Алматыда жол қозғалысын ұйымдастыру, автотұрақ кеңістігін басқару және электр самокаттарды реттеу жүйесін реформалауға бағытталған жаңа қағидалар жобасы қарауға ұсынылды, - деп хабарлайды alnews.
Бастамалар жолдардағы жүктемені азайтуға, қауіпсіздікті арттыруға және қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Жобадағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – жақын маңдағы тұрғын үйлердің тұрғындарына автотұрақтарды тегін пайдалану мүмкіндігін беру. Құжатқа сәйкес тұрғындар өздерінің тұрғылықты жерінен 500 метр радиуста орналасқан автотұрақта бір көлік құралы үшін бір жыл мерзімге тегін пайдалану рұқсатын рәсімдей алады. Бұл ретте иесіне нақты бір тұрақ орны бекітілмейді.
Сондай-ақ ақылы автотұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемнен босатылатын азаматтар санатын кеңейту ұсынылуда. Олардың қатарына ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар және электр көліктерінің иелері енгізілуі мүмкін. Төлемнен босату құқығы меншік иесінің таңдауы бойынша бір көлік құралына ғана қолданылады.
Жоба аясында автотұрақ пайдаланушылары үшін тегін уақыт аралықтарын енгізу де көзделген. Атап айтқанда, тротуар бойындағы автотұрақтарда бес минутқа дейін, ал алаңдық автотұрақтардан шығу кезінде он минутқа дейін тегін уақыт беру ұсынылады.
Жеке мобильділік құралдарын, оның ішінде электр самокаттарды реттеуге де ерекше назар аударылған. Қалада оларды орналастыруға арналған арнайы аймақтарды енгізу жоспарлануда. Электр самокаттарды тек арнайы таңбаланған орындарда қалдыруға рұқсат етіледі. Жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіретін ретсіз тұраққа қоюға тыйым салынуы мүмкін.
Жоба әзірлеушілерінің пікірінше, ұсынылып отырған шаралар ретсіз автотұрақтарды азайтуға, көшелердің өткізу қабілетін арттыруға, тұрақ орындарының қолжетімділігін жақсартуға және қоғамдық көліктің дамуын ынталандыруға мүмкіндік береді.