Алматыда үлкен көлемдегі қалдықтардың, оның ішінде ескі жиһаздар, сынған тұрмыстық техника мен құрылыс қалдықтары, сондай-ақ, қаптамалар, пластикалық бөтелкелер және басқа да көше қалдықтарының жиналуымен байланысты мәселе өсіп келеді. Бұзушылықтар тек контейнерлік алаңдарға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық орындарға да әсер етіп, қаланың санитарлық жағдайына кері әсерін тигізеді, - деп хабарлайды alnews қалалық полиция Департаментіне сілтеме жасап.
2024 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Алматыда абаттандыру саласындағы бұзушылықтармен күресу шаралары күшейтілді. Көлемді қоқыс пен көше қоқыстарын рұқсат етілмеген орындарға қалдырғаны үшін айыппұл салынбақ.
Экология және қоршаған ортаны қорғау Басқармасы қалалық полиция Департаментімен бірлесіп, тәртіп бұзушыларды анықтауға бағытталған бірлескен рейдтер жүргізеді.
Бейнебақылау камералары қалдықтарды заңсыз төгу жиі орын алатын жерлерде орнатылады. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары, стихиялық орындарда рұқсатсыз сыртқы жарнаманы орналастыру жағдайларына баса назар аударатын болады.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айының басынан бері жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Алматы қаласының көшелеріндегі коммуналдық инфрақұрылымды дамыту Басқармасы тазалауға қосымша құрал-жабдықтар мен ресурстарды қажет ететін қоқыс жәшіктері толып жатқан 52 аумақты анықтады.
Санитарлық тазалаудың тиімділігін арттыру мақсатында дизайн-код бойынша жаңа кең қоқыс жәшіктерін сатып алу, сондай-ақ қосымша тазарту, патрульдік маршруттарын іске қосу жоспарлануда.
Бүгінде қалада 33 мыңға жуық қоқыс жәшіктері болса, қаланы тазалауға 1300-ге жуық адам мен 1000-нан астам техника жұмылдырылған.
Көлемді және көше қалдықтарды дұрыс сақтамау қоғамдық орындардың ластануына және қоқыс жинайтын компаниялардың жұмысының бұзылуына әкеп соғады.
Мысалы, көшедегі қоқыс тротуарлар мен жолдарды ластауы мүмкін, ал контейнерлердегі көлемді қоқыс қоқыс таситын нығыздағыштардың жұмысын қиындатады.
ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 505-бабына сәйкес абаттандыру ережелерін бұзу мынадай айыппұлдарға әкеп соғады:
- жеке тұлғалар үшін – 20 АЕК;
- шағын бизнес және коммерциялық емес ұйымдар – 30 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілері – 40 АЕК;
- Ірі кәсіпкерлік субъектілері – 100 АЕК.
Қаланың санитарлық жағдайы мен эстетикасын жақсарту мақсатында 2024-2025 жылдары 2 мыңнан астам жаңа контейнерлер орнату жоспарлануда.
Бұл контейнерлер қоқыс контейнерлері алып жатқан аумақты азайтады, жағымсыз иістерді бөгейді және құстар мен қаңғыбас жануарлардың кіруіне жол бермейді.
Үлкен көлемдегі қалдықтарды шығару үшін қала тұрғындарына мамандандырылған ұйымдарға хабарласу немесе қалдықтарды өздері шығару ұсынылады.
Бұл шаралар абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдарды болдырмауға, сондай-ақ қаладағы тазалық пен тәртіпті сақтауға көмектеседі.