Алматыда қаладағы барлық жоғары оқу орнының студенттеріне арналған дағдарыс орталығы ашылды, - деп хабарлайды alnews.
Жаңа орталық Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University-дің жаңартылған №1 Студенттер үйінің базасында бір ай бойы жұмыс істейді. Мұнда өмірлік қиын жағдайға тап болған жастар уақытша тұрып, кешенді қолдау ала алады.
Орталықтың басты ерекшелігі – көмек тек ALT University студенттеріне ғана көрсетілмейді. Өміріндегі түрлі қиындыққа байланысты уақытша баспанасыз қалған немесе әлеуметтік, психологиялық не консультациялық қолдауды қажет ететін Алматыдағы кез келген жоғары оқу орнының студенті орталыққа жүгіне алады. Осы мақсатта Студенттер үйінен 50 орын бөлінді.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысанәлиевтің айтуынша, дағдарыс орталығының ашылуы студент жастарды қолдаудың қолданыстағы жүйесін кеңейтіп, жастардың тұрмыстық мәселесімен қатар әлеуметтік қиындықтарына да жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
«Алматы – еліміздегі ең ірі студенттік орталық. Сондықтан білім алу үшін қалаға келген әрбір жастың қиын жағдайда жалғыз қалмайтынын сезінуі біз үшін аса маңызды. Студенттер уақытша баспанасыз қалудан бастап, психологиялық немесе әлеуметтік көмек қажет болатын түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Дағдарыс орталығы қай жоғары оқу орнында білім алатынына қарамастан, әр студент қолдау сұрап жүгіне алатын орын болуы тиіс. Біздің міндетіміз – уақытша баспана берумен ғана шектелмей, жастың қиын кезеңнен өтіп, толыққанды оқуына және қалыпты өміріне оралуына көмектесу», — деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысанәлиев.
Орталық Мәуленов көшесі, 108А мекенжайында орналасқан. Ғимарат күрделі жөндеуден өткен. Жатақхана жалпы 487 орынға есептелген, ғимараттың аумағы 7 мың шаршы метрден асады.
Қайта жаңғыртудан кейін мұнда заманауи студенттік орта қалыптастырылды: тұрғын бөлмелер, ас үйлер мен тұрмыстық үй-жайлар, өз бетінше дайындалуға арналған кеңістіктер, демалыс бөлмелері, кір жуатын орын, спорт аймағы және жаттығу залы жабдықталды.
Дағдарыс орталығының студенттері үшін оқу және тұрмыстық аймақтары бар жеке тұрғын бөлмелер, асүй модульдері мен санитарлық-гигиеналық үй-жайлар қарастырылған. Сондай-ақ олар спорт залы мен медициналық пунктті пайдалана алады. Қажет болған жағдайда медициналық пунктте алғашқы көмек көрсетіледі. Орталықта тұрған кезеңде жастар психологиялық, әлеуметтік және консультациялық қолдау ала алады. Әрбір өтініштің құпиялылығын сақтау және студенттің жағдайына жеке қарау орталық жұмысының маңызды қағидаты болмақ.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, мұндай жобалар студенттік инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан ғана емес, білім алушыларды жан-жақты қолдау жүйесін қалыптастыру үшін де маңызды.
«Заманауи білім беру ортасы – тек аудиториялар, бағдарламалар мен оқыту сапасы ғана емес. Студенттің қандай жағдайда тұратыны және қиын өмірлік жағдайға тап болғанда қайда жүгіне алатынын білуі де аса маңызды. Түрлі жоғары оқу орнының студенттеріне қолжетімді дағдарыс орталығының ашылуы – осындай қолдау жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Мұнда жастар уақытша баспана, консультациялық, әлеуметтік және психологиялық көмек алып, ең бастысы, оқуын алаңсыз жалғастыруға мүмкіндік алады», — деді Ақерке Абылайхан.
Қалалық дағдарыс орталығын құру өмірлік қиын жағдайға тап болған Алматы студенттеріне жедел көмек көрсетудің қосымша тетігін қалыптастыруға бағытталған. Жоба бірнеше бағытты – уақытша баспана, әлеуметтік бейімдеу, психологиялық қолдау және қауіпсіз әрі жайлы жағдайда оқуын жалғастыру мүмкіндігін біріктіреді. Дағдарыс орталығының байланыс нөмірлері: +7 700 255 14 43, +7 700 950 95 28, +7 727 237 01 70.