Жұтқа байланысты аудан әкімі Қанат Қожықаев жауап берді.
Ең біріншіден, қыс соңында орын алған қиыншылыққа қатысты аудандық штаб құрылып, тиісті мекемелер, кент, ауылдық округ әкімдері мен кәсіпорындармен, кәсіпкерлермен бірлескен шаралар қолға алынуда.
Шығынға ұшыраған мал санын анықтау, шаруа қожалықтарына жылқыларды тиісті орындарға жеткізіп алу үшін материалдық-техникалық көмек көрсету, жем-шөп бағасын тұрақты ұстап тұру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта далада табылған жылқылардың иелері анықталмады.
Кеңестік кезеңде осындай жағдайда мемлекет тарапынан үлкен күш салынатын. Дегенмен, ол уақытта мал толығымен мемлекеттік меншікте, яғни, ортаның малы болып табылды. Соған сәйкес, тиісті шаралар қабылданды. Қазіргі жағдай мүлдем бөлек. Жылқы малы толық жеке меншік иелерінде. Сондықтан, оларды базаға тіркеу, жем-шөп қорын даярлау, олардың бағылуын ұйымдастыру мемлекеттік орган құзыретіне кірмейді. Жем-шөп шығынын қайтару үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидияға да әркім арнайы жүйеге (базаға) кіріп, электронды қол қою арқылы, жергілікті әкімдіктің қатысуынсыз сұраныс бере алады.
Шөптің тоннасының бағасы 120 мың деген дерек негізсіз. Қызылорда мен Шымкент жақтан жоңышқа жеткізіліп, сатылуда. Аудан ішінде шөп қоры бар, шаруашылықтар тоннасын 35-60 мың аралығында сатуда. Кебек қоры жеткілікті. Олар әр пунктте қабы 1350 -1450 теңгеден сатылуда. Аудан әкімдігі жем-шөп бағасын көтермеу үшін кәсіпкерлермен келісімге келу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жалпы, Жаңаарқа ауданында агроөнеркәсіптік кешенінде 12-ЖШС, 987 шаруа қожалықтары жұмыс жасайды.
2023 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен бекіткен ережесіне сайкес, талапқа сай келетін шаруа қожалықтарына облыстық бюджет есебінен ауданымыздың 584 шаруа қожалығына жем-шөп шығынын өтеу үшін барлығы 749 млн. 294 мың теңге көлемінде субсидия берілді.
Жаңаарқа ауданында қарасты шаруа қожалықтарына субсидия үлестіруді Ұлытау облысының ауыл шаруашылық басқармасы жүзеге асырады. Ол үшін “EGov” электронды үкімет парталы арқылы өтінім беруге болады.