БҰРАЛҚЫ ИТТЕР МӘСЕЛЕСІ: ҚАЗАҚСТАН АУЛАУ, СТЕРИЛЬДЕУ, ВАКЦИНАЦИЯЛАУ ЖӘНЕ БОСАТУДАН НЕГЕ БАС ТАРТҚАЛЫ ОТЫР?

Қазақстанда бұралқы және қараусыз жануарлар мәселесі кейінгі жылдары қоғамдағы ең өзекті әрі даулы тақырыптардың біріне айналды. Бірі жануарларға мейіріммен қарауды алға тартса, екінші тарап адам өмірі мен қауіпсіздігін бірінші орынға қою керегін айтады. Әсіресе балалар мен әйелдерге иттердің шабуылы жиілеген тұста бұл мәселе тек жануарларды қорғау аясындағы тар шеңберден шығып, қоғамдық қауіпсіздік, санитариялық ахуал, жергілікті бюджет, құқықтық реттеу және мемлекеттік саясат деңгейіндегі күрделі мәселеге ұласты.

Осы жағдайда Мәжіліс депутаттары «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынып отыр. Заң жобасы халықтың қауіпсіздігін арттыруға, жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы жетілдіруге және бір-біріне мейіріммен қарауға бағытталған. Бірақ бұл құжаттың қоғамда қызу талқы туғызған тұсы – АСВБ жүйесіне қатысты көзқарастың өзгеруі.

АСВБ (ОСВВ) дегеніміз – аулау, стерильдеу, вакцинациялау және босату. Бұл бұған дейін бұралқы иттердің санын дұрыс жолмен азайтудың тетігі ретінде қарастырылып келді. Теория жүзінде жүйе көшедегі жануарларды аулап, стерильдеп, екпе егіп, кейін оларды босату арқылы көбеймеуіне жағдай жасау керек еді. Алайда Қазақстандағы бұл тәжірибе қалаған нәтижені бермеді.

Ресми деректерге сүйенсек, АСВБ жүйесі тиімділігі дәлелденбестен бұрын іске қосылған. Бұл аралықта бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі де айтарлықтай артқан. Егер 2022 жылы осы салаға 1,2–1,3 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылса, 2025 жылға қарай бұл сома 3–3,5 млрд теңгеге дейін жеткен. Алайда шығын артқанымен, нәтиже бермеген. Керісінше, ауланған бұралқы және қараусыз жануарлар саны өскен. Мәселен 2022 жылы 243,5 мың жануар ауланса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 276,3 мыңға жеткен. Яғни үш жыл ішінде өсім 33 мың болды. 

Бұл бір ғана статистикалық өсім емес. Бұл – мәселенің шешілмегенін, тіпті жүйеленіп кеткенін көрсететін белгі. Жағдайдың күрделене түскенін адамдарға иттердің шабуылы да аңғартады. 2022 жылы елде 36,7 мың шабуыл дерегі тіркелсе, 2025 жылы оның саны 41,4 мыңға жеткен. Орташа есеппен алғанда, Қазақстанда күн сайын иттер адамға 113 рет шабуыл жасайды. 

Өңірлерге барған депутаттардың сөзінше, тұрғындар осы мәселені шешуді талап өтіп отыр. Демек, бұралқы иттер тек белгілі бір аймақтардың емес, тұтас елдің проблемасына айналды. Оның үстіне бұл тақырып ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде тұрақты көтеріліп келеді. Әсіресе қоғам иттер балаларға шабуыл жасайды деп алаңдайды.

Бұл жерде халықаралық тәжірибеге де назар аударылып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Жануарлар денсаулығын сақтау жөніндегі дүниежүзілік ұйым, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен Құтырмаға қарсы күрес жөніндегі жаһандық альянс «Zero by 30» стратегиясы аясында 2030 жылға қарай адамдар арасындағы иттен жұғатын құтырмадан болатын өлім-жітімді жоюды мақсат етеді. Алайда бұл ұйымдар да ит популяциясын басқару мәселесін көбіне қоғамдық денсаулық және қауіпсіздік тұрғысынан қарастырады. ДДҰ нұсқаулығында иттер санын қысқарту өздігінен құтырманы айтарлықтай азайтпайтыны, негізгі тиімді тетік жаппай вакцинация екені айтылады. Сонымен бірге популяцияны басқару әр елдің мәдени, әлеуметтік және діни ерекшеліктеріне сай кешенді түрде жүргізілуі тиіс екені көрсетілген. 

