Columbus -3℃
  • 528.9
  • 551
  • 5.13

АҚШ-Қытай: Келіспеушіліктерді шешу қиын

АҚШ-Қытай: Келіспеушіліктерді шешу қиын АҚШ мем. хатшысы Блинкен Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Фото: khmertimeskh.

Блинкен сапарының тарихи маңызы: 

Бұл дипломатиялық алмасу және ондағы келіссөздер ауаны белгілі тарихи сипатқа ие. Тіпті, алдағы бірер жылдың жүзіндегі АҚШ–Қытай қарым-қатынасына және жаһанның геосаяси бет-бейнесіне де өз әсерін береді. АҚШ-Қытай қарым-қатынасы қалай дамыса да ол іргелес елдер мен аймақтарға, сондай-ақ, жаһандық геосаяси жағдайға ықпал етеді. 

Келіспеушілік неде?

АҚШ пен Қытай арасындағы келіспеушілік сауда соғысынан бастап ұлғайды. Қазір пікір алшақтығы барынша ашыққа шықты. Тараптар ең түбірлі ұстаным қайшылығына ие, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінен тартып, халықаралық тәртіпке қатысты да мүлде ұқсамаған ұстанымды жақтайды. Ұстанымдар арасында бір-біріне жақын келетін, үйлесетін тұстары да бар, дегенмен жаһандық көшбасшылық орынға деген бәсекеде Бейжің де, Вашингтон да жол беруге құлықсыз. 

Келісе алмай тұрған мәселелердің ең негізгілері мыналар: 

Экономикалық саясат, бұл бойынша Вашингтон Бейжіңді нарықтық экономика қағидаларын бұзып, үкіметтік артық араласуға барады деп айыптайды. Шетелдік компанияларға өз нарығында бірдей жағдай жасамайды деп айыптайды; 

Тайвань мәселесінде; 

Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулар; 

Халықаралық тәртіп; 

Ресей мен Украина соғысы;

Әлемдегі өзге де дағдарыстар мен қақтығыс нүктелеріне қатысты ұстанымдары; т.б.

АҚШ-Қытай қарым-қатынасы тарихи бұрылыс кезеңінде тұр: 

Блинкен сапарынан кейінгі АҚШ–Қытай арасындағы белгісіздік бір қырынан 1970 жылдардағы тарихи кезеңге ұқсайтынын аңғарамыз. Ол кезде социалистік лагердің көш басындағы Кеңес Одағымен «қырғиқабақ соғысында» тұрған АҚШ Қытаймен мәмілені жақсартты. Бұған Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы кейбір келіспеушіліктер де мүмкіндік бергені бар. Сол кездегі Қытай тарабының таңдауы социалистік лагердің белгілі деңгейде жарылуына және Мәскеудің оқшаулана түсуіне өзіндік ықпалы болды. Бейжің үшін қазір де таразының бір басында Мәскеу, енді бір басында Вашингтон тұрғандай. Әрі ҚКП-ның ендігі таңдауы алдағы уақыттағы ауқымды геосаяси кеңістікке өз ықпалын жасауы мүмкін. Себебі, АҚШ дипломаты Қытайдың Ресейді табанды қолдауынан бас тартпаған жағдайда қатаң экономикалық санкциялардың қабылдануы мүмкін екенін өз мәлімдемесінде ашық білдірді.

Әрине, АҚШ пен Қытай сынды ірі державалар арасында қазір сақталып отырған келіспеушіліктер көп. Шешуге келмейтін мәселелері де бар. Бірақ оларда қарым-қатынастың осындай құбылмалы кезеңдеріне қатысты өзара түсінік те бар. Сондықтан бір реткі келіспеушілік екі елдің толық жауласуға аяқ басуынан хабар бермейді. Байқағанымыздай, қос тарап бір-біріне қатаң ұстанымдарын ашық білдіріп отырса да байланысты тұрақтандыруды негізгі мақсат етуде.

 Тайвань мәселесі, сауда соғысының қайшылықтары, Оңтүстік Қытай теңізі, жаңа технология сынды мәселелерде тараптар әзірге келісе алмайтынын анық түсінеді. Дәл соған ұқсас нәтижесі болса да жоғары деңгейде келіссөз алмасуларын жүргізіп отыруы қажет екенін де жақсы түсінеді. Былайша айтқанда, ортадағы келіспеушіліктер асқынып, соңы ауқымды жанжалға ұласуынан қос тарап та бірдей қаймығады. Бұған қарап Блинкеннің сәтсіз сапары АҚШ–Қытай арасындағы шешуші келіссөз емес дей аламыз. Алдағы уақытта қос тараптың қандай қарым-қатынас күйіне өтуі Вашингтон мен Бейжің қадамдарынан тыс Ресей, Еуропа, Иран, Солтүстік Корея, НАТО сынды елдер мен ұйымдардың іс-әрекеттеріне де байланысты болуы мүмкін.

 

 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
2
Күлкілі
1
Шектен шыққан
1

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!