Columbus -3℃
  • 529.3
  • 551
  • 5.15

Тыңшылар шайқасы: Батыс пен Қытай арасында барлау ұйымдарының бәсекесі қызуда

Тыңшылар шайқасы: Батыс пен Қытай арасында барлау ұйымдарының бәсекесі қызуда Atameken Busness

АҚШ пен Британия өзінің ең жақын одақтастарын Қытайдың тыңшылық әрекеттеріне қарсы ортақ күресуге жұмылдыруда. Америка Құрама Штаттары, Біріккен Корольдік, Канада, Австралия және Жаңа Зелендияның барлау ұйымдары Қытайға қарсы ортақ күресуге күш салуда. Себебі, олар Қытайдың Батыс елдеріндегі тыңшылық әрекеттеріне, әсіресе сауда тыңшылықтары мен хакерлік шабуылдарының әлеуеті айрықша деп бағалайды. 

Ірі державалар арасындағы бәсеке, барлық салаларға қарай өрістеуде. Соның қатарында барлау қызметтері, тыңшылық ұйымдар арасындағы бәсеке де қыза түскені байқалады. Соңғы жылдары АҚШ және Британия секілді Батыс елдері Қытайдың тыңшылық қатері туралы жиі ескерту жасайтын болды. Сондай-ақ, Британия, Германия және Белгия қатарлы елдерде Қытайдың пайдасына тыңшылық жасады деген тұлғалар арт-артынан ұсталды. Бұдан біз Батыс пен Қытай арасында барлау ұйымдарының қызу бәскесі жүріп жатқанын аңғара аламыз. 

Батыс елеусіз қалдырған қауіп: 

Шыны керек, көп жылдан бері Қытайдың барлау қызметі, тыңшылық әрекеттері Батыс елдері үшін елеусіз болып келді. ХХІ ғасырдың бас шенінде Қытай экономикасы орнынан өре түрегеліп, барлық салаларда жаһандық кеңістікке қанат қақты. Алайда, бұл кезде Батыстық державалар үшін Қытай тым маңызды қауіп саналған емес. Олар ол кезде Орта Шығыстағы, Ауғанстандағы немесе  Израиль-Палестина сынды мәселелерге көбірек бас қатырды. Барлау қызметтері де дәл осы бағытта шоғырланды. 

Одан кейінгі кезеңде Қытайдан бұрын Ресей Батыспен ашық қарсылыққа өте бастады. Бұл да АҚШ бастаған батыстық державалардың назарын Қытайдан көрі Ресейге қарай бұрып әкетті. Ширек ғасырға жуық уақытта Қытайдың барлау қызметі дамып, түрленіп, қазір Батыс елдері үшін алаңдатарлық мәселеге айналып шыға келді. 

Бөгенайы бөлек барлау: 

Америкалық СІА немесе британдық GCHQ әлемде теңдессіз барлау ұйымдары саналып келген. Алайда, олар соңғы кезде Қытайдың хакерлік әрекеттері мен өзге де тыңшылық операцияларынан, сауда құпиялықтарын ұрлау бойынша әрекеттерінен алаңдап, өз одақтастарына жиі дабыл қағатынды шығарды. Бұның сыры неде?

Мәселе барлау тәсілдерінің мүлде басқаша болуында. Қырғи-қабақ соғыс жылдарындағыдай америкалық және кеңестік барлау қызметтері өзара бәсекелесе отырып, дамыды. Соңында тіпті олар бір-бірінің тыңшылық тәсілдеріне қанық бола түсті. Америкалықтар кеңестік тыңшылық аппараттарды, тыңдағыштарды тез ажырататыны секілді, КГБ да Батыс елдерінің агенттерін оңай табуға дағдыланған. Алайда, Американың жаңа қарсыласы Кеңес одағынан мүлде басқа болып шықты. 

Батыс барлау ұйымдарының жетекшілері Қытайдың барлау жұмыстары мүлде жаңа бағытта жұмыс істеп келеді. Алып ел орнынан тұра бастаған тұста оның тыңшылық әрекеттері көбінесе жаңа технологияларды, сауда құпиялықтарын ұрлауға көбірек бағытталды. Бұл арқылы Қытай өзінің де технологиялық және өндірістік мүмкіндігін арттыра алды. Ал, қазір Қытай тыңшылық әрекеттері Батыс елдерінен бөгенайы бөлек тәсілдерді қолданады. 

"Бес көз" бірігуде

Қытай сынды стратегиялық қарсыластарының барлау істеріндегі әлеуетіне қарай отырып, "Бес көз" елдерінің – АҚШ, Британ, Канада, Аустралия және Жаңа Зеландия барлау ұйымдары күш біріктіріп жатыр. Олардың мәліметінше Қытайдың өзінде барлау жұмысында 600 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл әлемдегі кез-келген елдегі ден көп. сондықтан, одақтастар үшін күш біріктіруден артық шара жоқ. 

Шын мәнінде, Батыс елдерінің Қытайға қатысты жасайтын мәлімдемелері мен қаққан дабылдарының бірнеше мақсаты болады. Бір қырынан өз тарабына одақтастарын жақындату болса, екінші тарабында өзге елдерді Қытайдан үрейлендіру сынды мақсаттары да жатады. Мүмкін, батыстық державалар барлау әрекеттерінде Қытайдан артта қалып бара жатса да, ақпараттық кеңістікті басқаруды Қытайдан артық меңгергенін көре аламыз. 

 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!