Алматы қаласындағы студенттік жатақханалар құрылысы бойынша жобалық кеңсе инвесторларды жаңа құрылыс және қайта жаңғырту жобаларына қатысуға шақырады, - деп хабарлайды alnews.
Бастама мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы аясында іске асырылып, студенттер үшін заманауи әрі қолжетімді тұрғын үй санын арттыруды көздейді.
Мемлекеттік субсидиялау - әлеуметтік және стратегиялық маңызы бар салаларды дамытуға бағытталған қаржылық қолдау тетігі. Бүгінде Алматыдағы студенттерді жайлы және сапалы жатақханамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр.
Бағдарлама аясында инвесторларға жаңа жатақхана құрылысын жүргізу немесе қолданыстағы ғимараттарды қайта бейімдеу мүмкіндігі ұсынылады.
Жоба инвесторлар үшін бірқатар тиімді артықшылықтарды қарастырады. Атап айтқанда, студенттердің тұру ақысы есебінен тұрақты табыс табу, жатақхана аумағындағы коммерциялық кеңістіктерді пайдалану, банктік несие бойынша субсидия алу, жер телімдерін рәсімдеу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар құжаттарды рәсімдеу барысында тегін заңгерлік кеңес пен толық сүйемелдеу көрсетіледі.
Алматы қаласында студенттік жатақханалар санын көбейту мақсатында құрылған жобалық кеңсе мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуын үйлестіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта бағдарламаға 120-дан астам инвестор қызығушылық танытқан. Бұл студенттік инфрақұрылымды дамытуға бизнес қауымдастық тарапынан жоғары сұраныс бар екенін көрсетеді.
Байланыс мәліметтері:
📍 Мекенжай: Алматы қаласы, Байтурсынұлы көшесі, 22к1, 4-қабат
📞 Телефон: +7 701 528 28 37
👤 Байланыс тұлғасы: Дамир Кутумов, жобалық кеңсе жетекшісі
Алматыдағы заманауи студенттік инфрақұрылымды дамытуға бірге үлес қосыңыз!