Columbus -3℃
  • 529.7
  • 551
  • 5.15

АБЫЛАЙ ХАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖАҢА МОНОГРАФИЯ ЖАРЫҚ КӨРДІ

АБЫЛАЙ ХАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖАҢА МОНОГРАФИЯ ЖАРЫҚ КӨРДІ Фото: Абай порталы

Соңғы жылдары Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында бір қатар іргелі ғылыми зерттеулер жасалып жатыр, институт ғалымдары көптеген жобаларды ұтып алып, арнаулы тақырыптарда зертеу жүргізіп келеді. Жуырда  «Абылай, Уәли және Бөкей хандардың мемлекеттік қызметінің зерттелмеген кезеңдері (сирек архивтік және фольклорлық деректер негізінде)» атты ғылыми жобаның алғашқы зерттеу нәтижесі болған «Абылай хан және іргелес мемлекеттер мен халықтар» атты ұжымдық монография баспадан шықты. Бұл ұжымдық еңбекке З.Е. Қабылдинов, Ж.Ошан, А. А. Әбсадық, А.Д. Арепова, О.Б. Қуанбай, Е. Сауырқан, А.С. Тылахметова, А.Р. Бейсембаева, А.А. Оралова қатарлы институт ғалымдары атсалысқан болатын.

 

"Сол кезде елге қорған болған Абылай, көп жаудың бірін шауып, бірін арбап..." М.Жұмабаев. 

XVIII ғасыр Қазақ хандығы мен Орта Азия елдері үшін аса маңызды тарихи кезең саналады. Бұл кезеңде Ресей империясының аймаққа ықпалы күн сайын күшейіп келе жатты. Дәл осы мезгілде Қазақ хандығы мен Орта Азия елдерінің ғасырлар бойы белдеу жауы болып келген Жоңғар хандығы өзінің құлдырау кезеңін бастан кешіп жатқан болатын. Осы орайлы сәтті шебер меңгерген күн шығыстағы Цин империясы агрессивтік мінез көрсетіп Жоңғар хандығын біржолата жаулап алды. Осыдан кейін Қазақ хандығы мен Орта Азия елдері Цин империясымен бетпе-бет келді. Аймақтағы геосаяси жағдайда орын алған мұндай күрт өзгерістер Қазақстан мен Орта Азия тағдырына әсерін тигізді. Бұл Қазақ хандығына және туысқан Орта Азия елдерінің алдына жаңа сынақтар қойды.

 Осынау күрделі кезеңнің келіп жетуі Қазақ хандығының территориялық тұтастығы мен ата-бабадан мұраға қалған қазақтың мемлекеттілігін сақтап қалу сынды күрделі де ауыр тарихи міндеттерді жүктеді. Сын-сынақтар мен міндеттердің ауыр салмағы қазақ хан-сұлтандары, билері, батырлары мен данагөй жырауларына түсті. Ел мен жердің тағдыры сынға түскен қиын кезеңде қазақтың небір талантты тарихи тұлғалары аймақта орын алған күрделі саяси жағдайдың бел ортасында елі мен жерін сақтап қалу үшін «қара терін төгіп, қызыл қанын ағызды». Солардың ішіндегі шоқтығы биік бірегей тұлға ретінде Абылайдың аты ерекше аталып, тарих парағында мәңгілік хатталып қалды.

Абылай хан Қазақстан тарихында ғана емес Ресей, Қытай, Жоңғар хандығы мен Орталық Азия елдерінің тарихында айшықты із қалдырған тарихи тұлға. Даңқты қазақ билеушісінің өмірі, қызметі, оның заманы тyрaлы тарихи деректердің қоры өте аyқымды. Аталған қазақ билеушісі туралы бұл деректер еліміздің және Ресей, Қытай, Моңғолия, Орта Азия елдерінің, басқа да алыс-жақын шетелдің дерек қорларында сақталған. Бұл дереккөздер қазақ, орыс, қытай, шағатай-түрік, тот моңғол, манжу және басқа да тілдерде жазылған. 

Абылай ханның биік тұлғалық келбеті қазақ халқының тарихи жадында ғасырлар бойы жаңғырып келеді.

Қазірге дейін жүргізілген Абылай хан туралы зерттеулер де аса ауқымды. Ол туралы зерттеушілер отандық тарихшылар еңбегімен ғана шектелмейді. Бұл қатарда Патшалық Ресей, Кеңестер Одағы, Ресей Федерациясы, Қытай, Жапон, Еуропа елдері мен АҚШ және басқа алыс-жақын шетел ғалымдарының еңбектері бар.

Осыған байланысты Абылай хан Отaндық жәнe шeтeлдiк ғaлымдaр тaрaпынaн көбірек зeрттeліп кeлді. XVIII ғасырдағы Қазақ, Жоңғар, Ресей және Қытай қарым-қатынасы тарихы туралы зерттеушілердің Абылай туралы тоқталмай өтпегені кемде кем. Ол еңбектерде Қазақстан мен оның іргелес көршілері тарихында қазақ ханы жайлы арнаулы тараулар да бар. Дегенмен, XVIII ғасырдың екінші жартысындағы мемлекет қайраткеріне қатысты сауалдардың барлығы әлі өз жауабын толық тапты деп айта алмаймыз. Мұның өзі айтулы тарихи тұлғаның сан қырлы тарихи келбетін ашып, зерттеулер жүргізу қажет екенін көрсетеді. Атап айтар болсақ Абылайдың өзі мен айналасындағы тұлғалар, ол билеген Қазақ хандығының саяси-әлеуметтік бітім-болымысы, Абылайдың алып көршілерімен, етене жақын туысқан халықтармен арадағы әртүрлі мазмұндағы қым-қуыт қарым-қатнастары туралы әлі де өте көп сауалдар сақталып келеді. Сондай сауалдың жауабына бүгінгі адамдар қолда бар дәлел-дәйектердің әлеуетіне қарай жауап іздеп отыр. Бірақ, бұл сауалдың соңғы әрі нақты жауабы дегенді білдірмейді. Ғылым бір жерде тұрмайды, дамиды, жаңа зерттеу жетістіктері зерттеудің көк жиегін кеңіте түседі. Тың тарихи дереккөздердің ашылуы мен зерттеудің тереңдеуі тың сауалдарды әлі де туындата бермек. Сондықтан туындаған сауалдарды басқа қырынан танып, кешелі-бүгін талқыланған мәселені басқа қырынан қайта қарастырып, жауап берушілер әлі талай болатынына сену лазым.

Қазақ тарихы жүздеген жылдар бойы қалың қазақ арасында ауыз әдебиеті түрінде айтылып қазақ халқының тарихи санасында сақталып келді. Бұл тұрғыдан айтқанда қазақ фольклорлық шығармалары қазақ тарихының оқулығы болды деуге болады. Сол сияқты Абылайдың ғұмырнамасы, оның Қазақ хандығының атақты билеушілерінің бірі ретінде атқарған тарихи қызметі фольклорлық шығармаларға алтын арқау болып, «Хан Абылай» халықтың сүйіспеншілігіне бөленді, ерекше мадақталды, дәріптелді. Фольклор болған оқиғаға өзінше баға береді және ол баға халықтың дүниетанымымен, салт-санасындағы ғұрыптармен, орныққан саяси танымдарымен тығыз байланыста болады. Ең маңыздысы сол Абылай ханның фольклорлық шығармаларда идеалды билеуші бейнесінде сомдалғандығы. Айтулы тұлғаның фольклорлық бейнесіне халық өзі қалаған саяси танымды, көңілі сүйген мінез-құлықты, армандаған іс-әрекеттермен, асыл қасиеттерді жинақтаған. Абылай туралы фольклорлық шығармаларда, әсіресе, ханның ерлік істері мен жорықтары туралы баяндалатын аңыздарда тарихи шындықтың ізі айқын суреттеледі.

