Columbus -3℃
  • 528.9
  • 551
  • 5.13

Президент өлімі: Ибрахим Раисиге қастандық жасалған ба?

Президент өлімі: Ибрахим Раисиге қастандық жасалған ба? Фото: Sky News

Осыған байланысты мына сұрақтарға жауап іздегіміз келеді: Президенттің ажалына себеп болған тікұшақ туралы не білеміз? Апат расын да ауа райының қолайсыздығынан болған кездейсоқ оқиға ма? Райсидің өлімі Иран Ислам Республикасына қалай әсер етеді? Елдің ішкі және сыртқы саясатында өзгерістер болуы мүмкін бе? 

Тікұшақ апатында тірі қалғандар жоқ. Фото: Wana via Reuters

Апатқа ұшыраған тікұшақ:

Өндірушісі – АҚШ-тың Техас штатында орналасқан Bell Textron компаниясы.

Моделі – Bell 212 тікұшағы UH One-N-Twin деп аталатын тікұшақтың бір түрі. Бұлар кезінде Вьетнам соғысында қолданылған, әлемге де сол кезден бастап танымал болған.

Ал, Иран президенті отырған тікұшақ 1960 жылдары Канада армиясы үшін жасалған UH-1 Iroquois ұшағының жаңа үлгісі.

Оны жоғары жетекшілерді алып жүруге қолайлы етіп өзгертіп жасаған. Екі қозғалтқышы бар және бұрынғыға қарағанда көбірек жолаушыларды сыйдыра алады (дереккөз – Рейтер агенттігі);  

Қолданылуы – Әр елде қолданылу мақсаты әр түрлі. 1971 жылдан бастап АҚШ пен Канада оны әскери оқу құжаттарға пайдалана бастаған.

Көбінде жолаушыларды тасымалдау, өрт сөндіру, жүк тасымалдау, қару-жарақ жеткізу және т.б. жұмыс үшін пайдаланады.

Айталық, АҚШ-та ТЖҚ өрт сөндіру және құтқару қызметтеріне пайдаланады; ал Жапонияда жағалау күзетіне істетіледі; Тайландта ұлттық полиция түрлі операцияларға жұмсайды;  

Сыйымдылығы – жетілдірілген түрлеріне экипаж мүшелерін қосқанда 15 адамға дейін отырғызуға болады. Апатқа ұшыраған Bell 212 тікұшағында Президент Райси, Сыртқы істер министрі Хосейн Әмір-Абдоллахиан бастаған 9 адам болған. Апаттан ешкімнің тірі қалмағаны мәлім.  

Көлемі: Ұызындығы 17 метр, биіктігі 4 метр.

Жылдамдығы: сағатына 230-260 шақырым (дереккөз – Weapon System);

Bell 212 тікұшағының апаттары: Иранда 2018 жылы да осындай үлгідегі тікұшақ апатында 4 адам қаза тапқан.

2023 жылы Сауд Арабиясында жеке компанияға тиесілі тікұшақ апатқа ұшыраған.

1972-2024 жылдар аралығында 432 тікұшақ апаты болып, жалпы саны 630 адам қаза тапқан; (дереккөз – Aviation Safety Network сайты);

Bell 212 тікұшағын Иран жоғары лауазымдыларды алып жүруге ыңғайлап жасаған. Фото: Euronews.  

Апаттың себептері қандай?

Қолайсыз ауа райы: Апаттың нақты себебін түсіндірерлік ешқандай ресми мәлімет жоқ. Алғашқы ресми мәліметтер тек қолайсыз ауа райын алға тартқан. Әуе көліктері арасында тікұшақтар ауа райының қолайсыздығына ең көп ұшырайтын түрі. Әсіресе тұманды күндері тікұшақтармен қатынау ең қауіпті болып саналады;

 Тікұшақтың ескіруі:  Аталмыш тікұшақ үлгісінің өткен ғасырдың 60-70 жылдарына тиесілі екенін айттық; көп жылдан бері қатаң санкция астында отырған Иран мұндай әуе көліктерін техникалық жаңартуда зор қиыншылықтарға тап болды.

«Қастандық» күдіктері:

Әуе апатының себептері айқын болған күнде де, президенттердің жол, әуе апаттарынан көз жұмуы тым сирек жағдай. Сондықтан оқиға әлеуметтік желілерде түрлі «қастандық» күдіктеріне қатысты пікірлерге жол ашады.

Иран президенті Ибраһим Райси Әзерейбайжан президентімен Ильхам Әлиевпен Иран-Әзербайжан шекарасындағы Каз-Каласи және Худа-Афарин су бөгеттерінің ашылу салтанатында кездескен. Кездесуден кейін Райси отырған әуе көлігі Тебризге бара жатқанда апатқа ұшырайды. Алайда, бұл жағдайдан ешкім де «қастандық теориясын» жасай алмасы анық. Себебі, Иран мен Әзербайжан арасында салмақты қайшылық жоқ.


Апат алдындағы кездесу. Фото: әл-Жазира

Күдіктің бір ұшы Израильге қаратылары анық. Себебі, Теһран (Тегеран) мен Тел-Авив арасын тарихтағы ең бір асқынған қайшылық кезеңінде тұрған. Алайда, жоғары жетекшіге қол салу қазіргі Израиль мүддесіне ешқандай ұпай әкелмейді. Бұндай күдік артушылар Израиль арнайы қызметінің жоғары мүмкіндіктерін де алға тартуы мүмкін. Соның өзінде жалпы мүдде тұрғысынан Израильдің мұндай қадамға баруы халықаралық аренада ырықсыз күйге қалдырған болар еді. Сондықтан бұл күдікке мүмкіндік аз.

Тағы бірқатар күдікті ойлар Иранның ішкі жағдайына көңіл аудартады.

Біріншіден, Райси елдің жоғары билік элитасында өз орнын берік орнықтырған тұлғаның бірі. Оны тіпті болашақ рухани көсем дейтін шындыққа жақын болжамдар айтылып келген. Ол дегеніміз оны болашақ ИИР-дің ең жоғары билеушісі болады деген сөз. Ал бұл орынға қазіргі қазіргі рухани көсем Аятолла Хаменидің ұлы Можтабу Хаменеи де үміткер екені де айтылған. Яғни, күдіктің бірі Райси өлімінің себебі ішкі билік тартысында жатқан жоқ па дегендей бастайды. Кіші Хаменеидің оқиға кезіндегі әлеуметтік желідегі мәлімдемесі де осы күдікті күшейтеді.

Райси өлімі ресми расталмай тұрып Можтабу Хаменеи Х әлеуметтік желісінде: «Иран халқы алаңдамауы керек, ел ісі үзіліске ұшырамайды», – деп жазғаны бар. Оның бұл сөзі сырт көзге президент өліміне әлде қашан дайын келесі бір билік тұлғасының лебізіндей көрінері анық.

Бұнымен бірге Ибрахим Райсидің қарсыластары оны 1980 жылдары саяси тұтқындарды жаппай өлім жазасына кесуші прокурор ретінде айыптап келген. Иранның жоғары билік элитасы ішінде Райсиге наразы тараптың да бар екені мәлім. Әсіресе реформашылдары тобындағылар оның саясатын терең консервативті деп сынайтыны бар. Осының бәрі Райсидің билік ішінде де «жаулары» барын айқындайды.

Бірақ, осының бәрі апаттың нақты себебі деп ешкім айта алмайды. Әрі бұл күдікті ойларды растайтын ешқандай сенімді дәлел жоқ. Сондықтан, Райси өлімінің себебіне қатысты сұраққа қазірге Иран тарабының ресми мәліметі ғана толық жауап бере алады.

Райси өлімі ИИР ішкі-сыртқы саясатына қандай әсер етеді?

Сөздің қысқасын айтса, үлкен әсері бола қоймайды. Себебі, Райси немесе бұрынғы Хасан Рухани ел президенті болып, ішкі-сыртқы саяси іс-қимылдарда жүргенімен олар бәрі бірдей елдегі шектеулі билік иесі саналады. Ең жоғары билік, елдің ішкі және сыртқы саяси бағыт бағдарын белгілеуші қашан да рухани көсем болып келген. Райси өлмінен кейін де солай жалғаса бермек.

Дегенмен, 50 күн ішінде елде кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл жоғары және жергілікті билікте әлсіреп қалған оппозициялық топтың күресін күшейтіп жіберуі мүмкін. Елде роформа мен консунсты жақтаушылар және косерванттар арасында ұдайы бәсеке жалғасып келеді. Президенттер де осы екі тараптан кезек-кезек шығып отырады. Алдағы уақытта батыспен консунсты жақтаушы реформашылдар билікке келіп жатса, бұл Иран үшін тиімді болуы да мүмкін.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!