Алматыда болашақ аналарға арналған жаңа орталық ашылды

Алматыда Қалалық перинаталдық орталықтың базасында қауіп тобындағы жүкті әйелдерге арналған клиникалық-диагностикалық орталық жұмысын бастады, - деп хабарлайды alnews.

Мұнда жүктілігі асқынған, қосымша аурулары бар және акушерлік асқынулар қаупі жоғары әйелдер амбулаториялық жағдайда қажетті тексеруен өтіп, мамандардың кеңесін ала алады. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері хабарлады.

Клиникалық-диагностикалық орталыққа жүкті әйел тіркелген емханасының жолдамасымен келеді. Медициналық көмек МӘМС аясында тегін көрсетіледі.

Жаңа орталықтың ашылуына Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысты.

 

«Жаңа орталық қауіп тобындағы жүкті әйелдерге мамандандырылған көмекті амбулаториялық кезеңнен бастап қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Ықтимал асқынуларды дер кезінде анықтап, ана мен баланың жағдайын тұрақты бақылау және қажет болған жағдайда жедел шешім қабылдау маңызды. Бұл жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру жолындағы тағы бір қадам», – деді Марат Пашимов. 

 

Қалалық перинаталдық орталық – Алматыдағы үшінші деңгейлі акушерлік көмек көрсететін ірі медициналық ұйымдардың бірі. Мұнда жыл сайын 9-10 мыңға жуық әйел босанады. Орталық мамандары жүктілігі асқынған әйелдерге медициналық көмек көрсетіп, дене салмағы өте төмен болып туған нәрестелерге күтім жасайды.

Жаңа орталық заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған. Мұнда МРТ, сараптамалық деңгейдегі УДЗ, кольпоскопия және КТГ аппараттары бар. Сонымен қатар зертханалық қызмет көрсетіледі. Алматы қаласы әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен биыл компьютерлік томограф орнату жоспарланып отыр.

Жүкті әйелдерді акушер-гинекологтармен қатар генетик, терапевт, офтальмолог және невролог қабылдайды. Осылайша болашақ аналар бірнеше маманның кеңесін алып, қажетті тексерулерден бір жерде өте алады.

Орталықтың жұмысы қауіп тобындағы жүкті әйелдерді бақылауды күшейтіп, ықтимал асқынуларды ерте анықтауға және қажетті медициналық көмекті амбулаториялық кезеңде дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді. 

Бұл Алматыда қауіп тобындағы жүкті әйелдерге арналған екінші клиникалық-диагностикалық орталық. Алғашқысы бұған дейін Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында ашылған.

Алдыңғы
В Алматы прошел общегородской субботник в рамках акции «Таза Қазақстан»
Келесі
В Алматы открыли новый центр для будущих мам

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу