Аймақтағы жаңа геосаяси жағдайда ірі елдердің елімізге және бізді қамтыған аймақтағы сыртқы қатысуы белсенді бола түсті. Бұл жағдайды еліміз сауда-экономикалық қарым-қатынастар негізінде тиімді пайдалануға тырысып келеді. Айталық, бір апта бұрын Қазақстан мен Германия арасында жасасқан келісімдер де елдің иновациялық дамуына оң әсерін бермек.
Еліміздің географиялық орналасуы Еуразия төріндегі аса маңызды стратегиялық артықшылыққа ие. Бұл артықшылық Қазақстанды Орта Азиядағы ең ірі сауда және логитсика орталығына айналдыруға ең басты мүмкіндікті түзіп беріп отыр. Сондықтанда Шығыс пен Батыс арасында қазір ең қысқа сауда жолы ретінде ұсынылып келе жатқан "Орта дәліз" жобасына да көптеген тараптар қызығушылық танытады. Еуропаға жететін ең қысқа дәліз толық жүзеге асқан жағдайда Қазақстан арқылы бұл дәлізден өтетін тауар мөлшері 10 млн тоннаға дейін жетеді деген болжамдар бар. Сондықтан да еліміз өзінің болашақ экономикалық индустриалды және иновациялық дамуын маңызды сауда-экономикалық қарым-қатынастармен, сондай-ақ, маңызды сауда дәліздерімен байланыстырады.
Бұл бағытта ресми Астана Еуропалық одақ елдерімен қарым-қатынастарды дамыта отырып Шығыс пен Батыс арасындағы сауда-саттықты тіпті де дамыта түсу үшін «Орта дәлізді» қазір қолданыстағы трансеуропа көлік желісімен және Еуропа Одағының «Жаһан қақпасы» бастамасымен ұштастыруды ұсынып келеді. Орталық Азия мен Еуропаны тұтастыратын маңызды сауда жолының өзара жалғасуы үшін ең әуелі екі аймақ елдері арасындағы экономикалық байланыстардың қарқынды дамуы алғы шарт болмақ.
Ал Қазақстан мен Германия арасындағы, соған ілесе Германияның аймақ елдерімен сауда қатынастарының қарқынды дамуы осы бағыттағы индустриялық мақсаттардың орындалуына жол ашып келеді. Айталық, жақында өткен "Қазақстан-Германия" бизнес форуымында екі ел басшылары өзара тауар айналымын жоғарылату, өнім өңдеу, ауыл шаруашылығы сынды нақтыы секторларда ынтымақтастықты арттыру турасында ортақ бастамаларды көтерді. Әрі екіжақты маңызды келісімдерге қол қойысты.
Осы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: " Қазақстан Еуразиядағы жетекші ақпараттық технологиялар орталығына айналуды көздейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанды цифрлық технологияларды енгізу жағынан үздік 30 елдің қатарына қосты. Біз ғылыми-зерттеу жобалары, стартаптар, техникалық білім беру және тренингтер ұйымдастыру, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы жаңа IT-жобаларды жүзеге асыру арқылы ынтымақтастықты барынша кеңейтуге ұмтыламыз, – деген болатын.
Еліміздің Германиямен ынтымақтастық негізінде бірқатар нақты секторды дамытуды көздейді. Соның бірі ауылшаруашылығы саласы. Қазақстан – әлемдегі ең ірі бидай экспорттаушылардың бірі. Дегенмен, мол табыс әкелетін және жылдан жылға сұраныс арытып келе жатқан саланы дамытуда еліміз агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға мүдделі болып отыр. Әсіресе ауылшаруашылығы саласында жоғары технологияларды, агротехнологиялық инновацияларды енгізуді көздейді. Қазақстан Германиямен «Аса маңызды шикізатты инвестиция мен технологияға айырбастау» прагматикалық формуласына сай серіктестік орнатып, елдің иновациялық дамуына жаңа кеңістік ашуды көздейді.
The Alnews