Columbus -3℃
  • 529.7
  • 551
  • 5.15

Ұлыстың ұлы күні. Қазақ жерінде Наурыз қалай тойланады?

Ұлыстың ұлы күні. Қазақ жерінде Наурыз қалай тойланады? 图片来源:哈萨克斯坦旅游网

Тегтер:

21 наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелу күні. Қытымыр аяз бен қара суықтың орнына көктемгі жайма-шуақ ауа райы орнап, мыңдаған шақырымды еңсерген құстар аяулы ұяларына қайтып оралатын, тіршілік атаулы жанданып, мұз құрсауында қалған өзен-көлдер еріп, қуаттана түсетін осынау берекелі маусым - түркі халықтарының ғасырлар бойы тойлап келе жатқан басты қуанышы - Наурыз мейрамы.

Парсы тілінен аударғандағы «наурыз» сөзі «жаңа күн» деген мағынаны береді. Әр елдің тілдік ерекшеліктеріне қарай, Наурыздың жазылуы мен айтылуы әрқалай: Новруз, Навруз, Нуруз, Невруз, Нооруз, тағысын тағы да.

Қазақ халқы, басқа да түркі халықтары секілді, Наурызды өзгерістер өзегі деп түсінген. Мейрамның қамын қамдау бірнеше апта бұрын қолға алынатын: барлығы ең өңді киім-кешегін дайындап, үй-жайын жақсартып, аула-қорасын реттеген. Әз Наурыз келген күннен қалың бұқара жиналып, ән шырқап, би билеп, мол дастархан жайылып, шат-шадыман той тойланған. Алғыр ақындардың айтысы, дала баласының күші мен айласы сарапқа салынған қазақша күрес алаңы, ақыл-сана сыналатын тоғызқұмалақ ойыны, тұлпарлардың бағы мен бабын байқатар бәйге (5-15 шақырымға созылатын ат жарысы) тойдың сәнін келтіріп, мәнін еселей түскен.

Наурызға жайылған дастархан да молшылығымен ерекшеленетін. Астан бұрын және кейін аруақтардың жанына медеу болар деген ниетпен дұға бағышталған. 7 түрлі дәмнен әзірленген наурыз көже – мерекелік дастарханның міндетті де басты тағамы ретінде ұсынылатын.

Ежелгі мерекенің заманауи сарында тойлануы: бүгінгінің Наурызы

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, Наурыз мейрамын тойлау 14-23 наурыз аралығында 10 күнге созылады. Бұл кезең «Наурызнама» деп аталады.

Мейрамның басты қағидалары мен дәстүрлері қаз қалпында, еш өзгермеген. Ертедегідей, барша адамдар біріне бірі амандық, саулық, береке-бірлік тілейді. Қалалар мен ауылдарда көшелер мен саябақтарды тазалау жұмыстары жүргізіледі, көшеттер егіліп, абаттандыруға көп көңіл бөлінеді. Орталық алаңдарда қазақстандық өнердің жарқын жұлдыздары қатысатын керемет концерттер ұйымдастырылып, сән-салтанаты жарасқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылып, наурыз көже мен палау дайындаудан сайыстар өткізіледі. Ұлттық спорттық жарыстардың жеңімпаздары да көбіне көп Наурыз қарсаңында анықталады.

Батыстағы ағайын көне дәстүрлерді сақтай отырып, Наурызды ресми бекітілген мезгілден 2 апта бұрын тойлай бастайды.

Барлық ірі қалалардың аумағында этноауылдар бой көтереді. Мұнда барлық тұрғындары мен қонақтары таңнан бастап ыстық бауырсақтан дәм татып, тіл үйірер наурыз көжемен ауқаттанып алса болады. Киіз үйлердің төңірегінде қашан да қызыққа қанық шаралар ұйымдастырылып жатады: концерттер, театрландырылған қойылымдар, спорттық жарыстар мен түрлі жүлделер ойнатылатын сайыстар жетіп артылады. Келесі бір жерде сауданың қазаны қайнап жатқан қолөнершілер көрмесі мен ауылшаруашылық жәрмеңкелері жүріп жатады. Бұл тараптан көздің жауын алар ұлттық нақыштағы бұйымдар мен құрт, жент, май, сүзбе, ірімшік сияқты таптырмайтын тәтті-дәмдіні сатып алуға мүмкіндік көп.

алқы Наурыз мейрамын ерекше ықыласпен тойлайтын өңір деп Түркістан облысын айрықша атай аламыз. Еліміздің мәдени орталығы танылған киелі Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Әдетте дәл осы жерден ауыл тұрғызылып, Наурыз тойланады. Еш әсірелеусіз, тонналап палау пісіріліп, өзен боп наурыз көже құйылады. Бұл кереметтен бөлек, оңтүстік өлкеде дәстүрлі түрде түйе және жылқы керуендері көрсетіледі. Бұл арқылы халық береке-бірлігін айқындап, соның барлығын сыйлаған ұлы күштерге тағзым етеді.

Қанша дегенмен, Ұлыстың ұлы күнін ірі қалаларда тойлау ғана қызықты деген жаңсақ пікірден аулақ болуға шақырамыз! Ауыл-аймақтағы Наурыз қайталанбас әсер қалдырары шүбәсіз. Жергілікті ауылдық кең алқаптарда қалалық кеңістікте өткізуге келмейтін көптеген ұлттық ойындар өткізіледі. Мәселен, тоқтыны арқалаған ерлердің арасында сол «тірі» жүкпен кім көбірек отырып-тұра алатыны анықталады. Нағыз қазақы тартысқа куә боламын десеңіз, осы ауылдардың маңында өтетін көкпар мен бәйге ойындарын көруге міндеттісіз. Сондықтан, Наурызды тойлауға дайындықты ертерек бастағаныңыз жөн: Таңдауыңыз қаладағы этноауыл мен ұлттық шығармашылық көрсетілімдеріне түседі ме? Әлде ауылдағы көшпенділіктің шынайы көріністері жаныңызға жақынырақ па? Бір сөзбен айтқанда, Наурызды қайда және қалай тойласаңыз да ұмытылмас әсерлерге кенеліп, керемет көңіл-күйге бөленеріңіз айдан анық.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!