Columbus -3℃
  • 529.7
  • 551
  • 5.15

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАРДАҒЫ ПАНАСЫЗ БАЛАЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАРДАҒЫ ПАНАСЫЗ БАЛАЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ alnews.kz

7 қараша күні Алматыдағы  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «1920-1930 жылдардағы панасыз балалар тарихының зерттелуі мен проблемалары» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті, - деп хабарлайды alnews.


Іс-шарада 1920-1930 жылдардағы отандық және шетелдік тарихнамада Қазақстан мен көршілес елдер аумағындағы балалар панасыздығы проблемасы жан-жақты талқыланды.  Сондай-ақ зерттеу тақырыбы бойынша жаңа деректерді анықтау, жинау және оларды ғылыми айналымға енгізу мәселелері қарастырылды.
 
Аталған семинарға институттың бас директоры  ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор З.Е.Қабылдинов, директордың ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., Ш. Баянұлы, институт директорының сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., Ж.Ж. Жеңіс және ғалым хатшы Н. Құрманалина мен т.ғ.д., профессор О.Х. Мұқатова қатысты. 

Семинар «1920-1930 жылдардағы Қазақстан аумағындағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесі» атты жобаның аясында өтіп отыр. Онлайн және оффлайн форматта өткен ғылыми-әдістемелік семинарға қызығушылық танытқан отандық тарихшылар мен белсенді азаматтар қатары көп болды.

Зұлмат жылдардағы панасыз балалардың мәселесі туралы семинардың алғысөзін бастаған институттың Бас директоры З.Е. Қабылдиов, ХХ ғғ. 20-30 жылдарындағы түрлі себептерге байланысты ата-анасынан айрылған панасыз балалардың жағдайын баяндады. Саяси зұлмат және ашаршылық жылдары көрші елдерге көшуге мәжбүр болған азаматтардың балаларының кейбірі кейін сол елдің мақтанышты тұлғасына айналғанын да дәйекті мысалдармен келтіріп олардың қилы тағдырына талдау жасады. 
 
Сонымен бірге аталған тақырыпты зерттеудің теориялық және методологиялық тәсілдерін жетілдірудің маңыздылығы мен өзектілігі және тақырыпты зерттеуде сақталған кейбір түйіткілдердің себептеріне талдау жасаған т.ғ.д., профессор О.Х. Мұқатова баяндама барысында “панасыз балалар” терминіне де жеке тоқталды. Сонымен бірге панасыз балалар мәселесі бойынша зерттелген отандық және шетелдік тарихнамаға шолу жасап, сол жылдардағы мерзімді баспасөзде жарияланған мақалаларды зерттеудің мағыздылығы туралы айтты. 
Баяндамадан соңғы талқылау барысында тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Ж. Жеңіс пен Г.Ү. Орынбаева, PhD доктор М.М. Қозыбаева, тарих магистрі А.А. Бекенова, докторант Е. Сауырқан өз пікірлерін білдіріп, баяндама тақырыбына қатысты сауалдарын қойды. Қарағанды университетінің оқытушысы Т.Сакабай өзінің аталған тақырып туралы зерттеу нәтижесімен бөлісті. PhD доктор М.М.Қозыбаева ашаршылық кезінде Қырғыстан, Батыс Сібір, Оңтүстік Сібірге т.б. шектес жерлерге кеткен қазақ балаларының тағдырын зерттей отырып, сол елдердегі балалар қамқорсыздығымен күрестің қалай жүргізілгендігіне салыстырмалы талдау жасау қажеттігін атап өтті.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!