Алматыда Марфуға Айтқожаның 90 жас мерейтойына орай поэзия мен музыкаға толы шығармашылық кеш өтті

Алатау дәстүрлі өнер театрында белгілі қазақ ақыны Марфуға Айтқожаның 90 жас мерейтойына арналған «Жыр аққуы – Марфуға» атты шығармашылық кеш өтті, - деп хабарлайды alnews.

Мерейтой иесін құттықтауға жазушылар, ақындар, белгілі өнер қайраткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері жиналды. Іс-шара Алматы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Марфуға Айтқожа – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қаласының Құрметті азаматы, «Барыс», «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері. Туған жер, махаббат, адам сезімі мен халық тағдырын арқау еткен шығармалары қазақ поэзиясында айрықша орын алады.

Мерейтой кешін дирижер Жексен Айсынның жетекшілігімен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі ашты. Музыкалық қойылымдар ақынның өмірі мен шығармашылығын таныстырған поэзиялық композициялармен алма-кезек өріліп отырды.

Кеште Қазақстанның халық артисі Шахимардан Әбілов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Махмұт Тойкенов, Гүлзат Дәуірбаева, Әділет Жексенби, Тілебек Қожанұлы, Еркін Шүкіман, Қабылаш Әбікейұлы және халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрсұлтан Сабиров өнер көрсетті.

Бағдарламадағы ерекше қойылымдардың бірі актер Болат Әбділманов орындаған «Абай аманаты» монологы болды. Ал «Алатау» театрының артистері «Аққу жүрек» атты поэзиялық композиция ұсынды.

Кеш қонақтарының қатарында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов пен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы болды. Олар ақынды мерейтойымен құттықтады.

Кеш соңында Марфуға Айтқожа көрермендерге алғыс білдірді. Сондай-ақ Алматы әкімдігіне, ұйымдастырушыларға, өнер көрсеткен артистерге және мерейтой қуанышын бірге бөлісуге келген барша қауымға ризашылығын жеткізді.

Алдыңғы
В Алматы проведено масштабное благоустройство сквера в Жас Канате
Келесі
В Алматы 90-летие Марфуги Айтхожиной отметили большим вечером поэзии и музыки

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу