Алматыда Марфуға Айтқожинаны 90 жас мерейтойымен құттықтады

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Мемлекет басшысының атынан ақын, Қазақстанның халық жазушысы Марфуға Айтқожинаны 90 жасқа толған мерейтойымен құттықтады, - деп хабарлайды alnews.

Абзал Нүкенов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады.

 

«Көрнекті ақын, қоғам қайраткері әрі ерекше дарын иесі ретінде Сіз халқымыздың зор құрметіне бөлендіңіз. Мазмұнды да өнегелі ғұмырыңызды ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға, қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтуге арнадыңыз. Үздіксіз ізденіс пен шабытқа толы көпжылдық шығармашылық еңбегіңіз мол жемісін беріп, әр жылдары жарық көрген кітаптарыңыз ұлттың рухани мұрасының алтын қорын толықтырды», — делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

 

Қала басшылығының атынан Абзал Нүкенов мерейтой иесіне көпжылдық еңбегі үшін шынайы ризашылық білдірді. Ол Марфуға Айтқожинаның шығармашылығы ұлттық құндылықтарға қызмет етудің үлгісіне айналғанын, ал поэзиясы ақынның азаматтық ұстанымын айқын танытатынын атап өтті.

Марфуға Айтқожинаның есімі қазақ әдебиетінің тарихында айрықша орын алады. Оның шығармалары ұлттық поэзияның алтын қорына еніп, оқырман сүйіспеншілігіне бөленді және бірнеше буын үшін рухани бағдарға айналды. Ол ондаған жыл бойы қазақ поэзиясының дамуына, мәдени мұраны сақтауға және қоғамның рухани құндылықтарын нығайтуға зор үлес қосып келеді.

Алдыңғы
В Алматы дети могут бесплатно заниматься в спортивных школах
Келесі
В Алматы поздравили с 90-летием Марфугу Айткожину

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу