Соңғы жылдары Орталық Азияның ішкі интеграциясы оң бағытқа қарай дамыды. Бұны аймақ елдерінің бір-біріне салып жатқан инвестицияларының ұлғаюынан да көруге болады. Әрине, мемлекеттер мен аймақтардың дамуы сыртқы инвестициямен тығыз байланысты. Қазақстан және оның көршілес елдері сырттан инвестиция тартуға күш салумен қатар өзара инвестиция алмасу қадамдарын да жасау үстінде. Былайша айтқанда көршілес елдер қазір аймақтың өзіне инвестиция салуда. Қауіпсіздік, тұрақтылық және бекем бірлік тұрғысынан бұл қуанарлық үрдіс. Әрі аймақдың дамуына да оң әсерін беретін жағдай.
Қазақстанды қамтыған аймақтың шетелдік тікелей инвестицияға деген тартымдылығы жоғары. Оған мынадай себептері бар: аймақ саяси тұрақтылыққа ие; халық саны тұрақты өсім көрсетуде, әрі халық санының жастығы, еңбекке жарамды адамдардың басымдығы сынды демографиялық артықшылықтары бар; мол табиғи ресурстарға ие; Ресей, Қытай, Ислам әлемі, Еуропа арасындағы маңызды құрлықтық өткел.
Шетелдік тікелей инвестицияларға тартымдылығына қоса, атап өткеніміздей, соңғы жылдары аймақ елдері бір-біріне инвестиция салуды күшейтті. Мұндай қадамдар Қазақстан мен Өзбекстан арасында анық байқалады. Қос тарап қазір бірлескен өндіріс өнеркәсіпті инвестициялауда тың нәтижелерге қол жеткізді. Былтыр Өзбекстан президенті елімізге сапарлай келген тұста, қос тарап екіжақты одақтастық қарым-қатынасты бекіте түсті және инвестиция алмасуға деген ынта-жігерін көрсетті. Астана мен Тәшкент қазір аймақ ішінде өзара инвестиция алмасудың үлгісін көрсетіп жатыр деуге келеді.
Аймақтағы инвестициялық алмасуды қадағалап отырған Еуразиялық даму бакнінің есебінде, 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында Орталық Азия елдері өзара 1,1 млрд доллар көлемінде инвестиция алмасқаны көрсетілген. Бұл көршілес елдердің аймақ ішіне инвестиця салуды жеделдете түскен кезеңі. 2016 жылдың алғашқы жартысымен салыстырсаңыз аймақішілік инвестиция көлемі 2 есе артқанын көре аламыз.
Анығында аймақішілік инвестицияның басым көбінде Қазақстан мен Өзбекстан басты инвестициялаушы тараптар саналады. Ал Қырғызстан мен Тәжікстан инвестицияны қабылдаушы тараптар ретінде көрінеді. Мұның басты себебі су ресурсына қатысты. Судың басында отырған Тәжіктсан мен Қырғызстанға Астана мен Тәшкент ортақ жобалар негізінде инвестиция салып, табиғи ресурстарды ортақ пайдалануға қол жеткізе алады. Сонымен бірге бұл жобаларды аймақішілік инвестиция ағынына байлай отырып, сыртқы инвестицияның салмағын азайтады. Бұл аймақтағы тұрақтылық, ынтымақ үшін маңызды бағыт.
Мысал ретінде қырғыз жеріндегі Қамбар Ата-1 ГЭС жобасын атауға болады. Бұл Астана, Тәшкент, Бішкек ортасындағы үшжақты бірлескен жоба. Оның құны 4,5 млрд АҚШ долларын құрайды және Дүниежүзілік даму банкі, Азия даму банкі секілді сыртқы инвесторлардың да қызығушылығын оятқан жоба. Ал Өзбекстан бұдан тыс тәжік жеріндегі Зарафшан өзені бойындағы екі бірдей су электр станциясына инвестиция салып отыр.
Аймақішілік инвестициялар тек энергетика мен су ресурсына бағытталған деп түсінуге келмейді. Өзара сауданы дамыту бойынша да аймақ елдері ынтымақтастықтың жаңа нәтижелеріне қол жеткізді. Қазақстан Өзбекстан астанасындағы жаңа экономикалық аймаққа негізгі инвестордың бірі болып отыр. Өзбекстан да еліміздің оңтүстік өңіріндегі бірқатар жобаларға қаржы құюшы болды. Сонымен бірге қазақ-өзбек арасында бірлескен өнеркәсіптік жобалар жылдан жылға көбейіп, қазір жалпы құны 3 млрд АҚШ долларына жетіп қалды. Бұл ынтымақтастық негізінен жеңіл өнеркәсіпті және машина жасау сынды ауыр өнеркәсіп түрлерін де қамтиды.
Аймақ елдерінің өзара ынтымақты дамытуы қазіргі құбылмалы геосаяси жағдайдың талабына да сай келеді. Белгілі деңгейде сыртқы факторлар аймақ елдерін жұмыла түсуге итермелесе, енді бір жағынан аймақтағы бес ел өздерінің ұлттық мүддесін алға жылжытуда көршілес елдердің маңызын танып жетті. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Тәжікстанды қамтыған аймақ қазір геосаяси аренада бұртұтас қарастырылып жатқандықтан, аймақ елдері ірі күш орталықтарымен ортақ ұстаным тұрғысында сыртқы саясат жүргізіп келеді.