Алматы қаласы Мәдениет басқармасы қаламыздың өмірін заманауи шығармашылық форматта танытатын талантты авторларды анықтау және қолдау мақсатында «Аспан таулы Алматы!» республикалық бейнеконтент байқауын жариялайды, - деп хабарлайды alnews.
Байқау Алматының өзіндік тарихын, болмысын, бүгінгі тынысын, мәдениетін, сәулетін және табиғатын бейнеконтент арқылы көрсетуге және дәріптеуге бағытталған. Байқауға қатысушылар әсем қаланың көпшілікке таныс қырларымен қатар, күнделікті өмірден байқала бермейтін ерекшеліктерін де өз шығармашылық көзқарасы арқылы ұсынып, дода жеңімпазына айналу мүмкіндігіне ие болады.
Байқауға Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтары қатыса алады. Қатысушылардың тұрғылықты жеріне, кәсіби мамандығына немесе қызмет саласына шектеу қойылмайды. Ұсынылатын материалдар қатысушының өз авторлық жұмысы болуы, байқау басталғанға дейін басқа байқауларда жүлделі орындарға ие болмауы, сонымен қатар бұрын әлеуметтік желілер мен бейнехостингтерге жүктелмеген болуы қажет. Бейнеконтент ұзақтығы – 30 секундтан 2 минутқа дейін.
Байқауға қатысу үшін өтінім мен бейнематериалдарды aspantaulyalmaty@gmail.com электронды мекенжайына жіберу керек.
Қатысуға келіп түскен жұмыстарды шығармашылық индустрия, медиа және мәдениет саласының мамандарынан құралған сараптамалық комиссия мен қазылар алқасы бағалайды. Қазылар құрамына режиссерлер, продюсерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері, медиа саласының кәсіби мамандары, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді.
Жұмыстарды бағалау кезінде ең алдымен авторлық идеяның өзіндік ерекшелігіне, тақырыпты ашу тәсіліне және бейнематериалдың көркемдік шешіміне назар аударылады. Сонымен қатар жұмыстың мазмұндық тереңдігі, визуалды тілі, режиссерлік және монтаждық шешімдері, техникалық сапасы, сондай-ақ көрерменге эмоционалдық әсері ескеріледі.
Байқау жеңімпаздары 2026 жылғы қыркүйекте Алматы қаласы күніне арналған іс-шара аясында жарияланып, марапатталады.
Байқаудың жалпы жүлде қоры 7,5 млн теңгені құрайды:
* І орын – 3 000 000 теңге;
* ІІ орын – 2 000 000 теңге;
* ІІІ орын – 1 000 000 теңге;
* бес ынталандыру сыйлығы – 300 000 теңгеден.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған бейнематериалдар арнайы іріктеліп, ұйымдастырушылардың ақпараттық және коммуникациялық алаңдарында жарияланады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алматы қаласы күніне арналған салтанатты марапаттау рәсіміне шақырылады.
«Аспан таулы Алматы!» байқауы қаланы жаңа қырынан көрсететін авторлық жұмыстардың пайда болуына мүмкіндік беріп, қазақстандық бейнеконтенттің дамуына үлес қосуды көздейді. Жоба арқылы жас авторлар мен тәжірибелі шығармашылық мамандардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа идеялардың қалыптасуына және Алматының мәдени әрі қалалық болмысын заманауи визуалды форматта танытуға жол ашылады.
Байқауға қатысу үшін толық ақпаратты төмендегі сілтеме бойынша біле аласыздар:
https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-madeniet/documents/details/1056278?lang=kk