Жолдау – 2026: Межені іс айқындайды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жаңа кезеңнің басым бағыттарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат болып табылады. Бұл Жолдаудың басты ерекшелігі – саяси жаңғыру нәтижелерін нақты экономикалық жетістіктермен ұштастырып, мемлекет дамуының негізгі өлшемі ретінде халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын алдыңғы орынға қоюында.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі және Құрылтайдың өз жұмысын бастауы елдегі саяси өзгерістердің жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Осы тұста Мемлекет басшысының «Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр... көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын» деген сөзі ерекше мәнге ие. Бұл – саяси реформалардың мәні қабылданған шешімдермен ғана емес, олардың қоғам өміріне тигізетін нақты әсерімен бағалануы тиіс деген ұстанымның көрінісі.

Меніңше, Жолдаудың негізгі идеясы да осында: мемлекеттік саясаттың тиімділігі ең алдымен азаматтардың күнделікті тұрмысындағы оң өзгерістермен, әлеуметтік әділеттіліктің нығаюымен және экономикалық мүмкіндіктердің кеңеюімен өлшенуі керек. Демек, ендігі басты міндет – жүзеге асырылған саяси реформаларды халықтың өмір сапасын жақсартатын нақты нәтижелерге айналдыру.

Жолдаудың тұжырымдамалық өзегі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. 2029 жылға дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлініп, өңірлерде 70-ке жуық медициналық, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысаны салынады. Мұнда менің ойымша, институционалдық тұрғыдан маңызды бетбұрыс бар. Ұлттық қор ұзақ уақыт бойы «қара күнге» арналған, қол тигізуге болмайтын резерв ретінде қабылданып келді. Енді ол дамуды қаржыландыратын құралға айналады. Президент бұл шешімді ұрпақтар алдындағы жауапкершілікпен байланыстырады және оған айқын шарт қояды: «жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет», сондай-ақ «Ұлттық қор арқылы импортты қаржыландыруға жол беруге болмайды». Бұл шарттарды дұрыс деп санаймын. Дегенмен саяси тәжірибеден білетініміздей, ауқымды құрылыс бағдарламаларының ең осал тұсы – іске асыру кезеңі. Сондықтан бағдарламаның табысы әр жобаның құны, мердігері және мерзімі қоғамға қаншалықты ашық болатынына тікелей байланысты.

Кәсіпкерлікке қатысты бөлім, Жолдаудағы ең нақты әрі ең батыл бөлігі. Президент бақылау жүйесіндегі қайшылықты статистикамен көрсетті: заң бұзушылықтар 34%-ға азайғанымен, айыппұлдар шамамен 11%-ға өсіп, жоспардан тыс тексерістер ондаған есе көбейген. Бұдан шығатын қорытынды да анық тұжырымдалды: «Бизнеске «кедергі келтірмеудің» өзі үлкен көмек». Тексерістерге үш жылдық мораторий енгізуді талқылау, экономикалық баптарды декриминализациялау және мемлекеттік сатып алудың бір бөлігін шағын және орта бизнеске қалдыру сияқты ұсыныстарды кәсіпкерлер көптен бері күтіп жүрген еді. Мемлекет басшысының «бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау... мемлекетке қарсы жасалған қылмыс» деген бағасы бюрократияға бағытталған айқын саяси сигнал деп ойлаймын. Әрине, бұл сигналдың өңірлерде қаншалықты орындалатынын уақыт көрсетеді.

Салық саясаты бойынша Президенттің ұстанымы прагматикалық әрі әділдік қағидасына негізделген. «Салық кодексі қатып қалған қағида не қасиетті кітап сөзі емес» деген сөз реформаның қателіктерін мойындап, оны түзетуге дайын екенін көрсетеді. Мұны мемлекеттік басқарудың жетілуі деп бағалаймын. Ал «бай-бағландарға арналған жоғары салық мөлшерлемесін» талқылау ұсынысы, әлеуметтік көмекті нақтылау реформасының саяси теңгерімі ретінде ұсынылып отыр. Сонымен бірге Президенттің «ешкім заңды түрде тапқан активке... шектеу қойғалы жатқан жоқ» деген кепілі инвесторлар үшін маңызды тұрақтылық белгісі. Бұл бастаманың нақты параметрлері әлі айқындалмаған, сондықтан оны жіті бақылау қажет.

Цифрландыру тақырыбында ең алдымен Президенттің сыни көзқарасы назар аудартады: «әзірге нақты іске қарағанда құрғақ сөз көп. Цифрландыру ісі қолданыстағы үдерістерді автоматтандырудан ары аса алмай отыр». Мемлекет басшысының өз деңгейінен мұндай баға беруі саладағы басқарушыларға тікелей ескерту. Жолдауда ұсынылған «халықтық цифрлық экономика» ұғымы, меніңше, жаңа әрі мазмұнды тұжырымдама. Бұрынғы басымдық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі болса, енді мақсат – цифрлық технологияларды азаматтардың табыс көзіне айналдыру. Президенттің «смартфондар... уақытты зая өткізетін қымбат ойыншық емес, тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құралға айналуға тиіс» деген сөзі осы ойды нақты жеткізеді. Бұл тәсіл ауылдағы жұмыссыздық пен өңірлік теңсіздік мәселесін шешуге ықпал етуі мүмкін. Бірақ ол үшін цифрлық жұмыспен қамтудың құқықтық режимі жай декларация болып қалмай, қарапайым әрі түсінікті болуы шарт.

Әлеуметтік сала, яғни денсаулық сақтау мен білім беру, Жолдауда демографиялық шындыққа негізделген. Елімізде жеті миллионға жуық бала бар, бұл халықтың 34%-ы, ал жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Сегіз перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу, учаскелік медицина мамандарының жалақысын 40%-ға дейін көтеру және ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін арттыру – осы демографиялық сұранысқа берілген жауап. Білім беру саласында Президент мұғалімдердің күнделікті мәселесін дөп басты: «Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын... цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр». Ұстаздың абыройын қорғау туралы талап та педагогтер қауымдастығының көптен айтып жүрген мәселесіне берілген жауап.

Жолдаудың әлеуметтік философиясы мына тұжырымда айқын көрінеді: «Әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз». Бұл ұстаныммен толық келісемін. Өйткені ол азаматтарды тек мемлекеттік көмекке сүйенуге емес, олардың білім алуына, еңбек етуіне, кәсіби дамуына және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасауды көздейді. Алайда мұндай өзгерістерді асықпай, жан-жақты ойластырып жүзеге асыру қажет. Президенттің өзі «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» деп ескертуі бекер емес. Сондықтан әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау реформасы алдымен сынақ ретінде жүргізіліп, оның нәтижелері ашық әрі нақты өлшемдер арқылы бағалануы тиіс. Әйтпесе, өзгерістердің ауыртпалығы ең алдымен әлеуметтік жағынан осал топтарға түсуі мүмкін.

Жалпы алғанда, 2026 жылғы Жолдауды амбициялы, прагматикалық және нақты өлшенетін бағдарлама деп бағалаймын. Оның басты артықшылықтары – мәселелердің ашық аталуы мен нақты мерзімдердің қойылуы. Ең басты тәуекелі – ауқымды бюджеттік инвестиция мен инфляцияны тежеу міндетінің арасындағы шиеленіс, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың іске асыру қабілеті. Жолдаудың тиімділігі таяудағы бірнеше айда тексеріледі: жыл соңына дейін «Халықтық құрылыс» жобаларының тізімі жариялануы, 2027 жылғы 1 қаңтардан жаңа жалақы өсімі енгізілуі, 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару реформасының жоспары ұсынылуы керек. Президенттің «Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды» деген сөзі, менің ойымша, тек Үкіметке ғана емес, бүкіл қоғамға арналған. Енді бағаны мәтін емес, атқарылған жұмыс береді.

Ишпекбаев Жанатбек Ешенқожаұлы,

саяси ғылымдарының кандидаты, профессор,

Абай атындағы ҚазҰПУ,  Ректор Аппаратының басшысы

Алдыңғы
В Алматы завершилась ярмарка ремесленников с участием международных экспертов
Келесі
Алматының Түрксіб ауданындағы «Жұлдыз» шағынауданында аулаларды көркейту жұмыстары аяқталды

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу