Алматы тау кластері жобасын жүзеге асыру практикалық кезеңге өтті, - деп хабарлайды alnews.
«Almaty Tau Management» ЖШС мәліметінше, дайындық жұмыстары «Шымбұлақ» курортында, сондай-ақ Бұтақты және Кімасар шатқалдарында басталды.
«Шымбұлақта» екі жаңа көтергіш — төрт орындық аспалы жол мен сүйретпелі көтергіш салынып жатыр. Олар курорттың өткізу қабілетін арттыруға, келушілер санын тиімді бөлуге және шаңғы тебу жайлылығын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бұтақты шатқалында болашақ аспалы жол станцияларына арналған алаңдар дайындалып, инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізілуде. Құрылыс техникасының жүруі және инженерлік желілерді тарту үшін «Бұтақты – 2000 м» бағыты бойынша технологиялық жол салу жұмыстары басталды. Бұл негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарына кіріспес бұрын атқарылатын қажетті кезең. Ол шамамен 2–3 аптаға созылады.
Кімасар шатқалында болашақ базалық станция орналасатын құрылыс алаңы дайындалды. Барлық учаскеде жасыл желектер зерттеліп жатыр. Мамандар ағаштардың қазіргі жағдайы мен орналасуын тіркеп, кейінгі жобалау кезінде табиғи ландшафтты ескеруге және оған әсерді барынша азайтуға мән береді. Ағаштарды таңбалау — оларды зерттеу және есепке алу рәсімінің бір бөлігі.
Еске салайық, Алматы тау кластері «Шымбұлақ» пен «Oi-Qaragai» курорттарын аспалы жолдар мен тау шаңғысы трассаларының бірыңғай жүйесі арқылы біріктіруді көздейді.
Жоба экологиялық тұрақтылық қағидаттарын ескере отырып жүзеге асырылады. Жер бедеріне әсерді барынша азайту, экологиялық дәліздер мен су ресурсын сақтау, тұрақты экологиялық мониторинг жүргізу және экологиялық рәсімдерді сақтау қарастырылған.
Келушілердің қауіпсіздігін қар көшкінінен қорғаудың кешенді жүйесі, құтқару бекеттері мен медициналық пункттер қамтамасыз етеді. Көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында көлік қалдыруға арналған тұрақтар, қоғамдық көлік, тегін электр шаттлдары және тау аумақтары арасында қатынайтын, оның ішінде аспалы жолдарды қамтитын бірыңғай қозғалыс жүйесі жоспарланған.
Жоба жыл бойы спортпен шұғылдануға және белсенді демалысқа, шаңғы мектептерін дамытуға, бұқаралық іс-шаралар өткізуге және нұсқаушылар даярлауға жағдай жасайды. Сондай-ақ қолжетімді инфрақұрылым, отбасылық және бейімделген спорт арқылы әлеуметтік және инклюзивті бағыт сақталады.
Жобаны жүзеге асыру бизнес, туризм, көлік және құрылыс салаларының дамуына серпін беріп, 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Есеп бойынша, жобаның экономикалық тиімділігі жылына 500 млрд теңгеден асады.