Ресей президенті Владимир Путин жақында Қытайға сапарлай барды. Бұл сапардан кейін Ресей-Қытай қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтеріліп, өзара тиімді одақтастық бағытқа дамып бара жатқанын көрсетті. Дегенмен, екі елдің бір-біріне терең жақындастығы өзге алып елдерден алшақтатып жіберуі мүмкін. Бұл ретте мәселені Үндістан тұрғысынан қарастырып көрмекпіз.
Азиядағы үш алып елдің ортасындағы қарым-қатынас формуласы былай:
Ресей-Қытай арасы жақын, Қытай-Үндістан арасы салқын, есесіне Үндістан мен Ресей маңызды серіктес.
Ресей-Қытай альянсы қарқынды дамыған кезде, Үндістан өзінің Ресеймен қарым-қатынасының болашағынан алаңдай бастады. Себебі, Жаңа-Делидің Бейжіңмен түбірлі қайшылықтары бар. Ұзақ уақыт жібімей келе жатқан тоңтеріс тақырыптар әсіресе шекара мәселесінде. Ал Мәскеумен қарым-қатынасы тұрақты күйдегі Жаңа-Дели үшін осы үшжақты формуланың қазіргі күйі қолайсыздықтар әкелуі мүмкін.
Үндістан тарабы Путиннің Қытайға сапарын жіті қадағалады. Сапар кезінде үнді сарапшылары Ресей-Қытай қарым-қатынасына сан қырынан тоқталып жатты. Үндістанның Ресеймен ұзақ мерзімді әскери және қорғаныс саласындағы байланыстарын және шекаралық мәселелерге байланысты Қытаймен жалғасып келе жатқан қайшылықтарын ескергенде Жаңа-Дели барынша сақтық танытады деп болжауға болады.
Дәл қазір Ресей мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың тереңдей түсуі Үндістан үшін стратегиялық, экономикалық және қауіпсіздік мәселелерінде үлкен сұрақтарды жаратты. Ең қиыны – Қытай мен Ресей арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық. Путин сапарындағы бірлескен мәлімдемелер екі елдің өзара сенімнің жоғары деңгейде екенін көрсеткендей болды. Міне осы мәслеле үндістерді алаңдатады.
Бірақ, Үндістан үшін жаңа жол дайын. Америка Құрама Штаттары Үнді-Тынық мұхиты аймағында 2019 жылдан бері жаңа стратегияны жүзеге асырып жатыр. Әрі содан бері Үндістанды Ресейден де, Қытайдан да бөліп алып, өзіне серіктес тіпті одақтас етуге күш салып келеді. Шетелдік кейбір сарапшылардың пікірінше Мәскеу мен Пекин арасының жақындай түсуі Жаңа-Делиді Вашингтонға қарай бастайды деп санайды.