Алматы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов кешенді қала құрылысы сараптамасының оң қорытындысын алған 2040 жылға дейінгі Бас жоспарды түзету жобасының негізгі ережелері туралы баяндады, - деп хабарлайды alnews.
Ол Бас жоспарды түзету жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі қала тұрғындарымен өзара іс-қимыл болғанын атап өтті. Бейбіт Шахановтың айтуынша, қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстар мен өтініштер сараланып, заңнама талаптары мен қала құрылысы шектеулері ескеріле отырып, мүмкіндігінше жобалық шешімдерге енгізілген. Сонымен қатар стратегиялық экологиялық бағалауға және Бас жоспардың іске асырылуына одан әрі қоғамдық бақылау жүргізуге ерекше назар аударылды.
«Бас жоспарды одан әрі іске асырудың маңызы ерекше. Құжатты бекіту қаланың кейінгі дамуына негіз болады, алайда онда көзделген шешімдерді дәйекті түрде жүзеге асыру негізгі кезең болмақ. Осыған байланысты Бас жоспардың іске асырылуына, құрылыс параметрлерінің сақталуына, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның уақытылы дамуына, сондай-ақ жасыл желек пен табиғи аумақтардың сақталуына тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету қажет. Халықпен байланыс орнату және тұрғындарды негізгі жобалардың іске асырылу барысы туралы хабардар ету де маңызды бағыт болып қала береді. Бұл қала құрылысы шешімдерінің ашықтығын арттыруға және демографиялық, көлік, экологиялық әрі әлеуметтік ахуалдағы өзгерісті дер кезінде ескеруге мүмкіндік береді», – деді Бейбіт Шаханов.
Оның айтуынша, жаңартылған құжат соңғы деректерге негізделген және экологиялық, сейсмикалық, көлік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық шектеулерді ескере отырып, қаланың теңгерімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Қаланың алдында Алматының табиғи әлеуетін сақтау, жайлы қалалық ортаны қамтамасыз ету, көлік байланысын жақсарту, халық санының өсуіне қажетті жағдай жасау және сонымен қатар қаланың тарихи бірегейлігін сақтау міндеті тұр», – деді Алматы әкімінің орынбасары.