Кеңестер Одағы құлап, Орталық Азия мемлекеттері жеке-жеке тәуелсіз ел болғалы 33 жыл толып, 34 жыл басталды. Жаңа 2025 жылан жылы барша адамзат баласына жақсылығымен келсін деп тіледік.
Тәуелділіктен әбден мезі болған Орталық Азиялық жас 5 мемлекет тәуелсіздіктің тұғырын қайтсем мәңгі етемін деген сұрақпен әлдері жеткенше алысып келеді. Тәуелділіктің тезін көп көргендіктен, тіпті біріне-бірі жақындауды да «тәуелсіздіктің» тұғырын шайқар дүние деді ме, өзара туыс, біріне-бірі ауадай қажет ағайын-жұрт біріне-бірі салқын ғана шырай танытып, алыстан ғана араласты. 33 жаз, 33 қыс осылай өтті де кетті...
2025 жылға аяқ басқан уақытта халықаралық қатынас одан да ары шиеленісіп, жау мен жаудың ғана емес, дос пен достың да арасы ашылып барады. Америкаға жаңа (ескі) президент келді. Ресей әлі соғысып жатыр. Қытай әлімдік нарықты жаулап барады (көше толы қытай көлігі). Орталық Азияның жолы кіммен бірге? Орталық Азияны не құтқарады? Орталық Азияда арман бар ма өзі? Орталық Азияның мұраты не?.....
Орталық Азияның мұраты – бірлік!
«Бірлік» не үшін керек? Халықаралық қатынастардың ірі ойыншылары елің мен жеріңдегі байлықты берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан тартып алмас үшін керек. Өз алаңдарында болуы мүмкін соғысты сенің аймағыңда жасап кетпеуі үшін керек. «Бірлік» әрқашан «күш». Ендеше ең қарапайым жауабы – күшті болмақ үшін «бірлік» керек.
Бір болмаққа ешкім қарсы емес-ау. Бірақ бірлікті не деп түсінеміз. «Өзбек өз ағам», «Қазақ-қырғыз бір туған» немесе Түрікменнің «Алыс сапарға шықсаң Қазақтан жолдасың болсын» деген тіркестер, мақал-мәтелдер «бірліктің» көрінісі бола алады ма? Орталық Азиялық бес мемлекеттің арасындағы әуе, теміржол, автожол, су жолдары сайрап жатпағасын, сауда-саттық сапырылысып жатпағасын, бір-біріңмен тілдесерде орыс тілін пайдалансаң несі бірлік!?.....
Бокстан соңғы Әлем біріншілігінде 13 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Соның тоғыз алтынын Орталық Азия ұландар ұтты (5 өзбек, 4 қазақ). Бірақ Орталық Азия әлемді аузына қаратты деп бір адам айтқан жоқ. Қазақтар – өзбектер бізді қалай ұтты деп, өзбектер – қазақтарды ұттық деп өзара бәсекелестік те кеттік. Қырғыз, тәжік және түрікмен де, өзбек пен қазақтың осы бір таңғажайып жеңісіне шын қуана алған жоқ. Осы ма бірлік!?.....
«Бірлік» үшін не керек? Ортақ мүдде, ортақ мұрат, ортақ жол, ортақ арман керек. Осы керектердің бәрі болуы үшін – біз бір-бірімізді, өзімізді-өзіміз (Орталық Азияның бес мемлекеті) терең тануымыз керек. Танимыз ба?.... танымаймыз.
Виктор Гюгоны білетін қазақ - Садриддин Айниді (тәжік), Джэк Лондонды білетін тәжік - Төлеген Қасымбековты (қырғыз), Оноре де Бальзакты білетін қырғыз - Саид Ахмад Хусанходжаевты (өзбек), Лев Толстойды білетін өзбек - Рахим Эсеновті (түрікмен), Артур Конан Дойлды білетін түрікмен - Мұхтар Әуезовты біледі ма?
Осы бір ұлы мұрат жолында – танымасақ тануға әрекет етейік, тану арқылы бірлікке шақырайық, бірлікке ұмтылайық деген ниетпен жаңа жобаны бастап отырмыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Аймақтық қатынастарды талдау» ғылыми-зерттеу орталығынң жас зерттеушілерінің бастамасыман «CENTRAL ASIAN DREAM» жобасы 2025 жылы ғылыми платформалармен әлеуметтік желілерде қызмет атқаратын болады.
Жобаның мақсаты Орталық Азия аймағында болып жатқан барлық оқиғаларға мүмкіндігінше сыни-сараптамалық талдау жасау, Орталық Азияның жетістіктерін, әлемдік өркениетке қосқан қазыналарын табу және насихаттау, сол арқылы Орталық Азияны тану. Тану арқылы бірлікке шақыру болып табылады.
Бір қолдың бес саусағындай Орталық Азиялық бес мемлекеттің «бірліктен» асқан мұраты жоқ.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ МҰРАТЫ – БІРЛІК!