Дәуір шындығының сәулесі, тарихи зерттеулерде жанама дерек көзі ретінде танылатын фольклорлық туындыларда нақты фактіні нығыздаудан гөрі халықтық таным мен көзқарас басым сипат алады. Сондықтан Абылайды тану тек оның жеке басының қадір-қасиетін тану емес, халықтың өткен тарихын, тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін тану болып табылады. Бұл тұрғыда Абылай хан туралы фольклорлық туындылардың берері өте көп. Сондықтан Абылай ханның көрші елдермен жүргізген қарым-қатынасының фольклорлық шығармадағы бейнеленуі белгілі бір оқиғалардың жаңғырығы сипатында туындаған сюжетті шығарманың бір бөлшегі ретінде көрініс тауып отырады. Сөйтіп, Абылай есіміне қатысты халық шығармашылығында қазақтың өткен тыныс-тіршілігінен мол хабар беретін рухани қазына сақталды. Тарихи сананың бұл көріністері қазақ фольклорлық мұрасында, соның ішінде тарихи жырлар мен аңыздарда сақталып келген. Олардың біраз нұсқалары Абылайдың атына байланысты, сонымен бірге аталған дәуірде Абылаймен бір дәуірде өмірсүрген көптеген тарихи тұлғаларға байланысты тарихи жырлар мен аңыздарда да сақталып отырады. Бұл мұралар қазақ халқының тарихи санасын ғасырдан ғасырға жалғастырған тарихи оқулық рөлін ойнады. Одан қазақтың талай ұрпағы нәр алып, намысын қайрап, ерік-жігерін, ақыл-ойын шыңдады әрі терең таным мен тағылым түйді.

Абылай қазақтың тарихи санасынан өшпес орын алған тарихи тұлға. Көне түркілердің мәңгілік тас жазбаларында жазылғанындай бытыраған Елдің басын құрып қағанатты қайта көркейтуші қағандарды «Ел етміш қаған» деп атайтын болған. Біркездері әр кімнің теліміне түсіп тоз-тоы шығып бытыраған  халқтың басын құрап бір шаңырақтың астына жинаған қағанды - «Елтеріш қаған» қаған деп атап, ұлықтап отыратын болған. Абылай түркі дәуірінде жасағанда оның халқы оған осындай атақтың дәл өзін берер ма еді, болмаса одан да лайықты бізге жетпей ұмыт болып кеткен тағы қандай таңғажайып даңқты атпен атар да еді.

Бірақ, Абылай қадімгі көктүріктер мемлекетінің тіке мұрагерлерінің бірі болған Қазақ хандығы дәуірінде жасады. Соған қарай оның халқы оны өз дәуірінің дәстүрі бойынша ұлықтады, мадақтап, жырлады. Туған халқы оны ресми хан болғанға дейін «хан» деп атады. Оның есімін ерлік пен елдіктің сиволы ретінде ардақтады. Абылай ханға қатысты әдеби мұралар осындай даңқты хандарын жырлау мақсатында шығарылған тарихи тарихи шығарма саналады. Абылай өміріне қатысты «Абылай хан», «Сабалақ», «Абылай хан әңгімесі», «Абылай туралы жыр», «Қалдан Серен Абылайды тұтқынға алғаны», «Сабалақ – Абылай хан», «Сабалақ» (қисса), «Абылай мен Олжабай», «Сабалақ, Әбілмансұр, Абылай хан», «Абылай хан, Ақ атан», «Абылай туралы», «Абылай заманында қазақтан шыққан батырлар», «Абылай хан мен Қалдан», «Абылай ханның бір жорығы» тағы сол сияқты жырлар, аңыз-әңгімелерден тыс Абылай ханның замандас тарихи тұлғаларға қатысты жырлар мен аңыздарда Абылай туралы қайталанбас мәліметтер кездесіп отырады.

Мұндай тарихи шығармалар Абылай атын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, жырлап отырды.  Мадақтады, ұрпақ саласындағы Абылай келбеті, парасаттың, елдіктің, ерліктің, жеңістің символы ретінде сақталып қалды. Абылай дәуірі қазақ мемлекеттілігінің керемет кезеңі, елдіктің, ұлттық тұтастықтың, этнотерриториялық аумақ тұтастығының қалпына келтірудің үлгісі ретінде сақталды.

Шын мәнінде Абылайдың тарихи бағасын қазақтың әр дәуірде жасаған жыраулары мен жыр сүлейлері жырлап келді. Ал оның бағасын қазақтың ғұлама ғалымы, Абылайдың тіке ұрпағы әлде қашан беріп қойған еді. Отандық ғалымдар қатарынан Абылай ханның өміріне арналған алғашқы ғылыми зерттеуді Абылайдың тікелей ұрпағы, атақты ғалым Ш.Ш. Уәлиханов жазып қалдырып, онда Қазақстанның ұлттық бірлігі мен аумақтық тұтастығы идеясы өте жақсы көрсетілді. Ол атасы туралы жыр-аңыздарға арнайы көңіл бөліп, «ХVІІІ ғасырдағы батырлар туралы аңыздар» атты топтама жинақ, «Абылай» атты жыр және тарихи очерк жазды. Ш.Ш. Уәлиханов халық аңыздарында тұтас дәуір шындығы және халықтың әдет-ғұрпы, өмір салты баяндалатынын «Абылай» атты зерттеу мақаласында: «Қазақтардың аңыз әңгімелерінде Абылай поэтикалық әсірелеуге түскен бейнеде суреттеледі. Абылай ғасыры – қазақтың ерлік рухы асқақтаған ғасыр. Оның жорықтары мен батырларының көзсіз ерліктері эпикалық әңгімелердің сюжетіне айналған. Сыбызғы мен домбырада ойналатын күйлердің басым көпшілігі оның дәуірі мен өмірінің әр кезеңдеріне арналған», – деп жазады. Ш.Ш. Уәлиханов бірде: «XVIII ғасырдың алғашқы жартысында жоңғарлармен болған шайқаста өзінің даналығымен және ұйымдастырушылық қасиетімен қазақ халқының арасында үлкен беделге ие болды. Тарихи деректер Абылайды орталықтанған қуатты қазақ мемлекетін құруға бағытталған көреген саясаткер ретінде сипаттайды», –  деп атап көрсетеді. Сонымен бірге «Халықтың сый құрметіне бөленген Абылай бірде-бір қазақ ханында болмаған шексіз билікке ие болды», – деп онан ары нақтылай түседі.

Абылай хан қазақ хан-султандары арасында тарихи деректер ең көп сақталған қазақ ханы саналады. Ол турлы тарихи деректер қазақтың төл жазбадарында жазылған. Бұл шығармалар қатарында тарихи шығармалар сенімді деректер орнында бағаланады.

Абылай туралы деректер кешеніндегі аса құнды деректер қорының бірі - ханның көрші мемлекеттерге жолдаған хаттары қарастырылады. Мұндай хаттарды тарих ғылымында тұлғаның өз қолымен жазған тарихи деректер санатына жатқызылады.   Абылай хан хаттары сол дәуірдегі мемлекеттер мен халықтар билеушілеріне, түрлі әскери, әкімшілік шенеуніктеріне мемлекеттер арасында сақталған әртүрлі мәселелерді шешу мақсатында жолданып отырған.  Сол хаттардың түп нұсқасы Ресей, Қытай сияқты көрші елдердің мұрағат қорларында сақтаулы тұр. Хаттардың біраз нұсқалары соңғы кезге дейін құпия сақталды. Жариялы түрлерінің өзінде көбінде түп нұсқаның өзі емес сол замандағы патшалықтың арнаулы тілмаштары аударған нұсқасымен көбірек таныс болдық. Өз кезінде патшалықтар үшін қызмет еткен орда хатшылары мен шенеунік тілмаштар хаттардың түп нұсқасына қаншалық әділ болғанын мүлшерлеу қиын емес. Сондықтан бұл түрдегі дерек мамандарға мейілінше соңғы уақытқа дейін қол жетімді болды дей алмаймыз. Тек соңғы ондаған жылдар ауқымында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде деректерді іздеп табу, жинау, хаттардың көшірмесін елге жеткізу қолға алынды. Қазіргі кезде хаттарды зерттеуге Отандық және шетелдік ғалымдар ат салысып жатыр.

Сөйтіп, соңғы жылдары жарияланып ғылыми айналымға түсе бастаған деректер аталған тұлғаға қатысты көптеген мәселелерді қайта қарастырy керек екенін көрсетті. Осы орайда жaңaдaн тaбылғaн дeрeктeрді зерделеу арқылы күні бүгінге дейін лайықты шешімін таппай келе жатқан саyалдарға нақты жayaп iздeyдің, сонымен бірге кей мәселелерді қайта талқылаyдың тың міндеті жүктелді. Қолда бар тарихи материалдар бізге Абылай ханға қатысты бірқатар салаларда зерттеу жүргізуге мүмкіндік берді. Дегенмен, зерттеудің бастапқы мақсаттары бізге тек Абылай ханның көрші мемлекеттермен және іргелес халықтармен қарым-қатынасы төңіріегіндегі құжаттар топтамасына зерттеу жүргізуді міндеттеді.

Абылай ханның өмірі мен мемлекеттік қызметінде, соның ішінде  көрші мемлекеттермен және іргелес халықтармен қарым-қатынасы төңіріегінде Абылай келбеті көрші Жоңғар хандығымен арадағы тарихи байланыста көзге түседі. Дерек көздер ұсынған мәліметте Абылай жоңғар жеріндегі ішкі талас-тартыстарға қолдау көрсете отырып, сол арқылы бір-біріне қарама-қарсы ойрат нояндарының түрлі топтарының күшеюіне жол бермегені және олардың әлсіреуі нәтижесінде ойраттарды Солтүстік-Шығыс Қазақстан мен Жетісудың әртүрлі аймақтарынан ығыстырып шығарғаны анық көрініс табады.

Абылайдың ойраттарға қарсы жасаған сәтті әскери жорықтары қазақтардың Ертістің орта және жоғарғы ағысы алқабына, Зайсан ойпатына және Іле өзенінің жоғары ағысындағы өздерінің байырғы ата қонысында ірге тебуіне мүмкіндік берді.

Абылайдың жоңғарлармен арадағы соғыс пен бейбітшіліктің келелі мәселелерін шеше білуі оны қазақтардың саяси өміріндегі орнын нығайып, қазақ рулары Абылай төңірегіне топтаса бастады. Осылайша Абылай  өзінің бар күш-жігерін жоғарғы билікті нығайтуға және Қазақ хандығын ұзаққа созылған саяси дағдарыстан шығаруға бағыттады. XVIII ғасырдың 50-жылдарының ортасына қарай Абылайдың ықпалы Орта жүздің және Ұлы жүздің көптеген руларына тарады. Нәтижесінде ол Қазақ хандығындағы басты тұлғағалардың біріне айналдырды.

Абылай хан дәуірінде Ресей империясымен арада қалыптасқан жағдайлар ауқымды тақырыптарға ауысып отырады. Абылай хан мен Ресей империясы ара қатынасында да сақталған сан түрлі сауал бар. Қолда бар архив құжаттар негізінде сол сауалдардың жауабын қарастыруға мүмкіндіктер туды дейтін болсақ, Абылайдың Петерборға депутация жіберуі, Абылайдың ресейліктерді тұтқында ұстауы, Абылайдың Омбы және Орынбормен қарым-қатынасы, Абылайдың орыстармен жасаған саудасы, Абылайдың Ертістің оң жағына қоныстану күресі, Абылай және орыс крестьяндары, Абылай және оның тілмәштары, Абылайдың Ресей бодандығындағы башқұрт, татар халықтарымен байланысы т.б. болып келеді. Соның ішінде біраз жәйттер Ресей империясының Абылай және қазақ элитасы саналған сұлтандар мен батырларды өз жағына тарту мақсатында қолға алған күрделі және көп сатылы саяси шараларына қатысты болып отырады. Ресей империясының қазақ билеушісін әлсірету мақсатындағы саяси әрекеттері де көрініс табады.