Яғни халықаралық тәжірибе де бір ғана әмбебап жол жоқ екенін көрсетеді. Кейбір мемлекеттерде иттердің еркін жүруі қалыпты құбылыс саналса, енді бір елдерде қаңғыбас жануарлар қоғамдық қауіп көзі ретінде қабылданады. Сол себепті әр мемлекет өз жағдайына қарай шешім қабылдайды.

Қолда бар деректерге қарағанда, дамыған елдердің басым көпшілігі қаңғыбас жануарлар санын реттеуде қайтарымсыз аулау моделін қолданады. Норвегия, Исландия, Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Аустралия, Жапония және өзге де бірқатар елдерде ұсталған иттің иесі белгілі мерзімде табылмаса, жануар панажайға жіберіледі, жаңа иеге беріледі немесе эвтаназия мәселесі қаралады. Италия, Германия, Аустрия, Испания, Чехия секілді елдерде ауланған иттер бюджет есебінен панажайларда табиғи өліміне дейін ұсталады. Ал АСВҚЖ заң деңгейінде нақты бекітілген ел ретінде көбіне Үндістан аталады. 

Алайда Үндістан тәжірибесінің өзі бұл модельдің мінсіз емес екенін көрсетті. Кейбір қалаларда, атап айтқанда Ченнай мен Джайпурда, қомақты ресурс жұмсалған жағдайда он жыл шамасында белгілі бір нәтижеге қол жеткізілген. Бірақ елдің басым бөлігінде ОСВВ ұзақ жылдар бойы қолданылса да, қаңғыбас иттер санын азайту мүмкін болмаған. Оның үстіне ДДҰ мәліметінше, әлемдегі құтырмадан болатын өлімнің шамамен 36 пайызы Үндістанға тиесілі, ал құтырманың адамға жұғу жағдайларының басым бөлігі иттер арқылы болады. 

Түркия мысалы да Қазақстанда жиі талқыланатын дәлелдің біріне айналды. Бұл елде АСВҚЖ моделі 2004 жылдан бері қолданылып келгенімен, 2024 жылға қарай қаңғыбас иттер саны шамамен 4 миллионға жеткен. Соның салдарынан азаматтардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық артып, Түркия билігі бұрынғы тәсілден бас тартып, қайтарымсыз аулау жүйесіне көшуге мәжбүр болды. 

Мұндай өзгерістердің себебі тек статистикамен ғана емес, нақты қайғылы оқиғалармен де байланысты. Үндістанда 2024 жылы әр сағат сайын 60 баланың ит шабуылына ұшырағаны айтылса, Түркияда 2022 жылдан бері кемінде 75 адам, оның ішінде 44 бала қаңғыбас иттердің шабуылы немесе солар себеп болған жол апаттары салдарынан көз жұмған. Ресейде де Орынбор мен Якутияда балалардың қаза тапқан жағдайлары тіркелген. Қазақстанда 2022 жылы Ақтөбеде баланың денесінен көптеген тістеу ізі табылған оқиға қоғамды есеңгіреткен еді. 

Осы деректер аясында жаңа заң жобасында бірнеше түбегейлі өзгеріс ұсынылып отыр. Соның ең бастысы – ауланған жануарларды уақытша ұстау пункттеріне міндетті түрде жеткізу және қаңғыбас иттерді қайтадан көшеге жібермеу. Яғни бұрынғыдай аулап, стерильдеп, қайта босату тәсілінен бас тарту көзделген. Заң жобасына сәйкес, қаңғыбас ит бес күн өткеннен кейін эвтаназияға жіберілуі мүмкін. Бірақ мәслихаттар өңірдің қаржылық мүмкіндігіне қарай бұл мерзімді ұзарту туралы шешім қабылдай алады. Ал қараусыз, яғни иесі болуы ықтимал жануарлар үшін 60 күндік ұстау мерзімі белгіленеді. 

Айта кететін жайт, бұл өзгеріс мысықтарға қатысты қолданылмайды. Заң жобасында мысықтар жалпы адамдар үшін қауіпсіз деп танылып, оларға қатысты АСВҚЖ жүйесі сақталатыны көрсетілген. 

Заң жобасындағы тағы бір маңызды жаңалық – иттер мен мысықтарды міндетті чиптеу. Бұл түзету қаңғыбас жануарлар мәселесінің түп-тамыры көшеде емес, көбіне иесі бар үй жануарларының қараусыз қалып, бақылаусыз көбеюінен басталатынын ескеруден туған. Яғни ертең далада жүрген иттің кеше біреудің ауласында болғаны әбден мүмкін. Осыған байланысты ішкі істер органдары мен жергілікті атқарушы органдар үй жануарларын есепке алу бойынша профилактикалық шаралар жүргізуге өкілетті болады. Бірінші рет ескерту жасалады, екінші рет айыппұл салынады, ал үшінші рет жануар иесінен тәркіленуі мүмкін. 

Сонымен қатар үй жануарларын серуендету талаптарын бұзу салдарынан адамға, басқа жануарға немесе бөтеннің мүлкіне зиян келсе, иесі келтірілген шығынды өтеуге міндеттеледі. Егер салдары адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкелсе, иесі мұндай жануарға белгіленген тәртіппен эвтаназия жасауға міндетті болады. 

Құжаттағы тағы бір бағыт – қоғамдық бақылауды енгізу. Яғни үкіметтік емес ұйымдар мен жануарларды қорғаушылар уақытша ұстау пункттері мен панажайларға кіріп, жағдаймен таныса алады. Бұл бір жағынан ашықтықты қамтамасыз етсе, екінші жағынан қоғамда туындауы мүмкін күмән-күдікті азайтуға көмектеседі. 

Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту де заң жобасының өзегіне айналып отыр. Үй жануарларын тіркетпеу, міндетті чиптемеу, күтіп-бағу талаптарын сақтамау, серуендету ережесін бұзу, эвтаназия мен кәдеге жарату тәртібін бұзу үшін жауапкершілік қатаңдайды. Сонымен қатар жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін де жазаны күшейту ұсынылған. Бұл қоғамда гуманистік құндылықтарды нығайтуға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жануарларды қорғау тетіктерін нақтылауға бағытталғаны айтылып отыр. 

Мәселенің екінші қыры – инфрақұрылым. Берілген материалдарда қазіргі қолданыстағы панажайлардың үнемі толып тұратыны, олардың мемлекеттік саясатты толыққанды жүзеге асыруға қауқары жетпейтіні айтылған. Жаңа кешендер салу мен ветеринарлық көмек көрсету нысандарын дамыту бойынша нақты жоспарлардың жоқтығы да жағдайды қиындатып отыр. Демек, мәселе тек заңға өзгеріс енгізумен ғана шешілмейді. Егер мемлекет қаңғыбас жануарлар санын бақылауды шынымен жүйеге келтіргісі келсе, онда оған панажайлар инфрақұрылымы, жануарларды есепке алу мәдениеті, иелердің жауапкершілігі, ветеринарлық қызмет сапасы және қоғамдық бақылау қатар жүруі керек. 

Қаңғыбас жануарлар мәселесі – жай ғана талас емес. Мұнда екі маңызды нәрсе бар: адам қауіпсіздігі және жануарға жанашырлық. Біреулер «ең алдымен адам өмірі маңызды» дейді. Енді біреулер «жануарға қатігездік жасауға болмайды» дейді. Ал мемлекет осы екі жаққа да зиян келтірмейтін, елге тиімді, қолдануға ыңғайлы және шығыны көтеретін ортақ шешім табуы керек.

Сондықтан бүгінгі талқылау АСВБ-ны жақтау не даттау төңірегінде ғана емес, тұтас жануарлар саясатын қайта қарау мәселесіне келіп тіреліп отыр. Қазақстан алдында енді нақты сұрақ тұр: ел қаңғыбас жануарлар мәселесін гуманизм мен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, қандай жолмен шешеді? Ұсынылып отырған заң жобасы осы сауалға берілген қазіргі саяси-құқықтық жауап іспетті.

Бірақ бір нәрсе анық: үй жануарларын міндетті есепке алу жолға қойылмаса, иелердің жауапкершілігі артпаса, панажайлар жүйесі дамымаса, ал жергілікті жерлерде бақылау әлсіз болса, онда қандай модель қабылданса да, мәселе түбегейлі шешілмеуі мүмкін. Өйткені бұралқы ит көшеде аяқ астынан пайда болмайды. Ол бір күні біреудің қарауынсыз қалған үй жануары болуы да ықтимал.

Сол себепті бұл заң жобасы тек қаңғыбас иттер тағдыры туралы құжат емес. Бұл – қоғамдағы тәртіп, жауапкершілік, қауіпсіздік және жануарға деген өркениетті көзқарас туралы мәселе.

Алдыңғы
Лимара Салих возвращается в эфир «Информбюро» в год 30-летия программы

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу