Columbus -0℃
  • 501.3
  • 526
  • 4.97

Әзербайжан Тынық мұхитында не істеп жүр?

Әзербайжан Тынық мұхитында не істеп жүр? Фото: AR

Орталық Азияның бейбіт қалпын сақтауда іргелес және өзара ықпалдас аймақтардың тыныштығы да маңызды. Мысалы, Ауғанстандағы, Украинадағы жағдайлардың біздің аймаққа жасайтын ықпалын ескермей тұра алмаймыз.

Қазақстан өз мүддесіне қоса Орта Азия тұрғысынан да Оңстүстік Кавказдағы бейбітшілікті қалпына келтіруге күш салып келеді. Осы тұста Каспий теңізінің арғы бетіндегі қандай да бір іс-қимыл, жаңа өзгерістер біз үшін маңызды бола түсті. Сондықтан бізге әсер ететін тағы бір іргелес аймақ Оңтүстік Кавказға жаңа қырынан талдау жасауға тура келеді. 

Жаңа Каледония оқиғасы

Франция-Әзербайжанның қарым-қатынасын сөз етуден бұрын, Тынық мұиттың алыс аралы – Жаңа Каледонияға назар аударуға тура келеді. Екі апта бұрын аталған аралда толқу болып, соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Көшелер қиратылып, көліктер өртелді. Қоғамдық тәртіпті қалпына келтіріп, маңызды нысандарды қорғау үшін Франция аралға қарулы күш жіберуге мәжбүр болды. Әрі аралда бірқатар қатаң шараларды қабылдады. 

Наразылық Франция парламентінің жергілікті заң шығарушы органға сайлау тәртібін өзгерту туралы заң қабылдауына қарсылықтан басталды. Жаңа заң жобасы бойынша аралда 10 жыл тұрған франциялық сайлау құқығына ие болады. Бұған жергілікті тұрғындар наразы, себебі олар бұл заң жобасы өздерінің саяси ықпалына нұқсан келтіреді деп санайды. Наразылық дүрбелеңге, дүрбелең қақтығысқа ұласып, кемінде 4 адам көз жұмғаны айтылған. Франция ресмилері 100-ге жуық полиция қызметкері жарақат алғанын да мәлімдеген. Австралияның ары жағында, Тынық мұхиттың түкпірінде жатқан аралда болған оқиға біздің назарды аудартпас еді. Бірақ, Франция тарабы бұл қоғамдық толқуға Әзербайжанның қатысы бар деп шықты. Міне осы кезде оқиға біздің назарды өзіне бұрды.

Франция Ішкі істер министрлігі дербестікті жақтаушыларды Әзербайжан қолдап отыр деп мәлімдеді. Сол кезде France 2 арнасында Франция ІІМ жетекшісі Жеральд Дарманен: «Бұл ертегі емес, өкінішке орай кейбір сепаратистер Әзербайжанмен келісімге келді. Сыртқы аралсулар болған күнде де Франция өз территорясында егемендігін, мүддесін қорғай алады», – дегені бар.

Дарманеннің олай деуіне не себеп? Сәуір айында Бакуде «Жаңа Каледония: тарих, заманауи сын-қатерлер және күтілетін болашақ» атты ғылыми конференция өткен. Оған Жаңа Каледония парламентіндегі жерглікті халықтың өкілі саналатын депутаты Нейселин Омайра қатысып сөз сөйлеген. Сөзінде Омайра ғылыми конференцияның маңызын айта келіп, «саяси қолдауларды қамтыған, сондай-ақ, экономикалық, мәдениет, экология сияқты салаларда ынтымақтастықты дамыта алатындарын» айтып өткен. Әрі «Біз үшін жаңа парақ ашылуда, бүгін біз екі халық арасындағы жаңа тарихтың іргетасын қалаудамыз» деген сынды тебіренсті сөздері болған.

Каспий теңізінен Тынық мұхитына құлаш сермеу

Француздардың айыптауына қатысты Әзербайжан пәлендей маңызды мәлімдеме жасамады. Дегенмен, Екінші Таулы Қарабақ соғысынан кейін Франция мен Әзербайжан қарым-қатынасы салқындай түскенінен әңгімені тарата беруге болады. Еуропадағы армян диаспорасы Францияда ең көп шоғырланған. Сол және өзге де себептерден Франция тарабы Таулы Қарабақ соғысынан кейін Арменияға көңіл бұрғаны екі жақты дипломатиялық барыс-келістерден көрінді. Бұның мәнін тіпті арыдан таратып айтуға болады. Ал Әзербайжан тұрғысынан келсек, Францияның айыптауы расталса да, расталмаса да бұл аймақ елдері үшін назар аударарлық жағдай. Себебі, аймақтағы шағын елдер өз ішінде, өз территориясы аумағында ғана өз мүддесін қорғаумен шектеліп келген.

Егер Париж билігінің айыптауы шынайы негізге ие болса онда бұл Әзербайжанның жаңа деңгейде әрекеті деуге болады. Бұны өз мүддесін сырт тарапта қорғау әрекеті деп түсіндірер едік. Былай қарағанда Париж бен Бакудің күш-салмағы тең емес, алайда ірі ойыншының назарын басқа аймаққа бұру және күшін паршалау сынды стратегиялық, тактикалық іс-қимылдардың сұлбасы бар. Бір елдің ішкі ісіне араласуды ақтап алуға келмейді, сүйтсе де өз мүддесін сырт тарапта қорғай алуға деген ұмтылысы аймақта өзіндік бағалауға лайық. Осы арада Еуропадағы ірі ойыншының Оңтүстік Кавказдағы шағын елдерге қалайша назар аударатынын, Әзербайжан мен Арменияның маңызының қайда екенін басқа қырынан талдауға тура келетіндей.

Шағын елдің жаһандық маңызы

Қап тауының оңтүстігінде оқ атылғаннан кейін әлемде көп нәрсе өзгергенін осыған дейін де айтып келеміз. Халық саны мен жер көлемі жағынан шағын ел болып саналатын Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығыстың ықпал ауқмы неге соншалық кең болды? Бұл мәселе бізді ұзақ болашақ тұрғысынан ойландыруға тиіс. Бұның мәнін барынша қысқаша түсіндіруге тырысып көрелік.

Әлемді үлкен шахмат тақтасы ретінде қарастырсақ, түркі әлемі бұл алаңдағы ірі фигураның бірі. Себебі ол Еуразияның ен даласын, табиғи ресурстарға бай аймақтарын иелеп жатыр. Әрі Еуропа сынды аса маңызды континенттің бауырана қарай сұғына түскен Кіші Азияны (Түркия) да өз ішіне қамтиды. Оның үстіне түркі әлемнің ислам әлемімен қарым-қатынасы шахматтағы өзге фигруалар үшін ұдай қаперде тұрады. Бір кездері жіксіз жалғасып жатқан бұл әлем Ресей империясы кезінде территориялық жақтан үзгіндікке ұшырады.

Бізр кездері армиян жұрты осы бір алып фигураны қақ екіге бөле отырып, Қап тауында Христиан әлемінің сынасы ретінде қағылғаны бар. Бұл сына шахматтағы түркі әлемі мен ислам әлемі сынды маңызды фигуралардың арасына қағылды. Оның геосаяси ықпалы орасан зор болды. Бір кездері ірі ойыншылар әлемді исламдық, христандық және басқа да сенімдерге қарай жіктеген тұста грузин, армиян жұрты Еуропадағы ойыншылар үшін маңызды болып тұрған. Әрине кейін Кеңес одағының ықпалында ойын ережесі өзгерді, бірақ қалыптасқан картина сол күйінде қалды.

Ресей территориясы арқылы бөлініп қалған түркі әлемі 1991 жылдан тартып Оңтүстік Кавказ арқыл, оның өзінде Әзербайжан арқылы коридорға ие болды. Сондықтан Таулы Қарабақ мәселесі ұзақ уақыт бойы шешім таппауында толып жатқан мүдделі тараптардың үлесі бар десек артық емес. Міне осы тұрғыдан қарастырсақ, 3 миллионға жуық халқы бар Армения мен 10 миллионнан аса халқы бар Әзербайжанның жаһандық маңызын түсіне аламыз.

 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!