Соның ішінде Абылай ханның өзіне қарасты қазақ руларын Ертіс пен Новоишимск әскери бекіністерінің ішкі жағына барып мал жаюға және сол жерлерге елін көшіріп апарып қондыру бастамасының тарихи себептері мен алғышарттарын, көштің тұтас барысын зерттеу Абылай ханның Қазақ жерінің байырғы аумағын қалпына келтіру мақсатында Ресей империясының жаулау саясатына қарсы әрекетінің елеулі мазмұны саналады. Бұдан өзге барымта мен сырымта, жылқы ұрлығы, екі ел тұрғындары арасында орын алған түрлі жаңжалдар, кісі өлімі, қашқындар мәселесі, елшілер, сауда-саттық тағы да басқа толып жатқан мәселелер бар.  

Сонымен бір уақытта Ертістің жоғары бойы, Іле аңғары, Алтай және Тарбағатай тауларындағы қазақтың байырғы жерлерін қайтарып алуы мен онда өз елін қоныстандыру шаралары төңірегінде Цин империясымен арада қалыптасқан күрделі байланыстар паралел жүріп жатты. XVIII ғасырдың ортасында циндіктердің Жоңғар хандығын жаулап алуы Қазақ хандығы мен Орта Азия елдеріне тың сынақтар мен қауіп-қатерлер ала келді. Соның бірі циндіктердің бұрынғы Жоңғар хандығы жаулап алған жерлердің барлығы енді біздің жеріміз болады дейтін агирессивті пиғылынан туындады. Бұл Абылай хан және басқа қазақ билеушілері көптен бері қолға алып келген бұған дейін жоңғарлардың қолына өтіп кеткен ата қоныстарын қайтарып алу мен оған иелік ету жолындағы кешенді жоспары мен сол мақсатта күш салып келген келелі іс-шараларының нәтижелі аяқталуына кедергі келтірді.

Қазақ хан-сұлтандаы бастабында Қазақ жерін қорғап қалуда Жоңғар хандығын аман сақтап қалып, оны Цин империясымен арадағы буперлік аймақ ретінде сақталуды жөн санады әрі оның жолдарын қарастырды. Осындай мақсатта Жоңғар  қашқындарына пана болды, және соларды қуып Қазақ даласына келген циндіктердің армиясымен екі жыл бойы соғысты, бір қатар жеңістерге жетті. Аймақта қалыптасқан геосаяси жағдайдың даму беталысы ақыр соңында бұл жобаның баянсыз екеніне көз жеткізді. Мұндай жағдайда қазақтың мемлекеттілігі мен территориясын сақтап қалудың басқа жолдарын қарастыруға тура келді. Артынша циндіктермен ымыраға келіп, екі ел арасында бейбітшілік орнатты. Циндер жағы Әмірсана бастаған жоңғар қашқындарын тапсырып берген жағдайда қазақтарға артық талап қоймайтынын анық айтты. Әмірсананың Қазақстаннан қашып шығып Ресейге кетуі бұл мәселені Ресей мен Цин империясы арасындағы даулы мәселеге айналдырды. Қазақ билеушілері циндермен арақатынасын реттеуді онан әрі жолға қойды. Дипломатиялық мақсатта елшілер аттандырды, сауда қарым-қатынастарды жандандырды әрі оны өздерінің тарихи ата қоныстарын қайтарып алу мен оған иелік ету ұлы ісін жалғастырудың қажетіне жаратты.

Қазақ хандығы мен Цин империясы арасында болып жатқан осындай күрделі працессте Абылай екі ел қатынасындағы елеулі тарихи тұлға ретінде бой көрсетті. Ол  қытайлармен бейбіт келісімге келе отырып қазақтың ата қонысына ел қондыруды бір сәт тоқтатқан жоқ. Ата қонысты қайтарып алу мен оған иелік етуге жасалған түрлі кедергілерді шеберлікпен шеше білді. Ол аттандырған әрбір елшілік миссияда қазақ жерінің тағдырын көтере білді әрі жоғары деңгейде шешілуіне ықпал етті.

Жердің тұтастығы мен елдің тұтастығынан өзге ол тағы әр түрлі қауіп-қатерлердің алдын алып отырды. 1771 жылғы «Шаңды жорықта» Еділ қалмақтарынан келуі мүмкін қауіптің алдын ала білді, және қауіп-қатерлерді жоюдың өнімді шараларын қарастырды. Оның көреген саясатының арқасында Еділ қалмақтары Цин патшалығының уысына түсті әрі олардың  Қазақ даласынан дәметкен пиғылы құрдымға кетті. Абылайдың Қазақ хандығы мен Цин империясы деңгейінде қазақ-жоңғар қатынастары мен байланыстары мәселелерін шешуде көрнекті рөл атқаруы оны қазақ қоғамында үлкен саяси ықпалға ие етті.

Жоңғар мемлекетінің жер бетінен жойылуына байланысты бұрын ортақ жауға қарсы күш біріктіріп, жеңістің қуанышын да, жеңілістің ащы дәмін де бірге татқан қазақ пен қырғыз туысқан екі халықтың арасына жік түсе бастаған болатын. Мұның ең басты себебі жайылымдық жерлерге, керуен жолдарына, Орталық Азиядағы сауда-саттықта өз ықпалын орнату сынды мүдде қақтығысына байланысты болды. Нәтижесінде қырғыз жасақтарының Жетісу қазақтарының жеріне баса-көктеп кіріп, малын айдап әкету оқиғалары жиілей түсті. Қазақтардың сауда керуендері де талай мәрте тоналды. 60-шы жылдары қазақ пен қырғыз қарым-қатынас тіптен нашарлап кетті. Мұндай жағдай Абылай ханды қырғыз жеріне бірнеше жорыққа шығуға мәжбүр етті. Екі ел арасындағы жер үшін, сауда жолдары үшін талас Абылай хан мен қырғыз арасындағы соғысқа негіз болды.

Айтулы тарихи кезеңде оқта-текте орын алған қақтығыстарды есептемегенде, қазақтар мен Бұхара арасында бейбіт қарым-қатынас тұрақты дамыды. Қазақ хандығы мен Бұхара хандығы арасында баяғы заманнан бергі жақын көрші, туысқандық, көп заманнан бері қалыптасқан өзара тиімді сауда-саттық сақталып отырды. Бұхаралықтар Жоңғар мемлекетімен, Қытаймен және Ресеймен сауда жасауға Қазақ даласы арқылы барып отырды. Сібір қалаларында «Бұхара қоныстары» құрылды, онда осы елден көшіп келгендер көптеп қоныстанды. Олар Сібірдің Түмен, Тара және Тобыл қалаларына қоныстанып, көпестер гильдияларын қабылдады да, далаға сауда жасауға келіп тұрды. Абылай Бұхарамен арадағы қарым-қатынаста  Қазақ даласының транзиттік жағдайын өте тиімді пайдаланып, сауда-саттықтан пайда алуға негізделген бейбіт саясат жүргізді. Бұдан тыс Абылай хан Ресей мен Бұхара хандығы арасындағы сауда-саттықта негізгі делдал болуға тырысып,  Қазақ даласы арқылы өтетін керуендердің қауіпсіздігіне кепілдік берді.

Абылайдың қарақалпақтармен қарым-қатынасы аймақта орын алған күрделі геосаяси жағдайларда қалыптасты. Көп заманнан бері жалғасқан тату-тәтті байланыс өз жалғасын тапты. Дегенмен қарақалпақтармен арадағы қарым-қатынастың ушығып кеткен кездері де болды. Мұндай кезде оларға әскери жорықтар жасап тұрды. Жанжалдың түп негізінде жайылым жерлерге қатысты шешілмеген дау жатты. Қазақтардың арасындағы қарақалпақ тұтқындары кейде Ресей шекарасына қашып кетіп отырды. Абылай осы тұтқындарды қайтарып беру туралы Ресейге қатаң талаптар қойып отырды.

Абылай Орта жүз қазақтарының жерінен едәуір қашық жерлерді мекендеген түрікмендермен де тығыз қарым-қатынаста болды. Қазақ ханы түрікмендердің жерлеріне жиі болмаса да әскери жорық ұйымдастырып тұрды. Қазақ даласынан қашқан түрікмендерге қатысты мәселені Ресейдің шекара аймақтары шенеуніктерімен шешіп отырды. Түрікмен қашқындары мәселесі 1771 жылы «Шаңды жорық» кезінде Еділ қалмақтары қатарында шығысқа ауған түрікмендермен де байланысты болды. Абылай хан Ресей шекара әскери шебіне қашып барған түрікмендерді қайтарып алу үшін әрекет жасады. Алайда Ресей тарапы оларды қазақтарға қайтарудан бас тартты. Дегенмен қазақтардың қолында тұтқында жүрген түрікмендер де көп болды. Олардың бір бөлігі сұлтандар мен хандарға қызмет еткен төлеңгіттердің құрамына енді.

Абылай ханның башқұрттармен саяси-әлеуметтік қарым-қатынасы өзіндік ерекшеліктерге ие болды. XVIII ғасырдың екінші жартысында орын алған башқұрт халқының көтерілісі Ресейдің тарихи және қоғамдық-саяси ландшафтына әсер етерліктей елеулі себеп-салдарларға ие болды. Бұл кезде Абылай хан бастаған қазақ халқы да, башқұрт халқы сияқты іргелес империяның саяси қысымына тап болды. Абылай хан осы ортақ саяси қауіптен сақтану үшін башқұрттарды өзінің елі мен жері қорғауда ықтимал одақтас ретінде қарастырды. 1755 жылы орын алған көтерілісте башқұрттардың  Қазақ даласына шегіне қашып қайта көтерілуі секілді саяси маневрлерде Абылай хан да, көтеріліс басында болған башқұрт көсемдері де халықтың амандығын сақтауда келісе әрекет етті. Қазақ және башқұрт халқына көрші империялардан төнген ортақ саяси қауіпті сейілтудің қажеттілігі оларды бірлікте іс-қимыл жасауға мүдделі етті.

Абылай билік басында болған уақытта екі империяның арасында өзінің құқықтық мәртебесін шебер пайдаланды және осы прагматикалық ұстанымының арқасында қазақтар арасындағы ықпал ету аясын кеңейте алды. Ол көп жыл бойы Орта жүзге және кейінгі уақытта Ұлы жүздің көптеген рулары мен тайпаларына билік жүргіп,  Қазақ даласының орталық, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті. Ол  Қазақ даласының Орта және Жоғарғы Ертіс өңіріндегі, Ертістің оң жағалауындағы, Жетісудағы жоңғарлар жаулап алудың алдындағы территориялық аумағын қалпына келтірді. Қазақтың қазіргі этнотерриториялық аумағы Абылай билік еткен заманда қайта қалпына келді әрі тұрақтанды. Абылай хан Қазақ хандығының Патшалық Ресей, Цин империясы және Орта Азия хандықтары арасындағы сауда-экономикалық байланыстарын тұрақтандырды және дамытты. Сөйтіп, Абылай хан өз дәуірінде дана саясаткер, дарынды қолбасшы, көрнекті дипломат ретінде әлемге танылды.

Абылай хан тақырыбы оның тарихи тұлғалық бітім-болымысын зерттеyмен ғана шектелмейді. Тарихшы ғалымдардың бұған дейін қол жеткізген зерттеy жетістіктерінің өзі аталмыш тақырып әлі де болса тереңірек зерттеуді қажет ететіндігін дәлелдеп отыр. Әрине, кез келген зерттеу көтерген тақырыпты қолда бар құжаттар негізінде зерделеп, сол деректерге сүйеніп, мәселеге жауап іздейді. Алайда, бұл барлық мәселе лайықты шешімін тапты дегенді көрсетпейді. Аталған ұжымдық монография авторлары қолда бар деректер негізінде зерттеу жүргізді. Сондықтан, тақырыптың ашылмаған сырлы тұстары әлі де көп. Алдағы уақытта жаңа деректердің ашылyына, ғылыми айналымға енуіне, ғылыми зерттеyдің тереңдей түсyіне орай әлі талай жаңалықтар ашылатынына сенімдіміз.

Жанымхан Ошан, 

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты,

жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты. 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
5
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!