Жанат Айтпаева: Жүйелі қолдау әр балаға бірдей жетуі керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясында сөйлеген маңызды сөзінде балаларды қорғау, олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты мәселелеріне айрықша тоқталды. Тамыз конференциясына қатыса отырып, мемлекетіміздің балалардың құқығын қорғау, олардың дамуына жүйелі жағдай жасау бағытындағы сындарлы саясатының мәнін тағы бір мәрте терең ұғындық.

Президентіміз атап өткендей, жыл басынан бері елімізде «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырылып келеді. Барлық өңірлерде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары мен психологиялық қолдау орталықтары құрылды. Бұл, әрине, өскелең ұрпақтың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды жүйелі қадамдар.

Балалардың дүниетанымы мен психологиялық жағдайына әлеуметтік желілердің, цифрлық платформалардың, жасанды интеллекттің және ақпараттық ортаның тигізетін әсеріне, бір сөзбен айтқанда олардың қазір бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлері де назардан тыс қалмады.

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы ең маңызды міндеттердің бірі ретінде балалардың психологиялық жағдайына төнетін қауіптердің алдын алу керектігін баса белгіледі. Алдын-ала әрекет отырып, қауіпті ертерек байқау, баланы тыңдай білу, нақты көмек көрсету және нақты нәтижеге дейін сүйемелдеуді қамтамасыз ету аса маңызды.

Өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығына да баса назар аударылды. Осы оқу жылынан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пәні оқытыла бастайды, ал білім беру бағдарламаларына «Конституция негіздері» және «Заң мен Тәртіп» курстары енгізіледі. Тағы бір өзекті мәселе – балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі. Кәмелетке толмағандарды зиянды контенттен қорғау шаралары, сондай-ақ 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеу және балаларға арналған SIM-карталарды ауқымды ету мәселелері атап өтілді.

Алайда барлық бағдарламалар, тетіктер мен шешімдер санға емес, тікелей балаларға бағытталуы тиіс. Себебі, әрбір санның артында бір-бір тағдыр, әр сигналдың артында назар аударуды қажет ететін жағдай тұруы мүмкін. Ал біздің міндетіміз – соның әрқайсысына жауапкершілікпен қарап, уақытында танып, уақытында көмек беру.

Бір сөзбен айтқанда, жүйелі шешімдер әрбір балаға дәл осындай жолмен жетуі тиіс.

Айтпаева Жанат Жеңісбекқызы,

Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау

 басқармасының басшысы

Алдыңғы
Фонд Булата Утемуратова поддержал проект газификации Алматы
Келесі
Жанат Айтпаева: От системных решений – к помощи каждому ребёнку

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу