Әуесқой әлем
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
Талантты адам қай салада, қай істе де талантты. Әрекетінде берекет, нәтиже бар. Сонау 2000 жылдардың басында Еренғайып Қуатайұлы салмақты ой, байыпты байламдары оқырманға ой салар, санасы сергек, қаламы жүрдек журналист ретінде танылды. Одан кейін кәсіпкерлікке бет бұрып, бел шеше кірісуге кез келген адамның тәуекелі бара бермейтін тың іс бастады. Табандылығы, еңбекқорлығы арқасында шаруасын табысты дөңгелентіп, кәсібін жүйелі жолға қойды.
Енді бір мезетте салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа бой ұрды. Жай насихаттап қана қоймай, оны өзінің әдеттегі өмір үрдісіне айналдырды. Тау шаңғысымен шұғылданды, альпинистерді дайындайтын секцияға мүше болып, қарлы шыңдарды бағындыруға да ұмтылды.
Мұның сыртында Еренғайып жүгірумен де айналысып, халықаралық ірі марафондарға қатысты және осы орайдағы бір талпынысын жақында жақсы нәтижемен аяқтап, Нью-Йорктен қуанышты оралды. Ендігі әңгімені үндемей-ақ үлкен іс бітіріп жүрген азаматтың өз аузынан тыңдайық...
– Еренғайып, әлемдік деңгейдегі ірі марафонға қатысып, жақсы нәтиже көрсеткеніңді естіп жатырмыз. Құтты болсын! Енді осы марафондардан алған әсеріңмен бөліссең?..
– Марафон деген мен үшін саяхат жасауға бір себеп. Әрине, шет елдерге басқа жолмен де барып, саяхаттап қайтсам болады. Бірақ марафон арқылы саяхат жасаған жақсы. Бұл – бір жағынан, қайырымдылық шарасы. Қатысу үшін біз арнайы жарна төлейміз. Ол ауру-сырқау, мұқтаж балалардың ем-домына жұмсалады. Одан бөлек, көмектесу арқылы біреулерге мотивация, ерік-жігер бересіз. Жеңіске деген ұмтылыс арқылы өзіңізді қайрайсыз, өзіңізді жанисыз. Әлемде миллионға жуық марафон бар. Менің қатысқаным – ерекше статус берілген, 6 мэйжор марафоны. Оған Чикаго, Бостон, Нью-Йорк, Берлин, Лондон және Токио кіреді. Қазақстанда 6 мэйжор жүгірген 9 адам бармыз, мен сегізіншісі болып финишке кірдім.
– Өзің журналиссің, жемісті жүргізіп жатқан жақсы кәсібің бар. Марафонға қызығушылығың қалай басталды?
– Журналистикадан кеткеннен кейін енді жеке жұмыс істеп көрейін, өз күшімді өзіме жұмсайын деп, кәсіпкерлікпен айналыстым. Біраз жыл отырып, тапжылмай жұмыс істеу керек болды. Көп отырғаннан кейін салмақ қосылды. Бойым – 169 см, ал салмағым 90 кг-дан асып кетті. Жүгіруді салмақпен күресейін деп бастағам, сөйтіп, бір старттарға қатысқаннан кейін қызығына түсіп кеттім. Шай мен кофеге үйренген адам оны ішпесе қандай күйде болады, менде де тура сондай жағдай. Солай басталып, қазір енді 6 мэйжорды бір жарым жылда жүгіріп өттім. Бұл – менің негізгі шаруам емес, жұмыстан тыс уақыттағы хоббиім ғой. Адам хоббиін де ақсүйек деңгейіне көтеріп айналысуы керек деп ойлаймын.
– Оған қанша уақытың кетеді? Күш-жігеріңді рәсуа етіп алмайсың ба?
– Жоқ, әрине. Күніне 1-1,5 сағат қана уақыт кетеді. Таңертең сағат 6-да тұрамын да, 7-8-ге дейін жүгіріп, жаттығу жасаймын. Сосын сағат 9-да жұмыста боламын.
– Күніне неше шақырым жүгіресің?
– Күніне 10-15, жалпы, айына орта есеппен 400 шақырым жүгіріп отырамын. Егер ай сайынғы көрсеткішім осындай болса, онда мен кез келген марафонға дайынмын деген сөз. Таңертең жүгірсем өзімді жақсы сезінемін, көңіл күйім де көтеріледі, жұмысым да жақсы жүреді, адамдармен қарым-қатынасым да жақсы болады. Оның үстіне жүгіру 72 түрлі аурудың алдын алады екен. Мен ол туралы көптеген деректі фильмдер көрдім, материалдар оқыдым, бұл өте пайдалы екен, негізі. Содан міне, 5 жыл болды, жүгірумен тұрақты түрде айналысып келе жатырмын.
– Бірақ беталды жүгіре беруге болмайтын шығар. Оның да өзінің бір жөні, нормасы бар шығар?
– Әрине. Жүгірмес бұрын толықтай дәрігерлік тексерістен өту керек. Бірінші, жүректі тексерту керек. Мысалы, кейбір адамдарға жүгіруге мүлде болмайды. Оның да өзінің техникасы бар. Сондықтан арнайы бапкердің кеңесімен, көмегімен бастаған дұрыс. Мен өзім марафонның алдында да, одан кейін де мұқият тексеріліп аламын.
– 6 мэйжор жалпы алғанда қанша шақырымды құрады?
– Әр марафон 42 шақырымнан тұрады. Геродоттың жазуы бойынша, біздің эрамызға дейінгі 460 жылы Марафон қаласында, қазіргі Грекияда парсылар мен гректер арасында үлкен соғыс болады. Сол соғыста керемет тактикалық әдіс-тәсілмен гректер жеңеді. Соның ішінде бір жауынгер қатты қуанып, «біз жеңдік!» деп, Афиныға жүгіріп барып, сол жерде зорығып өледі. Майдан даласы мен сол араға дейінгі қашықтық шамамен 42 шақырым болған деседі. Кейіннен 1896 жылы Олимпиадаға осы марафонды кіргізген. «Марафон» деген – қаланың аты. Мұның тарихы осылай басталған.
– Марафонда жүгіріп келе жатқан кезде өзіңе қандай ойлар келеді? Бойыңды қандай сезім билейді?
– Ол кезде адам басқа кезде бастан кешпейтін психологиялық күй кешеді. Түрлі ойлар келеді, түрлі жағдайлар болады. Мысалы, Бостон марафонында жүгірген кезде 30 шақырымнан кейін аяғымның сіңірі тартылып қалды. Ол өте қиын, кейбір адамдардың сіңірі қайтып орнына келмей қалады ондайда. Cол кезде мен тура жанымнан протезбен жүгіріп бара жатқан адамды көрдім де, өз-өзімді қамшыладым, сол мені қайрады. Негізі, бүкіл мәселе – адамның миында. Ми қандай сигнал береді, бүкіл дене соған бағынады, солай басқарылады. Протезбен жүгіріп келе жатқан кісіні көріп, мен адам баласының мүмкіндігі шексіз екенін, рухы мықты адам кез келген сынақтан сүрінбей өтетінін түсіндім. Сол жерде миым басқаша жұмыс істеп, сіңірім жазылып, мәреге жақсы нәтижемен жеттім.
Тағы бір марафондарда, мысалы, «мен федерация мүшесі немесе кәсіпқой спортшы емеспін, халықтың салығынан түскен ақшаға келген жоқпын, өз-өзіммен жүрген адаммын, ешкім менен ештеңе күтіп отырған жоқ, маған осы не керек, жолдан шыға салсам да болмай ма?» деген де ойлар келеді. Бірақ марафон адамды жеңіске итереді, жігерлендіреді. Ондай ойлардың болғаны да жақсы. Сөйтіп, адам өзімен өзі айқасады. Марафонның кереметтілігі де сонда, басқамен жарыспайсың, өз ойыңмен, өз ішіңдегі жалқаулығыңмен теке-тіреске түсесің, бойыңдағы жаман қасиеттеріңмен күресесің. Маған сонысымен де ұнайды марафон.
Жалпы, марафон – адам баласы физикалық және психологиялық тұрғыда, өзімен өзі ең ұзақ арпалысатын спорт түрі. Мысалы, ең ауыр деп айтылатын бокстың өзі 2 минуттан, 3 таймда бітеді. Күрес те сондай. Ең ұзаққа созылатын футболдың өзінде футболшылар 90 минут бойы ойнай бермейді, 45 минуттан кейін біраз демалады. Ал марафонда, менің деңгейімде, 3 сағат бойы жоғары нотамен, физикалық, психологиялық арпалыс болады. Сондықтан бұл – адамның ерік-жігерінің қаншалықты деңгейде екенін көрсететін өте ауыр спорт.
– Осы 6 марафон барысында өзге елдерден қатысушылармен таныс-біліс болып, жақсы араласып кеткен кезің болды ма?
– Иә, ондай жағдайлар бар. Мысалы, мен Бостонда жүгіргеннен кейін Британияда тұратын Кевин деген жігітпен таныстым. Ол интернет арқылы маған хат жазды. Кейіннен екеуміз Чикагода, Токиода, Берлинде, Нью-Йоркте бірге жүгірдік. Лондонға барған кезде мені үйіне қонаққа шақырды. Ол менен 4 жас үлкен, бірақ нәтижесі менімен шамалас. Өзі өте білікті дәрігер. Бір қызығы, Лондонға барғанда мен оған сыйлыққа қазақша шапан, бөрігімен алып барғам. Бізде әдетте ондай киімді мерекелік шараларда киеді ғой. Түнде үйіне қондық, таңертең тұрсақ, Кевин шапанды киіп алыпты. Сөйтіп мен кеткенше соны жұмысына киіп барып жүрді, мен кеткеннен кейін де үстінен тастамапты. Жұмысындағылар да: «Мынау не деген әдемі киім!» деп сұрап киіп, суретке түсіп, фотоларын әлеуметтік желілерге салыпты. Ал Кевин Лондонда сол шапан мен тақияны киіп, метрода, қоғамдық көлікте әлі солай жүр. Марафоннан басқа да сондай қызық тағдырлы достар таптым.
– Өзің ағылшын тілін қаншалықты білесің?
– Терең болмаса да орта деңгейде меңгергем. Былайынша, еркін түсінісіп, жүріп-тұра аламын. Алматыдағы бірқатар курстарда оқығам, одан кейін былтыр үш ай Нью-Йоркте тұрып үйрендім. Жалпы, тілді тез меңгеру үшін практика керек екен.
– Әр қалада қанша уақыт болдың? Әр мэйжор неше сағатқа созылады?
– Марафон бір күн ғана болады, 6 сағат лимит береді. Таңертең сағат 8-де, не 9-да старт болады, 6 сағаттың ішінде 42 шақырымды жүгіріп өтуіңіз керек. Негізі, sub 3 дейді, яғни бұл – сол қашықтықты 3 сағаттың ішінде жүгіріп өту деген сөз. Ол өте жақсы нәтиже болып саналады. Менің марафондағы ең жақсы нәтижем – 2 сағат 50 минут, яғни 42 шақырымды мен осы уақыт аралығында жүгіріп өткем. Жалпы, 6 мэйжорда да 3 сағатқа жетпей, мәреге келдім.
Қай қалаға болсын, марафонға 2-3 күн қалғанда барамын. Марафоннан кейін де бірнеше күн болып, қаланы, музейлерді аралап, сол елдің дәстүрін, халқының мінез-құлқын, тыныс-тіршілігін бақылаймын.
– Қайсы марафонның қашан, қай кезде өтетіні арнайы хабарлана ма?
– Иә, әрқайсысының өзінің сайты бар. Жүгіретін адамдар қай мэйжордың қай кезде өтетінін жатқа біледі. Бостон, Лондон марафондары көктемде, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк күзде, Токио марафоны наурызда, сакура гүлдейтін кездің алдында болады. Барлығы жексенбіде, тек Бостон марафоны ғана дүйсенбі күні өтеді. Ол Америка патриоттарының күні мерекеленетін сәуірдің соңғы дүйсенбісіне орайластырылып қойылған. Мэйжор марафонында кем дегенде 50-60 мың адам жүгіреді.
– Соншама көп адам жүгіргенде трассада бірін-бірі қағып-соғып, таптап, жарақаттап кетпей ме?
– Марафонның «мэйжор» аталуының өзі тегін емес. Халықаралық марафон қауымдастығы деген бар. Шараны өткізетін ел соны қалай ұйымдастырады, соншама адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма, жүгіруге жолы ыңғайлы ма, қонақ үйлері жеткілікті ме, сол ұйым соның барлығын зерттеп барып береді ол статусты. Сосын оның өз тәртібі бар. А, Б, С деп кластерге бөледі. Марафонға тіркелген кезде «42 шақырымды шамамен қанша уақытта игересің?» деген сұрақ болады. Біз өз нұсқамызды айтамыз. Соған байланысты топтастырып, жылдамырақ жүгіретіндерді Элит дегенге қояды. Оған көбіне кениялық, африкалықтар кіреді. Одан кейін А кластері жүреді, мен өзім көбіне соған түсемін. Бізден кейін Б, С топтары жүреді. Солай топтап жүгіртеді. Егер 60 мың адамды бірден қоя бере салса, әрине, бір-бірін таптап кетеді.
– Бір жарым жылдың ішінде соншама жерге бару, шет елде жүріп-тұру өзіңе қиынға соқпай ма? Әлде демеушің бар ма?
– Жоқ, бәріне өз есебімнен барамын. 10 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысамын, салық төлеймін. Өзім таңдаған хоббиім болғаннан кейін шығынын да өзім көтеруім керек қой. «Көмектес» деп неге біреуге қол жаюым керек? Шамам келмесе, айналыспауым керек.
Сосын Еуропада, басқа да елдерде кәсіби спортшыларға мемлекеттен қаржы бермейді. Бұл, негізі, дамушы мемлекеттерде ғана бар нәрсе. Спортқа деп қыруар қаржы бөліп, соны пайдаланып, жемқорлыққа жол беріп жатады бізде. Мысалы, Норвегияда халықаралық олимпиадада әлем чемпионы болған бір шаңғышы – қарапайым инженер. Жұрт қатарлы 8 сағат жұмыс істейді, ал бос уақытында шаңғы тебумен айналысады. Соған «чемпион болып келдің ғой» деп үй беріп, машина беріп, төбесіне көтеріп жатқан ешкім жоқ. Ол – әркімнің өз қалауы, өз шаруасы. Солай болуы керек, жалпы.
– «Елдің атын шығарды», «мемлекеттің намысын қорғады» деп құрметтейміз ғой біз...
– Ол – енді дамушы елдердің кембағалдық ұғымы. Көптеген елдерде ондай түсінік жоқ. Мен жалпы, «дамытамыз» деп, кәсіби спортқа бюджеттен қыруар қаржы бөлуге қарсымын. Өз басым бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттаушымын, соны қолдаймын. Кәсіби спорттан гөрі, ғылым, білім, техниканы дамытуға көңіл бөлу керек, өзімнің пікірім сондай.
– 6 марафонға қатыстың, жақсы нәтиже көрсеттің, қандай да бір марапат, сыйлық алдың ба?
– Жас санатына байланысты орындар, марапаттар болады. Әлемде желаяқтар көп. Мэйжорлар ішінде оған менің деңгейім жетпейді. Ал Қазақстанда тауға жүгіруден, жазыққа жүгіруден өз санатым, яғни 40-44 жас арасында көптеген жүлделер алдым. Мен Young runner деген клубта жаттығамын. Бапкеріміз – рекордсмен, Рио-де-Жанейрода өткен олимпиадаға қатысқан Михаил Красилов. Осы клубта Сергей Апенко деген кісі бар, 63 жаста. Сол кісі екеуміз осы Нью-Йоркте жүгірдік. Ол 60-64 жас арасы санатында чемпион болды, мысалы. Марапатталды, бірақ не алды, аса қызықпағаннан кейін ол жағын білмеймін. Негізі, Нью-Йоркке Қазақстаннан 8 адам бардық. Соның ішінде осы Сергей екеуміздікі – 6-ншы мэйжор болды, қалғандарыныкі әлі оған толмаған. Орта Азия бойынша 6 мэйжор жүгірген 9 адам бар және соның 9-ы да – біздің Қазақстандыкі. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, жалпы, көрші-қолаңдарымызда 6 мэйжор жүгірген ешкім жоқ әлі.
– Сыйлық алса да, алмаса да, жақсы нәтиже көрсеткеннің өзі үлкен жетістік қой. Марафоншылар сол қуанышын әдетте қалай атап өтеді?
– Түрлі қызық рәсімдер бар. Медальдарын мойнына асып алып, 3 күн бойы сол қаланың көшелерін аралайтындар болады.
– Марафоншыларға қалада қандай да бір жеңілдіктер жасала ма?
– Иә. Кейбір қалалардың қоғамдық көліктері, метролар тегін болады. Медаль тағып кірсең мейрамханалар, кафелер тегін тамақтандырады. Көшеде кез келген адам құттықтап, қошемет көрсетеді. Сондай қызық дәстүрлер бар. Мысалы, Чикагода 40 мың адам жүгірдік. Сонда көшеде бізге сан миллиондаған адам қол соғып, дем беріп тұрды. Бұл жерде марафон мәдениеті, көпшіліктің қолдауы деген бар. Бізде керісінше, «жолды жаптыңдар» деп ренжіп, тісін қайрап кетеді жұрт.
– Бір жағынан, марафон қайырымдылық шарасы екенін айттың. Әрбір қатысушы оған қанша жарна төлейді?
– Біз 250-300 $, кейбір марафондарда 1000 долларға дейін жарна төлейміз. Ұйымдастырушылар сол миллиардтаған ақшаны қайырымдылық шарасына жұмсайды да, қатысқан 60 мың адамға 60 мың хат жібереді. «Осынша ақша түсті, мына ақшаны мынаған жұмсадық, ананы өйттік, мынаны бүйттік» деп есеп беріп, «осындай қайырымдылық шарасына қатысқаныңыз үшін сізге көп рахмет» деп алғыс айтады. Ақшаны жеп қою деген түсінік жоқ оларда. Марафон – үлкен туризм, үлкен ақша. Марафонның қарсаңында сол қаладағы қонақ үйлердің, мейрамхана, сауда, қызмет көрсету орындарының бағасы қымбаттайды. Кем дегенде 100 мың турист келеді. Бұл – сол елдің орта және шағын бизнесіне үлкен серпін.
– Сөз арасында жүгіру 72 түрлі ауруға ем екенін айтып қалдың. Мысалы, ол – қандай аурулар?
– Ең алдымен, асқазанға жақсы екен, бүкіл ішек жұмысы, зат алмасу жақсарады. Өкпе, демікпе, простатит аурулары болмайды. Бүкіл қан айналымы реттеледі. Ең абзалы, күніне 3-5 шақырым жүгіруді әдетке айналдырған жөн.
– Жалпы, төзімділікті, ерік-жігерді шыңдаудың жолы қандай?
– Ол үшін айналысқан нәрсеңізді жақсы көруіңіз керек. Маған жүгірген бала кезімнен ұнайды. Ол кезде жетіскен кроссовки де жоқ, жалаңаяқ жүгіретінмін. Моңғолияда ауылымыз тастақ жер болатын. Сол кезден білетіндер: «жүгіргенде кәдімгі тағалы ат сияқты, табаныңнан тас шашатынсың» деп әзілдеп жатады кейде. Бала кезімнен табиғатыма тән, жүгіруге деген сол құштарлық 40 жасымда қайта оянды ғой.
– Әсерлі әңгімеңе көп рахмет! Жолың әрдайым тегіс, олжаң – үнемі жеңіс болсын!