Өмір үшін 101 күндік күрес: Алматыда дәрігерлер ана мен шала туған қызын аман алып қалды

Жансақтау бөлімінде 75 күн, өкпені жасанды желдету аппаратында 56 тәулік, СИПАП терапиясында 15 күн. Бұл сандардың артында салмағы небәрі 990 грамм болып туған қыз баланың өмірін сақтап қалу жолындағы күрес пен Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталықтың медицина мамандарының орасан еңбегі жатыр.

Жүкті әйел өміріне ауыр преэклампсия жағдайында шұғыл түрде орталыққа жеткізілді. Ана мен баланың өмірін сақтап қалу мақсатында дәрігерлер дереу кесар тілігі отасын жасады.

Қыз бала жүктіліктің 31-аптасында, құрсақішілік дамуының тежелуімен дүниеге келді. Туған кездегі салмағы 990 грамм, бойы 31 сантиметр болды.
Сәби өмірге келген алғашқы минуттан бастап қарқынды емдеуді қажет етті. Ол 75 күн бойы жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде жатты. Оның 56 тәулігін өкпені жасанды желдету аппаратында, 15 күнін СИПАП терапиясында өткізді.

Нәрестенің кеуде қуысына сұйықтық жиналып, неонаталдық хирургпен бірлесіп қосымша ем жүргізуге тура келді. Сонымен қатар қыз бала бронхөкпе дисплазиясына байланысты ем қабылдады.  

Дәрігерлер мен медбикелер сәбидің өмірін сақтап қалу үшін тәулік бойы күресті. Медицина мамандарының кәсібилігі мен үйлесімді жұмысының арқасында оның жағдайы біртіндеп жақсарды.

Өмірінің 101-күні қыз баланың салмағы 2523 грамға жетті. Енді анасы мен қызы көптен күткен үйге шығуға дайындалып жатыр.

Көзіне жас алған ана орталық басшылығына, дәрігерлерге, мейіргерлерге және барлық медицина қызметкерлеріне олардың өмірін сақтап қалғаны, көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін алғыс білдірді.

Дәрігерлер үшін бұдан асқан марапат жоқ: 101 күндік күрестен кейін ана мен қыз аман-есен бірге үйіне оралады.

Алдыңғы
В Алматы завершается благоустройство улицы им. Куляш Байсеитовой
Келесі
101 день борьбы за жизнь: в Алматы врачи спасли маму и её недоношенную дочь

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу