Алматыда 2026 жылдың басынан бері қаланың әлеуметтік, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Бірінші жартыжылдықта білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту бағыттарын қамтитын 10 әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл туралы Алматы қаласының Құрылыс басқармасының өкілдері айтты.
Жаңа нысандардың басым бөлігі білім беру саласына тиесілі. Атап айтқанда, Зерделі шағынауданында 550 орындық мектеп, Шұғыла шағынауданында 340 орындық мектеп пен жатақхана, Құрамыс, Жас Қанат және Қалқаман шағынаудандарында жалпы сыйымдылығы 820 орындық үш балабақша, сондай-ақ Саялы шағынауданында Даму және шығармашылық орталығы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, №10 бөбекжай-балабақша қайта жаңғыртылып, Бостандық ауданындағы Орбита-4 шағынауданында орналасқан бөбекжай-балабақша ғимараты сейсмикалық тұрғыдан күшейтілді.
Денсаулық сақтау саласында Медеу ауданында жедел медициналық жәрдем қосалқы стансасы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Алмалы ауданындағы Абылай хан көшесінде орналасқан Мемлекеттік кірістер департаменті ғимараты қайта жаңғыртудан өтті.
Тұрғын үй құрылысы аясында Қалқаман-2 шағынауданындағы халыққа қызмет көрсету нысандары бар көппәтерлі тұрғын үйлердің алғашқы кезеңі аяқталды.
Алматы қаласы Құрылыс басқармасы өкілдерінің мәліметінше, аталған жобаларды жүзеге асыру білім беру, денсаулық сақтау және мектепке дейінгі тәрбие беру нысандарымен қамтылу деңгейін арттыруға, жаңа оқушы және мектепке дейінгі орындар ашуға, сондай-ақ, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымының қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік берді.