Алматыда 10 қараша кешінен бері толассыз жаңбыр жауып тұр. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 11 қараша сағат 10:00-дегі жағдай бойынша қалада 23 мм, Медеу ауданында 26 мм, Каменск үстіртінде 36 мм жауын-шашын түскен, - деп хабарлайды alnews.
Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп, көшелер мен аулаларда су жиналған жерлерді тазалап жатыр.
Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы өкілдерінің мәліметінше, түнде қаланың бірнеше ауданында су жиналғаны анықталған.
Қолайсыз ауа райының салдарын болдырмау және жою үшін жалпы саны 1 579 адамнан құралған 85 жедел бригада кезекшілікке шықты. Жұмысқа 415 техника мен 97 мотопомпа жұмылдырылып, 2 950 құм салынған қап дайындалды. Тәулік бойғы жұмысқа 3 253 жол саласы жұмысшысы тартылды.
Синоптиктердің болжамынша, 11 қарашада жаңбыр күні бойы оқтын-оқтын жауады.
Тағы 10 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Күндіз ауа температурасы +5…+7 °C шамасында болады.
12 қарашада жауын-шашынсыз ауа райы болжанып отыр, тұман түсуі мүмкін.
Қала тұрғындарына қолайсыз ауа райында жолда абай болып, көлік жылдамдығын азайту ұсынылады. Сондай-ақ көліктерді су жиналуы мүмкін аумақтарға қоймау керек. Қатты жел кезінде ағаштардың түбінде және жарнама құрылымдарының маңында жүрмеген жөн.