Алматыда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жаңа маусымы басталды. 2026 жылы жоба аясында 2100 жасөспірім мен жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, бүгінде Алматы елдегі жастар ең көп шоғырланған қала. Қаладағы жастар саны 769 мыңнан асады. Оның ішінде 472,8 мыңы — жұмыс істейтін жастар, 307,8 мыңнан астамы — жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, ал 80 мыңға жуығы — жоғары сынып оқушылары.
«Жасыл ел» жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастыру, еңбек дағдысын дамыту және жастарды қоғамдық пайдалы жұмыстарға тарту.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қолдауға және экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. «Жасыл ел» жобасы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының міндеттеріне толық сәйкес келеді және жастарды қаланы дамытуға тартуға көмектеседі», — деді Азиз Кажденбек.
Оның айтуынша, 2025 жылы Алматы «Жасыл ел» жобасын жүзеге асыру бойынша еліміздегі үздік өңір деп танылды. Өткен маусымда маусымдық жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 2,1 мың жас жұмысқа тартылған. Биыл алғаш рет жобаға жоғары оқу орындарының студенттерімен қатар колледж студенттері мен NEET санатындағы жастар да қатысты.
Алматы қаласы бойынша «Жасыл ел» жобасының жетекшісі Ердәулет Жүнісбек жастар еңбек жасақтары жыл сайын қаланы көгалдандыруға, аумақтарды санитарлық тазалауға, қоғамдық кеңістіктерді көріктендіруге және экологиялық акцияларға қатысатынын айтты.
«Көптеген қатысушы үшін жоба алғашқы еңбек тәжірибесін алуға, қоғамдық қызметте өзін көрсетуге және Алматының дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді», — деді Ердәулет Жүнісбек.
Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы оқушылар, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады. Барлық қатысушы арнайы «Жасыл ел» формасымен қамтамасыз етіледі.
«Біздің мақсатымыз — жастарды уақытша жұмыспен қамтып қана қоймай, белсенді азаматтық ұстанымды, экологиялық мәдениетті және қалалық ортаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру», — деді Азиз Кажденбек.
Ердәулет Жүнісбектің айтуынша, еңбек маусымы 30 қыркүйекке дейін жалғасады, ал «Жасыл ел» жаңа маусымы 2 маусымда салтанатты түрде ашылады.
Жобаға өтінімді офлайн форматта Серіков көшесі, 6а/1 мекенжайы бойынша тапсыруға болады. Оқушыларға қатысу үшін оқу орнындағы әлеуметтік педагогке жүгіну қажет.
Жастар саясаты басқармасы өкілдерінің мәліметінше, биыл жастарды қамту аясын кеңейтіп, «Жасыл ел» жасақтарының қатысуымен өтетін экологиялық және қоғамдық бастамалар санын арттыру жоспарланып отыр.