Алматының Білім басқармасы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды, - деп хабарлайды alnews.
Ынтымақтастық орнатылған жоғары оқу орындарының қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, SDU University, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті және De Montfort University бар.
Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – Алматы мектептерінің өзекті қажеттіліктерін ескере отырып, педагог кадрларды даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ жас мамандардың кәсіби қалыптасуы мен жұмысқа орналасуына қосымша мүмкіндіктер жасау.
Меморандумдар аясында болашақ педагогтерді даярлау сапасын арттыруға, студенттердің педагогикалық практикадан өту және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін кеңейтуге, түлектерді қаланың мемлекеттік білім беру ұйымдарына жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар мектеп оқушыларымен бірлескен кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу, ғылыми-зерттеу және әдістемелік жобаларды жүзеге асыру, педагогтердің кәсіби құзыреттерін арттыру бағытында бірлескен жұмыстар жүргізіледі.
Жаңа серіктестік жоғары және орта білім беру жүйелері арасындағы байланысты нығайтып, болашақ мұғалімдер үшін «жоғары оқу орны – практика – жұмысқа орналасу – кәсіби даму» бағытындағы түсінікті кәсіби траекторияны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл Алматы үшін білім беру ұйымдарының желісі кеңейіп, білім беру инфрақұрылымы жаңарып жатқан қазіргі кезеңде ерекше маңызды. Жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық мектептерді білікті мамандармен қамтамасыз етіп қана қоймай, жастар арасында педагог мамандығының тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді.