Алматыда қоғамдық тамақтану орындарының жазғы террасасы мен алаңын орналастыру тәртібі өзгерді

Алматыда 2023 жылы ақпанда бекітілген Қоғамдық тамақтану нысандары жанынан жазғы алаңдар орнату қағидаларына өзгеріс енгізілді, - деп хабарлайды alnews.

Түзетулер кәсіпкерлер үшін келісу рәсімін жеңілдетуге, сондай-ақ қоғамдық орындардағы және көппәтерлі тұрғын үйлердің аумақтарында жазғы террасаларды, верандаларды және сыртқа қойылатын үстелдерді орналастыру талаптарын нақтылайды.

Жаңа тәртіп бойынша жазғы алаңдар көркейту нысандарының қатарына енгізілді. Оларды орналастыруды келісу үшін кәсіпкер Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына өтініш беріп, онда алаңның мекенжайын, аумағын, өлшемі мен шекарасын көрсетуі керек.

Өтініштер Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіп пен мерзімге сәйкес қаралады.

Жалпыға ортақ аумақтарда жазғы алаңдарды жер учаскесін жеке меншікке рәсімдемей, уақытша орналастыруға болады. Ол үшін алаң қоғамдық тамақтану орнына тікелей жалғасып, мекеме ішінен оған шығатын есік болуы қажет. Сонымен қатар жүргіншілердің еркін қозғалысына кедергі келтірмеу керек. Алаңды толық қоршауға рұқсат етілмейді. 

Ал көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласында жазғы алаң ашу үшін кәсіпкер мүлік иелерінің бірлестігіне немесе басқарушы ұйымға жүгінуге тиіс. Мұндай шешім пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің жалпы жиналысында қабылданады. 

Егер жазғы алаң жеке меншік жерге орналастырылса, жер иесінің келісімі қажет. Ал жер учаскесінің бірнеше иесі болса, олардың барлығы рұқсат беруі керек. 

Жазғы алаңдарды жабдықтау кезінде ерекше қажеттілігі бар адамдардың еркін қозғалуына жағдай жасау, шұғыл қызметтің кедергісіз өтуіне және инженерлік желілерге қол жеткізуге мүмкіндік қалдыру міндетті. Сондай-ақ мұндай нысандар жүргіншілер мен велосипед жолын, балалар және спорт алаңдарын иемденбеуі әрі олардың қалыпты пайдаланылуына кедергі келтірмеуге тиіс. 

Қаулының толық мәтіні «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланады.

Алдыңғы
В Алматы для работы в условиях непогоды задействовали 85 оперативных бригад
Келесі
В Алматы обновили правила размещения летних террас и площадок общепита

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу