Жетістіктің сыры - фин халқының менталитетінде...
Біреу байқап, біреу байқамаған болар. Өткен 2016 жылдың аяғында көрші Қырғызстан парламентінде елдегі білім беру ісінің ахуалы талқыланып, бірқатар депутаттар тарапынан Финляндияның оқу-білім жүйесін зерттеп, солардан үйреніп, үлгі алу мәселесі көтерілді.
Неге қырғыз парламентарийлері Америкадан не Жапониядан немесе үйреншікті Ресейден емес фин елінен үйрену керек деді. Себебі, олар қазіргі күні таңда суоми (фин) елінің білім жүйесі Еуропаны былай қойғанда, бүкіл әлемде ең озық жүйе саналатыны жақсы біледі. Халықаралық аса беделді PISA (Оқушылардың білім деңгейін бағалау) бағдарламасы бірнеше рет сынақ өткізіп байқағанда финляндиялық оқушылары басқаларға қарағанда анағұрлым жоғары деңгейді, яғни білімді екендіктерін көрсеткен.
Ал, бүгінгідей ғарышқа көтеріліп, Марсқа қол созған, алақандай ұялы телефонның түймесін басып, дүниенің төрт бұрышымен тілдесіп отырған заманда білім мен ғылымын дамытқан, озық техника мен технологияны игерген елдің озары даусыз.
Бұл кәдімгі өзіміз жиі айтатын: «Білімді елдің алды жарық, білімсіз елдің күні ғаріп!» деген қанатты сөздің өмірдегі дәлелі.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда біздің Қазақстан үшін де білім беру саласы - ең бір маңызды сала. Мұның мұң-мұқтажы да шаш-етектен. Сол себепті айтылып жүрген тілек-ұсыныс жетерлік, сын мен шағым да аз емес. Санап қарасақ, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр ішінде білім мен ғылым саласын басқарған 13 министр ауысыпты, 14-шісі қызмет етуде. Обалына не керек, олардың әрқайсысы да шама-шарқынша білім беру мен оқыту ісін жақсартуға ұмтылды. Өткен кеезең ішінде білім беру жүйесінде бірқатар реформалар жасылынды. Мектептер үшін бұрыңғы оқулықтардан бас тартып, төл оқулықтарымызды енгіздік. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп, «тиімділігін» ескеріп, емтихандарды тест арқылы алатын болдық. Оқушылар мазмұн-мағынаны былай ысырып қойып, тест сұрақтары мен жауаптарын жатауға көшті. Алдыңғы қатардағы елдерге еліктеп, он екі жылдық білім жүйесіне бет бұрдық. Осындай қырау жұмыстар атқарылса да, әлі күнге білім беру саласының оңалып, төрт аяғын тең басып кеткені байқалмайды. Бұрыңғысынша жетістіктен гөрі, жетіспеушілік, кемшілік көп. Неге? Неліктен? Не себепті? Мұндай көкейтесті сұраққа бір сөзбен жауап беру қиын.
Бәлкім, бізге де қырғызстандық депутаттар айтып отырғандай Финляндияның білім беру жүйесіне назар аударып, зерттеп, зерделеп, соның пайдалы жақтарын өзімізге енгізген дұрыс шығар.
Ендеше, «жақсыны көрмек үшін, білмек үшін» демекші, фин елінің оқыту-білім беру жүйесіне үңіле қарап, бағамдап көрейік.
Сарапшы және талдаушы мамандар «Финляндия экономикасының қарыштап дамуының (оның ішінде білім беру жүйесінде оза шауып, биік жетістіктерге жетуінің) себеп-сыры бұл ел таңдаған экономикалық-әлеуметтік модельде, халқының: еңбексүйгіштік, тиянақтылық, заңды сыйлайтын тәртіптілік, орынсыз ысырапқа жол бермейтін – үнемшілдік, жаңаға-инновацияға ұмтылушылық, үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыру сияқты ұлттық менталитетінде, табиғи болмыс-бітімінде жатыр» деседі. Сондай-ақ, суоми еліндегі саяси тұрақтылық, экономиканың ашықтығы, жетілген инфрақұрылым, телекоммуникация және бәсекеге қабілетті жоғары сапалы өнімдер шығаратын кәсіпорындардың ғылыми-техникалық орталықтармен, университеттермен тығыз байланыста жұмыс істеуі т.б. маңызды факторлар екенін айтады.
Осындайда еске түседі. Сонау сексенінші жылдары Мәскеуде фин студенттерімен оқығанымыз бар. Сонда олардың асықпай баппен сөйлейтінін, қызуқандылыққа жол бермейтінін, қай шаруаны да ұқыптылықпен, баппен атқаратынын көріп, «не деген жайбасар халық?» деп таңданатынбыз. Ал, өздері әзілдеп: «Біз іс болмаса сөзге жоқпыз. Біздің финдер бір-біріне екі ауыз ғана сөз айтады. Үш ауыз сөз айтқан кісіні «мылжың» деп атайды» дейтін.
Өздері үнемі айтанындай, «ел дамуының локоматив» деп есептейтіндіктен Финляндия үкіметі оқыту мен білім беру ісіне айырықша мән береді. Ұлттық табыстың 6-7 пайызы, мемлекеттік бюджеттің 15 пайызы білім қаржыландыруға және дамытуға жұмсалады. Білім беру жүйесінің алдына: «жастарды сапалы түрде оқытып, олардың бойына түрлі қабылет-қарымды дарытып, өмірге бейімдеп, даярлау бүкіл ел тұрғындарының сауаттылығын көтеру» деген жауапты міндет жүктелген. Мұнда қай жаста да оқу кеш емес, сондықтан үздіксіз білім беру оқыту жүйесі қалыптасқан.
Мұғалім – білім берудің қозғаушы күші
Фин елінде осыдан қырық жыл бұрын білім саласындағы реформа қолға алынып, заманға сай жаңа мектептер салынып, оқулықтар жақсартылғанымен, ойлағандай ілгерілеу мен нәтиже байқалмаған. Сонда білім беру ісіне жауапты басшылар және мамандар жан-жақты саралап, зерттеп көргенде бар кілтипан – сабақ беретін мұғалімде болып шыққан. Сөйтіп, дереу мұғалімнің қоғамдағы орын мен мәртебесін көтеру ісі қолға алынып, олардың жалақысы күрт өсірілген.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Финляндияда фин тілінің оқытушысы айына 3600 еуро, ал пән мұғалімдері 4100 еуро жалақы алады екен. Жаңадан жұмысқа қабылданған жас ұстаздың өзіне 3000 еуродай жалақы төленеді.
Сонан соң мектеп мұғалімдері есеп беру, жоспар жасау сияқты түрлі қағаз басты жұмыстардан босатылды. Жоғарыдан келіп олардың жұмыстарын тексеріп отыратын инспекторлар таратылды. Аттестациядан өткізу тоқтатылды. Мұғалімдердің өздеріне оқулықтарды және оқыту әдісін таңдау, тестер түзу мүмкіндігі берілді. Оларға: «біз сендерге ортақ мемлекеттік стандарттарды береміз, қалғанын шығармашылық сипатта өздерің жалғастырып, жүргізесіңдер. Ең бастысы жасаған жұмыстарың елге және балаларға зиянды болмауы керек» деген ақыл-кеңес айтылды.
Мұғалімдерді-педагог мамандарды даярлау ісі тікелей университеттерге берілді. Бастауыш сынып ұстаздарына дейін магистрлік білім алуы тиіс деген талап қойылды. Мұғалімдікке оқыту мерзімі екі жылға ұзартылды. Үш жыл оқығандар бакалавр, тағы қосымша екі жыл оқығандар магистр дәрежесін алып шығатын болды.
Қоғамда мұғалімдердің мәртебесі және еңбекақысы жоғары болғандықтан бұл мамандықты таңдаушылар қатары күрт өсті. Қазіргі кезде жыл сайын университеттердің педагогикалық факультеттеріне құжат тапсырушылардың саны бір орынға 15-тен артық үміткерден келеді. Болашақ педагогты іріктеу мейілінше әділ әрі қатаң жүргізіледі. Университетке қабылдау кезінде алдымен осы оқу орнының оқытушысы, мектеп мұғалімі және муниципалитеттің білім саласына жауапты маманы отырып, талапкермен әңгімелеседі. Ұстаздық туралы таным-түсінігін сұрап, неліктен бұл мамандықты таңдағанын, оның мақсат-мұратын білуге тырысады. Үміткердің жауабы шынайы, қисынды және көңілге қонымды болып шықса, әрі қарай емтихан тапсыруға жіберіледі. Егерде талапкердің ұстаздықты тек жоғары жалақыға қызығып, соны ғана көздеп келген пиғылы білінсе, ол дереу шететіледі.
Студент педагогика бойынша баклавр дәрежесін алып, әрі қарай магистратураға түсіп оқығысы келген кезде де онымен әңгімелесу өткізіледі. Мұнда да 4-5 үміткердің арасынан озып шығу керек болады. Университетті бітіріп келген жас маманды жұмыс қабылдау кезінде мектеп басшылығы сынақ түрінде, әңгімелесіп байқайды. Көбінесе мұндай іріктеу мен таңдаудан үміткерлердің үштен бірі ғана өтеді
Жұмысқа қабылданған жас педагог маманның өзі жарты жылдай сынақ жағдайында жұмыс істейді. Әрі қарай оған пән бойынша сағаттар беріледі. Кей мектептерде он шақты жылға дейін тұрақты жұмысқа қабылдана алмай жүретіндер кездеседі.
Фин университеттерінде бастауыш сынып мұғалімдеріне, пәндік оқытушыларға қоса, дамуы кемшін, «мінезі қиын» балалармен жұмыс істейтін арнаулы педагогтар да даярланады. Себебі психолог, сарапшы мамандардың зерттеулерінше фин мектептеріндегі әрбір төртінші оқушы сабақты үлгере алмайтын көрінеді. Әлгіндей арнаулы педагогтар сондай балаларды 5-6-дан жинап, аптасына 2-3 сағаттан қосымша сабақтар өткізеді.
Университеттегі оқу бағдарламасының 67 пайызы теориялық лекциялардан, қалған 33 пайызы практикалық сабақтардан тұрады. Уақыттың талабына сай мектеп басшылығының, түлектердің және оқытушы-ұстаздардың ұсыныс-тілектері ескеріліп, оқу бағдарламасы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады.
Оқу барысында студенттерді күштеп оқыту мен мәжбүрлеуге жол берілмейді. Лекцияға қатысу, қатыспау оның өз еркінде. Алайда ол сол пән бойынша емтихан тапсыруға міндетті. Ең бастысы студент өз бетінше ізденіп, білім алуға, сабақ берудің жаңа әдістерін игеруге дағдылануы қажет. Сондықтан да болашақ ұстаз университет бітірерде алған білімі, бақылау мен көргендері, басқа авторлардың еңбектеріне сүйену, статистикалық мәліметтерді талдау және жасаған қорытындылары негізінде дипломдық ғылыми жұмыс жазып, қорғайды. Басқаша айтқанда, университет қабырғасында студенттің оқып, білім алуы ғылыми-зерттеу және практикалық жұмыстары өз ара тығыз байланыста жүреді. Олардың педагог кадрларды даярлаудағы өзгешелігі мен артықшылығы осында болса керек. Бұл әдіс ертеңгі ұстаздарды жалаң сабақ беру мен біржақтылықтан арылтады.
Алдыңда екі түрлі таңдау тұрады: лицей не училище
Әрине суоми елінде де жас жеткіншектерге білім нәрін құю балалар бақшалары мен бастауыш мектептер жанындағы даярлық топтарында басталады. Жергілікті муниципалитеттерге алты жасқа толған барлық бүлдіршіндерді бақшалар мен дайындау топтарында ақысыз оқыту және тегін тамақпен қамтамасыз ету міндеттері жүктелген. Жалпы фин жұртында мектеп жасында дейінгі балалардың тоқсан пайызы бақшалар мен даярлық топтарында тәрбиеленеді. Келешекте жүз пайыз қамту жоспары мен межесі белгіленген.
Көптеген елдердегідей мұнда да балалар мектепке жеті жастан бастап барады. Кей баланың психолог маман не дәрігердің ұсыныс-кеңесі және ата-ананың келісімімен бір жыл ерте, не кеш баруы ықтимал.
Фин жастары (азаматтығы жоқ жас тұрғындар да) негізгі білімді тоғыз жылдық мектепте алады. Мұндай талап сонау 1921 жылы, яғни Финляндия Ресейден егемендік алғаннан бастап белгіленген. Алайда, заң жүзінде 1988 жылдан бастап күшіне енді. Финляндияның Конституциясында: «Әрбір азамат білім алуға құқылы және де 7-17 жас аралығында оқуға міндетті» деп жазылған. Бұларда кебір елдердегідей дарынды балаларға арналған немесе белгілі бір пәнді тереңдетіп оқытатын арнаулы мектептер жоқ. Олардың түсінігі, заңы мен ұстанымы бойынша балалар шыққан әлеуметтік тегіне немесе қарым-қабылетіне, тіпті денсаулығына, кемтарлығына қарамастан мектептерде бірдей және теңқұқықта, ортақ жағдайда білім алуы тиіс
Тоғыз жылдың негізгі мектепте оқыту, оқулықтар мен кітап-дәптер, оқушыға керекті барлық құралдар, тамақ бәрі тегін беріледі. Мектеп бес шақырымнан қашықтықта болған жағдайда оқушылар ақысыз арнайы көлікпен тасымалданады.
Бүкіл ел көлемінде 4300 тоғыз жылдық мектеп жұмыс істейді. Олардың кішігірімдерінде 10 оқушы, ал ірілерінде 900 оқушы білім алады. Соңғы мәліметтер бойынша жыл сайын күзде 60 мың бала мектеп табалдырыған аттайтын болса, барлық оқушының саны 580 мың баланы құрайды.
Тоғыз жылдың мектептің алғашқы алты жылында оқушыларды бір мұғалім оқытады да, жетінші сыныптан бастап пәндік жүйемен оқуға көшеді.
Оқу бағдарламасына: ана тілі, екінші мемлекеттік тіл, шет тілі (әдетте ағылшын тілі), математика, физика, химия, тарих, қоғамтану, денешынықтыру, музыка, бейнелеу өнері, қолеңбегі, үй шаруасы, дінтану не этика, биология, география және экология пәндері енгізілген. Бұған қоса, оқушының өзінің қызығуына, ынтасына қарай қосымша факультативтік сабақтар оқытылады. Мектептердегі оқу жылына тамыз айының ортасында басталып, мамырдың аяғында, не маусымның басында аяқталып, бас-аяғы 190 күнге созылады. Оқушылар тек бір ауысым бойынша оқиды. Бірінші сыныптың апталық оқуы уақыты 20 сағаттан аспайды. Кейінгі сыныптарда біртіндеп 25- 30 сағатқа өсе түседі.
Бір айта кететіні, мектепте оқу бағдарламасының оқушы үшін тым күрделі және ауыртпалықты болмауы қатты ескерілген. Мұғалім әрбір оқушының қарым-қабілетін ескеріп, соған лайық тапсырма беріп отырады. Күнделікті әрбір сабақ-тақырып мұғалімнің бір жақты айтып, түсіндіруі емес, оқытушы мен шәкірттің арасындағы жанды байланысы түрінде жүреді. Үйде орындап келуге онша көп тапсырмалар берілмейді. (Бұрыңғы посткеңестік республикалардың көпшілігінің білім жүйесіндегі ең бір күрделі нәрсе осы үй тапсырмасы. Оқушыға үйіп-төгіп тапсырма беріледі. Онымен шәкірт қана емес, ата-ана да әуре. Былайша айтқанда, мектептегі сабақ - үй тапсырмасы – күнделікті бақылау - жазалау жүйесі талайлардың ығырын шығарып, жүйкесін жұқартады). Фин мектептерінде сабақ – үй тапсырмасы – тест жүйесі жеңіл жүзеге асырылады. Тестте өтілген тақырыптардың қалай игерілгені тексеріледі. Бұлайша оқушының жауапкершілігі қалыптасады. Мұғалім шәкіртінің өз бетінше интернеттен, кітапханадан, басқа да дерек көздеріне материал қарастырып, ізденуін қолдап-қуаттап, соған ынталандырады.
Өтілген тақырыпты, сабақты білмегені үшін оқушыны ұрсып-жеку, кемсіту атымен жоқ. Керісінше оқытушы баланың қабілеті мен мүмкіндігіне сай оқытып, бағыт-бағдар береді. Шәкірттің білім деңгейі қандай, ол неге бейім? Соған қарай біртіндеп келешекте лицей-гимназияға немесе кәсіптік оқу орына даярлайды. Оқушының сабақты білмеуі, түсінбеуі оның кінәсі емес, оқытушының кемшілігі болып есептеледі.
Фин мектептерінде мұғалімдердің бастауышта 45 пайызы, жоғары сыныптарда 50 пайызы ер адамдар. Олардың айтуларынша мектепте ер адамдардың жұмыс істеуі білім беру мен тәлім-тәрбиенің сапасына кәдімгідей оң ықпал ететін көрінеді. Керек десеңіз, олардың бала бақшаларында да ер азаматтардың тәрбиеші болып жұмыс істеуі үйреншікті көрініс.
Ақ түсті бас киім алсаң - жолыңның болғаны...
Орта тоғыз жылдық мектепті бітірген оқушының алдында екі таңдау тұрады: бірі - кәсіптік білім беру училищесіне түсіп оқу, екіншісі - жоғары оқу орына түсу үшін лицейде (гимназияда) білімін жалғастыру. Лицейде білім алу баланың бағдарламаны игеруіне қарай 2-4 жылға созылады. Мұнда ЖОО-на түсуге дайындайтындықтан жоғары талап қойылады.
Финляндияның кәсіптік-техникалық училищелерінде 75 мамандық бойынша: энергетика, техника, көлік, сауда мен басқару, туризм, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық және әлеуметтік қызмет, денсаулық сақтау, мәдениет, демалыс мен спорт сияқты салаларға кадрлар даярлайды. Училищеге қабылдауда да талапкердің мектептегі оқу үлгерімі ескеріледі. Кейбір училищелер емтихан-сынақпен қабылдайды. Оқу мерзімі үш жыл. Мұнда да оқушылар кәсіп-мамандық сабақтарынан тыс: ана тілі, екінші мемлекеттік тіл, шет тілі, математика, физика, химия, дене тәрбиесі, гигена, қоғамтану, кәсіпкерлік негіздері, еңбек тәртібі, өнер, мәдениет секілді пәндерді де оқиды. Мамандыққа үйренуді училищенің өз оқу парталары мен шеберханаларында бастап, кәсіпорындарда өндірістік тәжірибемен шыңдайды. Алдын ала оқу орын, шәкірт және кәсіпорындар арасында үш жақты келісім-шарт жасалады. Онда болашақ маманның оқу мерзімі және әр тараптың міндеттері көрсетіледі. Училищені бітірерде әр оқушы таңдаған мамандығы бойынша дипломдық жұмыс жазады. Бітірген түлек жұмысқа орналасады, не үлгеріміне қарай мамандығына сай келетін жоғары оқу орнына түсіп оқиды. Осының бәрі салыстыра қарағанда баяғы Кеңес Одағындағы қалалық және селолық кәсіптік-техникалық училищелер жүйесін еске түсіреді.
Лицей (гимназияларда) жас азаматқа толық орта білім және университетке, басқа да ЖОО (жоғары оқу орнына) жолдама беріледі. Негізінде лицейге оқушы тоғыз жылдық мектепте алған біліміне, оқу үлгеріміне қарай қабылданады.
Лицейді бітірерде әрбір шәкірт: ана тілінен (фин не швед тілі), екінші мемелекеттік тілден, шет тілінен, сондай-ақ, математикадан не таңдауына қарай (биология, химия, география, физика, тарих және қоғамтану, дінтану, философия, этика, психологиядан) емтихан тапсырады. Оқушының ынтасы мен қызығушылығына қарай факультативтік сабақтан да сынақ тапсыруы мүмкін.
Белгіленген тәртіп бойынша лицейді аяқтау емтихандарын Білім министрлігі белгілеген мемлекеттік комиссия жылына екі рет: күзде және көктемде қабылдайды. Емтихандарды ойдағыдай тапсырған лицей түлектеріне ақ түсті студенттік бас киім (фуражка) беріледі. Фин жастары оны үлкен өмірге берілген жолдама деп қабылдап, өмірбақи қастерлеп сақтайды.
Бәрін алдын ала жоспарлап, соған сай әрекет етіп отыру финляндиялық әрбір жас азаматқа тән қасиет. Олар «бір күнмен» өмір сүрмейді. Жоспар-жоба олардың алға қойған мақсатын айқындайды. Асығыстықтан, қателіктен сақтандырады. Отбасында да, мектепте де солай. Жастардың санасында: «Бәрі өзіме байланысты» деген түсінік берік орнаған.
Талапкерге жол ашық
Зер сала қарасақ Финляндияның жоғары білім саласының да өзіндік талаптары мен ерекшеліктерін байқаймыз Кез келген фин баласы лицейді үздік бітіргеніне қарамастан ЖОО-на түсерде қабылдау емтиханын тапсырады. Бұл елде жоғары білім беру жүйесінің екі түрі жұмыс істейді. Бірі – кәдуілгі, дәстүрлі университет, ал екіншісі - жоғары кәсіптік оқу орны.
Университеттер студенттерге теориялық білім беріп, негізінен ғылымға бейімдеп даярлайтын болса, жоғары кәсіптік оқу орындары кәсіптік білім мен білікті үйретіп, өндірістің әр түрлі салаларына кадрлар даярлап шығарады. Сондықтан соңғысында оқу өндірістік тәжірибені қосқанда 3,5-4 жылға созылады.
Финляндия тәуелсіздікке қол жеткізгеніне жүз жыл тола қоймағанымен мұнда жоғары оқу орны – Корольдік академия сонау XVII-ғасырдың орта шенінде, яғни 1640 жылы Шведция корольдігінің құрамында болғанда Турку қаласында ашылған. 1828 жылы Хельсинкиге көшіріліп, Ресей патшасы І Александрдың есімімен аталған. Кешегі ХХ – ғасырда тағы да екі ЖОО – Техникалық университет пен Экономика және басқару мектебі ірге қалап, жұмыс істей бастады.
Қазіргі кезде университеттер саны 29-ға жеткен десек, олардың 10 көпсалалық, 3 техникалық, 3 экономикалық және 4 көркемдік бағытта білім береді. Бір ЖОО-ны Қорғаныс министрлігіне қарайды.
Бір ерекшелігі, университеттердің бәріне үлкен автономиялық еркіндік пен тәуелсіздік берілген. Олар білім беру, оқыту бағдарламасы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, студенттерді қабылдау тәртібі мен ережелерін өздері белгілеп шешеді.
Соған қарамастан олардың бәрі дерліктей мемлекет есебінен қаржыландырылады. Сондықтан оларда оқып, білім алу ақы-пұлсыз. Жекеменшік оқу орындары жоқтың қасы. Кейбір коммерциялық ЖОО-ның өзі мемлекеттен субсидия алады. Және де Білім минитрлігінің бақылауында болады. Кәсіптік ЖОО қаражат шығынының жартысын муниципалитеттер не жеке фирмалар көтеріп, қалған елу пайызы мемлекет бюджеттен өтеледі. Студенттер тек оқулықтар мен оқу құралдары үшін ғана ақша төлейді. Сондай-ақ, жылына студенттік одақтың мүшелігіне 45-90 еуро жарна төлеуі тиіс. Сонда күнделікті тамағын және жатар орнын қосқанда айына студенттің қалтасынан 600-900 еуро шығындалады.
Тек жергілікті тұрғындар ғана емес, шетелдік жастар да Финляндияның ЖОО түсіп тегін білім ала алады. Ол үшін талапкердің орта білімі, фин не швед тілінен (халықаралық бағдарламаға түсетінде ағылшын тілінен) емтихан тапсыруы, күнін көре алатындай қаражаты бар екенін дәлелдеуі керек. Кейінгі есеп бойынша осы күні фин елінің ЖОО-да 6-7 мыңнан астам шетелдік студент оқиды. Өз студенттерінің саны 250-300 мыңдай. Жастардың көпшілігі (шетелдіктер де) шамамен 60-70 пайызы университеттерде, қалған 40-30 пайызы кәсіптік ЖОО түсіп оқығанды қалайды.
Финляндиялық ЖОО тән ерекшелік, олардың қай-қайсысы да оқу мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұштастыра жүргізіп, студенттерді заман талабына сай жоғары деңгейде даярлап шығарады. Олардың бәрі де жан-жақты жетілген, жақсы жабдықталған көп салалы ғылыми орталықтармен тығыз байланысқан, өндірістің өзекті мәселелерін шеше алатын заманауи зертханалармен қамтамасыз етілген.
ЖОО ұстаздарының айтуынша кейінгі кезде ақпараттық технологиялардың жоғары білім саласына енгізілуі шын мәнісінде бетбұрыс-төңкеріс әкелгендей. Өйткені ақпараттық технология білім ордасының техникалық, технологиялық сипатта дамуына ғана емес, түбегейлі түрде адамдардың таным, ой-өрісі және интеллектуалдық жағынан өсуіне ықпал етуде.
Мұндай ғылыми-технологиялық мүмкіндік пен жағдай адамдардың келекшекке деген үмітін оятып, сенімін нығайтады.
Бір сөзбен айтқанда, Финляндияның ЖОО бітірген жас маман жұмыссыз қалмайды. Керісінше оларға деген сұраныс жоғары.
Қосымша айта кететін бір жәйт. Қазақстанның Финляндиямен дипломатиялық қатынасы 1992 жылы 13 мамырда орнатылған. Сауда-экономикалық ынтықмақтастыққа қоса, мәдени-гуманитарлық салада да байланыс жасалып тұрады. Біздің елімізді фин елінің ақпараттандыру жүйесі, білім беру деңгейінің жоғарылығы, ұлттық мәдениет пен тілін сақтау үлгісі қызықтырады. 2012 жылдың 31 қаңтар -7 ақпаны аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мен бала бақша, мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінің мамандары Финляндияға барып, олардың іс-тәжірибесімен танысып қайтты.
Әшірбек АМАНГЕЛДІ