Алматы халық саны жағынан республиканың көш басындағы қала. Еліміздегі урбанизация үрдісі, ішкі көші-қон және демографиялық жағдайдың нәтижесінде Алматы халқының саны да жыл сайын артуда. Бұл өз кезегінде қаланың инфрақұрылымы мен өзге де әлеуметтік салаларындағы қысымды арттыруда. Соның бірі білім беру саласы.
Мектеп жасындағы балалар саны бойынша да Алматы республиканың көш басында. Биылғы оқу жылымен қарастырғанда қалада 336 486 мың оқушы мектеп қабырғасында білім алуда. Ал қаладағы орта білім беру мекемелерінің жалпы саны 337 болса, оның 215-і мемлекеттік, 122-і жекеменшік білім беру мекемесі саналады.
Атап өткеніміздей, мектеп жасындағы балалар саны жыл сайын он мыңдап көбейіп отырғандықтан, қалада оқушы орындарының тапшылығы бар. Алматы қаласы Білім басқармасының дерегіне қарағанша қазір шаһарда мектеп жасындағы балалар саны жыл сайын 12-14 мыңға көбею үстінде. Айталық, былтырғы оқу жылында 13 086 оқушы 11-сыныпты бітірсе, 8130 түлек 9-сыныпты бітірген. Соның өзінде мектеп табалдырығын аттаған балалар саны бұдан бір еседен көп. Яғни, биылғы жаңа оқу маусымында Алматыда 28 144 бала мектеп табалдырғын аттаған. Бұл соңғы жылдардағы тұрақты үрдіске айналған.
Мектеп жасындағы балалардың 300 797-сі мемлекетке қарасты білім беру мекемелерінде білім алады. Ал жекеменшік мекемелердегі оқушылар саны 35 689. Алматы шаһарында қазіргі оқушы орындарының тапшылығы 30 878 -ді құрайды.
Алматы қаласы әкімдігі жағынан қаладағы оқушы орындары тапшылығы мәселесі басты назарда ұсталып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында да қалада жаңа мектептер салыну үстінде. Айталық аталмыш ұлттық жоба арқылы Алматыда 36800 оқушыға арналған 22 мектеп салынуда. Айта кетейік, жаңадан салынып жатқан 22 мектептің 13-і «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысы бойынша салынуда. Ұлттық жоба аясындағы мектеп құрылыстары аяқталса 36800 оқушы орны пайдала болады.