде жақындарымызға көңіл бөлуді, жақсы көретінімізді айтуды, бірге уақыт өткізуді кейінге қалдырып жатамыз. Өз бақытымызды да ертеңге ысыра береміз. «Соңыра айтамын», «Соңыра кездесеміз», «Соңыра бақытты боламыз» деген сөздерді жиі қолданамыз. Бірақ сол «соңыраның» келетініне кім кепіл?

«Соңыра» – өрт сөндірушілер туралы ғана емес, адамгершілік, парыз, жауапкершілік және өмірдің қадірі жайлы фильм. Бұл – өзгенің өмірін сақтап қалуды міндетіне айналдырғанымен, кейде өз жақындарына уақыт бөлуге үлгермейтін жандардың тағдыры туралы туынды.

Егер Дариға Бадықованың комедиялық рөлдерінен шаршап, кинотеатрдан терең ой мен шынайы эмоция іздесеңіз, «Соңыраны» көруге кеңес береміз. Фильм 19 қарашадан бастап кинотеатрларда көрсетіледі.

Алдыңғы
В Алматы рассмотрели 11 инвестиционных проектов на 142 млрд тенге

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу