Алматыда жалпы құны 142 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба қаралды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың XVII отырысы өтті, - деп хабарлайды alnews.

Жиында жалпы құны 142 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба қаралды. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен 950 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Жобалар энергетика, өнеркәсіп және туризм салаларын қамтиды. Атап айтқанда, Түрксіб ауданында қуаты 37 МВт және жылу өндіру көрсеткіші 43 Гкал болатын жылу электр станциясын салу көзделген. Жаңа станция аудандағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылу және электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өндіріс саласында үш жоба ұсынылды. Оның бірі Жетісу ауданында сусын өндіретін зауыт салу. Қалған екеуі Алматының Индустриялық аймағында жүзеге асырылады. Олар суды толық циклмен тазарту жүйелерін өндіретін кәсіпорын және талшықты-оптикалық кабель шығаратын зауыт.

Сонымен қатар күн тәртібіне қонақ үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жеті жоба енгізілді. Олардың қатарында халықаралық брендтермен жұмыс істейтін қонақ үйлер де бар.

Жиын соңында Дархан Сатыбалды тиісті басқармалар мен аудан әкімдеріне жобаларды жүзеге асыруда инвесторларға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге барлық бастаманың заңнама талаптарына сәйкес келісу рәсімдерінен өтіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алуы қажеттігін ескертті. Қала әкімдігі өз құзыреті шеңберінде инвесторларға қолдау көрсетуге және туындаған мәселелерді жедел шешуге көмектесуге дайын.

Алдыңғы
В Алматы тестируют систему измерения выбросов автомобилей без их остановки
Келесі
В Алматы рассмотрели 11 инвестиционных проектов на 142 млрд тенге

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу