Роллан Сейсенбаевтің 80 жылдық мерейтойына орай Қазақ спорт және туризм академиясында тағылымды кездесу өтті

2026 жылғы 5 қарашада Қазақ спорт және туризм академиясында көрнекті жазушы, драматург, қоғам қайраткері Роллан Шәкенұлы Сейсенбаевтың 80 жылдық мерейтойына орай әдеби-танымдық және шығармашылық кездесу өтті, - деп хабарлайды alnews.

Рухани-мәдени шараның басты мақсаты – жас ұрпақ арасында ұлттық әдебиет пен руханиятты дәріптеу, көрнекті қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығын таныстыру, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесін кеңінен насихаттау.

Тағылымды жүздесуге Академияның профессор-оқытушылар құрамы, ұстаздар қауымы мен әдебиетке қызығушылық танытқан студенттер қатысты. Кездесудің құрметті қонақтарының қатарында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, белгілі ақын Бауыржан Жақып болды. Ол өз сөзінде Роллан Сейсенбаев шығармашылығының ерекшелігіне тоқталып, қаламгер туындыларының қазақ әдебиеті мен ұлттық руханияттағы айрықша орнына назар аударды.

Кездесу барысында жазушы өзінің шығармашылық жолы, әдебиет пен қоғамның байланысы, ұлттық құндылықтар мен рухани сабақтастық жөнінде ой бөлісті. Қатысушылар қаламгерге көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Жүздесу мазмұнды әңгіме мен тағылымды ойларға толы болды.

Шараның ерекше сәттерінің бірі – Қазақ спорт және туризм академиясының Президенті Қайрат Қайроллаұлы Закирьяновтың мерейтой иесіне көрсеткен құрметі болды.

Академияның Ғылыми кеңесінің шешімімен Роллан Шәкенұлы Сейсенбаевқа қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытуға қосқан елеулі үлесі, көп жылғы жемісті еңбегі мен жоғары кәсіби жетістіктері үшін «Қазақ спорт және туризм академиясының Құрметті профессоры» атағы берілді.

Сонымен қатар, «Ұлы даланың ұлы есімдері» халықаралық ассамблеясының атынан Ұлы Дала халқының рухани мұрасын жаңғыртуға қосқан айрықша үлесі үшін қаламгер «Ұлы Даланың Кентавры» орденімен марапатталды.

Бұл марапаттар – мерейтой иесінің шығармашылық еңбегіне, ұлттық әдебиет пен мәдениетке сіңірген қызметіне көрсетілген зор құрметтің белгісі.

80 жылдық мерейтой аясындағы мазмұнды кездесу жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады. Мұндай тағылымды жүздесулер жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, әдебиет пен өнерге құрметін арттырып, ұлт руханиятының сабақтастығын нығайта түседі.

Қазақ спорт және туризм академиясы білім мен спортты ғана емес, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дәріптеуді де өзінің маңызды бағыттарының бірі санайды.

Алдыңғы
В Алматы тестируют систему AG Tag для поиска людей в горах без мобильной связи

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу