Kcell желісінде 5G технологиясын пайдалану қарқынды өсіп келеді, - деп хабарлайды alnews.
Егер 2023 жылы мобильді трафиктің тек 2%-ы бесінші буын желісі арқылы өтсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 40%-ға жеткен. Осылайша, абоненттер трафигіндегі 5G үлесі үш жыл ішінде 20 есе артты. Сонымен қатар, бір абоненттің ай сайынғы орташа мобильді интернет тұтынуы да едәуір өскен. 2023 жылы бұл көрсеткіш шамамен 11 ГБ болса, бүгінде 30,6 ГБ-қа жетіп, үш есеге жуық ұлғайды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында «Кселл» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жамбакин мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2023-2026 жылдары компания инфрақұрылымды дамытуға 468 млрд теңге инвестиция салған. Осы кезеңде оператор 5G желісін іске қосумен қатар, 4G қамту аймағын да кеңейтті. Нәтижесінде бүгінде Қазақстан халқының 64,3%-ы 5G желісінің қамту аймағында тұрады. Ал 4G желісімен қамтылған халықтың үлесі 72,5%-дан 92,7%-ға дейін өсті.
«Бүгінде желідегі әрбір он гигабайт трафиктің төртеуі 5G арқылы беріледі. Дегенмен ауыл тұрғыны немесе жолда жүрген адам үшін ең маңыздысы - интернеттің қажетті жерде қолжетімді болуы. Сондықтан біз бір мезгілде ауылдар мен автожолдар бойындағы қамтуды кеңейтіп, тұтыну көлемі жоғары аймақтарда 5G желісін дамытып келеміз», - деді Асқар Жамбакин.
2026 жылы Kcell 566 ауылдық елді мекенді 4G байланысымен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ Астана-Көкшетау, Астана-Қарағанды, Астана-Павлодар және Шымкент-Түркістан бағыттарындағы негізгі автожолдар бойында желі қамтуы кеңейтілді. Компания 4G және 5G желілерін дамыту бойынша лицензиялық міндеттемелерін жоспарланған мерзімнен бұрын орындаған.
Қалаларда оператор байланыс сапасын жақсарту қажет болған нақты аумақтарға басымдық берді.
Мәселен, Шымкент қаласындағы Бадам-2 шағынауданында орналасқан №97, №100 және №105 мектептердің маңында 2025 жылдың басында 4G және 5G желілері іске қосылса, кейін бұл мүмкіндік №49 мектеп аумағында да қолжетімді болды. Жалпы, 2024-2026 жылдары анықталған 514 «ақ дақтары» бар аумақтың 366-сында желі сапасы жақсартылды.
Үкімет отырысында байланыс инфрақұрылымын дамытуға кедергі келтіретін факторлар да аталды. Соның бірі - радиофобия салдарынан базалық станцияларды алып тастау жағдайлары. Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 100-ден 150-ге дейін базалық станция алынып тасталады. Мұндай шешімдер белгілі бір аумақта байланыс сапасының нашарлауына әсер етуі мүмкін. Сондықтан оператор мемлекеттік органдармен бірлесіп, радиотолқындардың қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Желіні дамытуда жасанды интеллект те қолданылуда. Kcell бүгінде ЖИ құралдарын желіні жоспарлау, оңтайландыру және бақылау үшін пайдаланады. Атап айтқанда, базалық станцияда ақау туындаған жағдайда жүйе оның ықтимал себебін автоматты түрде анықтап, инженерлерге мәселені жою бойынша ұсыныстар береді. Сонымен қатар, байланыс сапасы төмендеген аумақтар бойынша да талдау жүргізуге мүмкіндік жасалған.